Шаруаларға арналған дизель отыны басқа салалар есебінен арзан болып отыр

Қожалықтарға арналған арзан солярка оны нарықтық бағамен қайта сатуға итермелейді.

09 Тамыз 2018 17:12 Автор: Данияр Сериков
Шаруаларға арналған дизель отыны басқа салалар есебінен арзан болып отыр, Дизель отыны, солярка, ауыл шаруашылығы, АӨК, ЖЖМ

Қазақстандағы дизель отынын фермерлерге нарықтық қағида бойынша жеткізу қажет. Аbctv.kz-ке мұндай пікірді мұнай-газ саласындағы сарапшылар айтты.

«Менің ойымша, елдегі дизель отыны нарығындағы бағаның қалыптасуы нарықтық қағида бойынша жасалуға тиіс. Әйтпесе, мұнай-газ саласы есебінен мүлдем басқа салаға қолдау жасап отырғандай боламыз. Елімізді дамыту үшін ауыл шаруашылығы өте маңызды, бірақ бұл жерде нарықтық қарым-қатынасты ұстанғанымыз дұрыс деп ойлаймын», – деді Орта Азия және Каспий өңірі бойынша Argus Media агенттігінің вице-президенті Тимур Ілиясов abctv.kz-пен телефон арқылы болған әңгімеде.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов та осындай пікірді айтып отыр.

«Ауыл шаурашылығы тауарын өндірушілерді қолдау тәжірибесі – өте күрделі, көп қырлы шаруа. Бір жағынан, расында да, еліміз өзінің ауыл шаруашылығын қолдауға тиіс. Бірақ, барлық ауылшаруашылығы саласы мемлекеттік субсидиялар, яғни дизель отыны, басқа да аграрлық субсидиялардың арқасында өмір сүретін болса, онда бұл мүлдем нарықтық болмай, бәсекегеқабілетті болмай қалады. Мысалы, ауылшаруашылығы тауарын өндіруші өзі сияқты дизель отынын қолданатын тау-кен-металлургиялық кәсіпорнынан несімен ерекшеленеді? Олар бірдей міндетті атқарып отыр, сондай-ақ олар да елдің экономикасын дамытуда. Олай болатын болса, онда барлығын бірдей қолдау керек немесе ешкімге қолдау көрсетпеу керек», – деді ол abctv.kz-ке білдірген пікірінде.

Еске салар болсақ, Қазақстан фермерлер одағы таяу күндері дизель отынының қымбаттағанына шағымданған болатын. Шағын ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің айтуынша, мемлекет оларды жыл сайын төмендетілген бағамен 1 млн тоннаға жуық соляркамен қамтамасыз етуге тиіс .

Отын-энергетикалық кешен өкілдерінің ақпары бойынша дизель отынының бағасының қазіргідей өсуіне бірнеше фактор әсер еткенін атап кету керек. Біріншіден, тамыз айында Атырау МӨЗ-інде мұнайды өңдеудің бір тоннасы 31,4 мың теңгеден 37,4 мың теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар маусым айынан бастап дизель отынына арналған акциз мөлшерлемесінің бір тоннасы үшін 540 теңгеден 9,3 мыңға дейін немесе бір литрі үшін 0,4 теңгеден 7,5 теңгеге дейін өскен. Жиын-терім науқаны алдында, сондай-ақ темір жол мен транзиттік тасымалдаудың өсуінен ЖЖМ-ға деген маусымдық сұраныс күрт өсіп кеткен. Оған қоса, соңғы айларда мұнай бағасы салыстырмалы түрде жоғары болды да, бұл Ресейдегі дизель отынының бағасына әсер етті. Қазақстанға солярка жеткізу әлі күнге дейін шекаралас өңірлерде Ресейге тәуелді.

«Дизель отынына қатысты жағдай алдында айтылғанға сай болып отыр, яғни жаңғыртудан кейін қазақстандық МӨЗ-дер ауыр мұнай өнімдерін, дизель отынын, мазутты аз шығарады, ал бұл оның бағасына әсер ететін болады деп болжанған. Өйткені МӨЗ-дер қымбат Еуро-4, Еуро-5 бензинін шығаруға көшеді. Осыған сай дизель отынының стандарты жоғарылап, қымбат тұратын болады», – деді Олжас Байділдинов abctv.kz-ке берген электронды түсініктемеде.

Үлкен дисконттың қызықтыруы
Энергетика және ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын егін салу мен жинау үшін шаруаларға қажеті дизель отынын жеткізудің кестесін жасайды. Шаруаларға бір жылда шамамен 750-760 мың тонна дизель отыны қажет, бұл Қазақстандағы жыл сайын қолданылатын дизель отыны көлемінің 16%-ға жуығын құрайды.

Көктемде АШМ энергетика министрлігімен бірлесіп жеткізушілермен келіскен болатын. Олар өңірлік операторларды шаруаларға арналған 375 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз ету керек болатын. Ол кезде ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге арналған дизель отынының бір тоннасы 156-161 мың теңге немесе тұтыну өңіріне дейін тасымалдау құнын есептемегенде бір литрі 129-133 теңге болған. Ал бұл кезде МӨЗ-дегі дизель отынының нарықтық бағасы бір тонна үшін 180-185 мың теңге немесе бір литрі 149-154 теңге болған, яғни егін салу кезінде фермерлерге арналған жеңілдік нарықтық бағадан шамамен 15% болған.

Қазір дизель отынын жеткізушілер егін жинауға МӨЗ-ден шамамен 394 мың тонна бөліп отыр. Қазіргі нарықтық баға бір тонна үшін 210 мың теңге немесе бір литрі 170 теңге тұрғысынан алғанда, агарарларға арналған дисконттық баға бір тонна үшін шамамен 180-181 мың теңге немесе бір литрі 146-147 теңге шамасында болып отыр. Бұл шаруаларға арналған 15% жеңілдік сақталып отырғанын көрсетеді.

Жеңілдетілген бағамен берілетін дизель отынын ұсынудағы ең басты мәселе оның жартысынан көбі аграрларға дисконттық бағада жетпеуінде. Сараптамаға сәйкес, өңірлік операторлар арқылы шаруаларға бөлінген отынның шамамен 20-25%-ы нарыққа түседі де, шаруаларға нарықтық баға бойынша сатылады.

Тимур Ілиясовтың айтуынша, шаруаларға арналған солярканың ұсынылған бағасы мен елдегі дизель отынының бағасы арасындағы айырмашылық- өңірлерде арзан ЖЖМ бөлетін операторлардың аграрларға бөлінген дизель отынын қалыпты бағадан қымбатырақ сатуға итермелейді.

«Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер үшін ұсынылған баға зауыттан ҚҚС-ты есептегенде, 180 мың теңгені құрайды. Дизель отынының нарықтық бағасы бір тонна үшін 215-220 мың теңге. Айырмашылық көзге ұрып тұр. Содан барып, нарықтың кейбір ойыншылары нарықтық бағамен немесе одан сәл төмен бағада сатуға қызығады», – дейді Тимур Ілиясов. Бұған дейін abctv.kz-тың материалында жазылғандай, АШМ арзандатылған дизель отынының бөлінуін жиналған егістерді ғарыштық мониторинг арқылы қадағалауды ұсынып отыр. Мұндай шараны энергетика министрлігі де қолдап отырғанын жақында вице-министр Болат Ақшолақов та айтты. «Қазақстан. Астық және майлы дақылдар» зерттеу бюросының басшысы Виктор Аслановтың пікірінше, жеңілдетілген ЖЖМ-ды бөлуді бақылау жүйесі көп деңгейлі болуы мүмкін.

«Бұл жерде әңгіме тек мәліметтерді жариялауға ғана қатысты емес, арзандатылған ЖЖМ-ды берудің барлық жүйесін қандай да бір сайт арқылы беруге көшіру жайында болып отыр. Декларация деңгейінде іске асыру тартымды болмақ. Бірақ та операторлардың өздерінің ішкі ережесі бар екенін ұмытпаған жөн. Мен бір компанияға енгізілген жоспар туралы біренеше рет айттым. Фермердің 37 тонна арзандатылған ЖЖМ алуға құқы бар. Оның өзінде 20 тонналық бензавозы бар. Осы көлікпен ол оператордан алғашқы 20 тоннаны еш кедергісіз алып кетеді. Енді қалғанын алуға келгенде оған «біздің ішкі ережемізге сәйкес бензовозға толығымен құюымыз керек, сондықтан сізге біздің бензовозды біздің тарифпен жалға алу керек» дегенді айтады. Содан қалған 17 тоннаны тап фермердің 20 тонналық бензовозындай көлікке құйып, фермерге апарады. Осыдан кейін «олардың тарифіне сәйкес» төлем жасағанда арадағы арзандатылған бағадан пайда болмайды. Сол себепті арзандатуға арналған құқықты беру – мәселенің жартысы ғана», – деді ол abctv.kz-тың дизель отынын жеңілдетілген бағамен алатын барлық шаруалардың тізімін жарияласа қалай болады деген сауалына жауап бергенде.

Тимур Ілиясовтың айтуынша, жеңілдетілген солярканы қымбат бағамен сатуға деген қызығушылық үнемі болатын жәйт және бөлінген дизель отынының бұдан кейінгі жағдайын бақылау да қиын болады, өйткені нарықтағы әрбір ойыншыны бақылау мүмкін емес. Сондықтан баға бірдей болса, пайда табуға деген қызығушылық болмайды деп есептейді.

«Дизель отынының қайда кеткенін, кім сатқанын бақылау мүмкін емес. Ғарыштан бақылау туралы ештеңе айта алмаймын, ғарыштан бақылау ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге арналған дизель отынын нарықтық бағада сатқаннан қымбатқа шығуы мүмкін», – деді ол abctv.kz-пен телефон арқылы сөйлескенде.

Қазақстандағы мұнай өнімдері нарығының сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, жеңілдетілген отынды бөлу тетіктері үнемі қиындық тудырады.

«Бұл үнемі ашық іске асырылған емес. Біреулерге қолдау көп көрсетілсе, біреулерге аз көрсетіледі. Бұл қандай өлшем бойынша іске асатыны да түсініксіз. Субсидияларды, жеңілдетілген бағаны жойып, бірте-бірте нарықтық бағаға көшетініміз анық. Өйткені ЕАЭО-ға мүше елміз, нарығымыз бен шекарамыз ашық болады. Қандай да бір жеңілдік пен бағадағы тепе-теңдіксіздік тапшылықты туындатады», – деді сарапшы.

Осы арада көршілес Ресей аграларға арналған жеңілдетілген бағамен берілетін отын тәжірибесінен 2011 жылы бас тартқанын атап кету керек. Ресей үкіметі делдалдық құрылымның адал жұмыс істемеуінен ауыл шаруашылығын қолдаудың басқа құралдарына мән беруді жөн көрді. Виктор Аслановтың айтуынша, Қазақстанда да қазір осындай беталыс байқалады.  

«Шын мәнісінде, жыл сайын қанша отын арзандатылатынын және оны нақты кім сатып алатынын білмейміз. Осыны үнемі ойлаймын, бірақ бір қолға алуға мүмкіндік болмай қойды.Ал шаруалар мен басқа дереккөздерден алатын инсайдерлік ақпарат «арзандатылған отынға» қатысты әңгіменің барлығының артында арам пиғыл жатқанын көрсетеді. Бұл жерде барлығы біреулердің, компаниялардың мүддесі үшін жасалғанын көруге болады. Сонымен қатар аяқ астынан қандай да бір ережені ойлап тауып, оған қатысты түсініктемені де дайындап қояды. «Астық және майлы дақылдар» зерттеу бюросының мониторингі нәтижесінде арзан бағамен сатылатын отыннан бас тартқан шаруалардың пікірі бар. Шындығында бас тарта ала ма? Бұл жағдайда жоспар орындала ма? Егер орындалатын болса, онда арзан бағамен берілетін отынды кім алады? Осындай сұрақтың бәрі бізді алушыларға қатысты мәліметтерді жариялауға әкеледі. Осы уақытқа дейін мәліметтердің жарияланбауы және билік тарапынан ЖЖМ-ға қатысты жағдайды нақты сараптаудың жоқтығы көңілге күдік ұялатады», – деп түйіндеді ол.

Виктор Аслановтың мәлімет бойынша АӨК-ті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында өсімдік шаруашылығына субсидия беру құрылымының төмендегі диаграммасы қолданылған.

«Бірінші, арзандату осы шамамен жасалады, онда нақты сома бар. Алайда бізге үнемі келісім бар екені, ешкім шығын көрмейтінін айтады. Екіншісі, осы шығындардың динамикасына қарайық, 2014 жылдан бастап шығын қысқарған, 2017 жылы рекордтық көрсеткіш көрсеткен. Осыған қарағанда, фермерлер шынымен де арзандатылған бағамен берілетін отыннан бас тартатын сияқты», – деді ол.

Ал Олжас Байділдиновтың айтуынша, мемлекет пен ұлттық мұнай-газ компанияларының экономикалық шектеулерге байланысты ішкі нарықтағы дизель отынының бағасын субсидиялауға мүмкіндігі жоқ.

«Бүгінгі күні мемлекетте ішкі нарықтағы қандай да бір отынды тікелей интервенциялау тетігі қарастырылған, оған қазір мұнайды мұнай өңдейтін зауыттарға мұнай компаниялары өңдеу негізінде өздері жеткізетіні, содан кейін олар дайын мұнай өнімін сататыны немесе басқа біреуге қайта сататыны себеп. Бұл нарық және экспорттық бағамен арада айырмашылық бар екенін білесіздер. Экспорттық баға әлемдік бағаның жоғары болуынан және бағамның өсуінен 2-2,5 есе қымбат. Яғни ішкі нарыққа мұнай өнімі ретінде жеткізгенше, экспортқа шығарған екі есе тиімді. Мемлекет бұған ештеңе істей алмайды, өйткені оның өзінің мұнайы мен мұнай өнімі жоқ. Оның барлығы ұлттық компанияларға тиесілі, ал ұлттық компаниялардың жағдайы қазір қиын. Қарыздары көп, сондықтан ішкі нарықты ұзақ субсидиялай алмайды, олар қолдан келгенше көмек жасады», – деп атап кетті сарапшы.

Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Серіков