Шаршы алаң сыртында – қазақ және өзбек текетіресі

AIBA презиенті сайлауына Серік Қонақбаев пен Гафур Рахимов түсетін болды.

02 Қараша 2018 09:43 Автор: Маруан Түсіп
Шаршы алаң сыртында – қазақ және өзбек текетіресі  , AIBA, президент, сайлау, Серік Қонақбаев, Гафур Рахимов
Фото: kfb.kz

Бүгін Мәскеуде Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) Конгресі өз жұмысын бастады. Ал ертең, яғни 3 қараша күні, президент сайлауы өтіп, аталмыш ұйымның жаңа басшысы белгілі болады. Сайлауға екі үміткер түсіп отыр. Олар – қазақ Серік Қонақбаев пен өзбек Гафур Рахимов.

«Ауылдары аралас, қойлары қоралас» екі елдің боксшылары арасындағы бәсекелестік онсыз да шектен тыс жоғары болатын. Енді президентік «таққа» талас басталып, екі елдің бокс саласындағы қайраткерлері «қырық пышақ» болып жатыр. Бұлай деуіміздің де өзіндік себебі бар.

Дәл қазір AIBA-ны Г.Рахимов басқарып отыр. Халықаралық бокс федерациясы былтыр қараша айында Чинг-Куо Вуды отставкаға жіберіп, тізгінді вице-президент Франко Фальчинеллиге уақытша ұстатқан. Бірақ жыл басында (2018 жылы қаңтарда) кезектен тыс Конгресс өткізіліп, Гафур Ахмедович AIBA президенті міндетін атқарушы тұлға ретінде бекітілді.

Сол кезде президент сайлауы 3 қарашаға белгіленген-ді. Ал 23 қыркүйекке дейін үміткерлер тіркелуге тиіс болатын. Алайда AIBA, дәлірек айтқанда, оның Сайлау комиссиясы Серік Қонақбаевты президент сайлауына тіркемей қойды. «Өтінішін (20 мемлекеттің қолдау көрсеткен құжаттарын) бірер сағат кеш өткізді, үлгермеді» деген сылтауды көлденең тартып, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса да» деген мәтелдің керін жасады.

Бірақ Қазақстан бокс федерациясы мен Серік Қонақбаев AIBA-ның бұл әділетсіздігі мен берекетсіздігіне көне қоймады. Бірден Лозаннадағы спорттық Төрелік сотқа шағымданып, жеңіп шықты. 30 қазан күні CAS шешімі шығып, Төрелік сот AIBA-ны Серік Қонақбаевты сайлауға қатыстыруға мәжбүрледі. Сонымен ресми үміткер – екеу.

Дәл қазір AIBA құрамына әлемдегі 195 мемлекеттің ұлттық федерациялары кіреді. Енді көпшілікті «Сайлау қалай өтер екен» деген сауал мазалауда. Осы елдердің өкілдері қазіргі басшыларының ығына жығыла ма, әлде бокстың болашағын ойлай ма? Бұлай дейтін себебіміз, Халықаралық Олимпиада комитеті AIBA-ны Гафур Рахимов басқарғанын хош көрмейді.

Жақында Халықаралық Олимпиада комитетінің Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Пакеретт Жирар Заппелли «AIBA президенті Гафур Рахимов болса, бокстың 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасынан шығарылып тасталуы әбден мүмкін» екендігін айтып, ескерту жасаған. Бұл ретте, ақпан айында АҚШ қаржы министрлігінің посткеңестік трансұлттық қылмыстық топқа қарсы санкция жариялағандығы, сол тізімге Рахимовтың да іліккендігі көлденең тартылған болатын.

Сонымен ертең не болар екен?! Баз біреулер Қонақбаевтың осыдан 38 жыл бұрын Мәскеу төріндегі шешуші жекпе-жегінде ұтылып қалғандығын еске салуда. Иә, Серік Керімбекұлы 1980 жылғы Олимпиада ойындарының финалында солақай саясаттың құрбаны болған. Енді олай бола қоймас, деп ойлаймыз.

Сөз соңында естеріңізге сала кетейік, Серік Қонақбаев 2010 жылдан бастап, AIBA Атқару комитетінің мүшесі болған. 2014 жылдан бері AIBA-ның вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті. 1992 жылдан бастап, 2007 жылға дейін Қазақстан кәсіпқой боксы федерациясын басқарған. Күні кеше әйгілі боксшы болған, бүгінде қоғам және спорт қайраткері.  

Маруан Түсіп