Шау тартқан қоғам

13741

Тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы артып бара жатқан Жапонияда, жұмысшы тапшылығы өзекті мәселеге айнала бастады.

Шау тартқан қоғам

Токиодағы Шинтоми қарттар үйі сырт көзге қарапайым ғана көрінгенімен, оның қамқоршылары ерекше. Мұнда аталар мен әжелерге адал серік бола білген бір роботтың есімі – Пеппер. Ол қарттарға жаттығу жасатып, бойға қан жүгіртуді үйретеді. Ал, көңілі бір сәтке көтерілген адамдар аппақ гуманоидтың айтқанын орындап, музыканың ырғағымен қолдарын көтереді, жұдырықтарын түйеді. Пеппер жүре де, сөйлей де алады. Осы мекемеде ол тәрізді қызметкер роботтардың 20 моделі бар екен.

"Мен олармен тілдесе аламын. Гуманоидтармен әңгімелескенде, артық кетпесем екен деп алаңдамаймын. Егер, жанымда кәдімгі адам тұрса, бұл кім деп ойланар едім ғой. Қазір жалғызбасты кісілер көбейіп келеді. Ондай жандардың қасында сөйлесетін біреу жүргені дұрыс. Сонда өмір қызығырақ болады",  – дейді "Рейтердің" тілшісіне берген сұхбатында 84 жастағы Кадзука Ямада.

Шинтомиде 40 шақты қария тұрады. Оларға көмекке роботтарды жіберу туралы шешім 2013 жылы Токио әкімшілігі тарапынан қаржы бөлінгеннен кейін қабылданды. Ал, жапон үкімет мұндай "механикалық адамдардың" көмегіне бекер жүгініп отырған жоқ. Өйткені, қоғам қартайған сайын, елде жұмыс күші азайып барады.

Қарттарды тірі адамның көмегінсіз күту мүмкін емес көрінер. Бірақ, Жапонияда көпшілік бұлай есептемейді. Өйткені, мұнда жергілікті ақпарат құралдары роботтарды пайдалы әрі досқа адал дүние етіп жиі насихаттайды.

Дегенмен, гуманоидтарды болашақта қарттардың жәрдемшісі етуде бірқатар кедергілер туындауы мүмкін. Мысалы, қазірдің өзінде роботтарды мұндай іске тарту қымбатқа түсіп отыр, роботтардың қауіпсіздігіне кепілдік жоқ және оларға табиғи достық пейіл берілмеген деген пікірлер жиі айтылып жүр.

Жұмыс күші әрі экспорттық табыс көзі
2025 жылға қарай Жапонияда қарттарға қарайтын жұмыс күші 380 мың адамға кемуі мүмкін. Сондықтан, жергілікті үкімет роботтарды дамытуға қазірден бастап қаражат бөліп отыр. Сондай-ақ министрлер кабинеті бұл қызметке басқа мемлекеттерден адам тартуға күш салып жатыр. Бірақ шетелдіктердің көбі жапон тілін үйрену тәрізді емтихандардан өте алмағандықтан, былтыр Жапонияға жұмыс іздеп барған 18 адамға ғана күтуші визасы берілген.

Сонымен қатар, Токио роботтарды көптеп шығарып, оларды молырақ экспорттаудан да үмітті. Өйткені, Жапония тәрізді Германия, Қытай және Италия да таяу жылдары демографиялық дағдарысқа душар болады деген болжам бар.

Жапонияның экономика, сауда және индустрия министрлігінің роботтық саясат кеңсесінің директоры  Атсуши Ясуданың ойынша, көмекші роботтар экспорты – ел үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай гуманоидтардың қызметіне қызығушылық білдіріп, былтыр Шинтоми қарттар үйіне Қытай, Оңтүстік Корея, Нидерланд сияқты елдерден 100-ден астам топ барған.

Түрмелерде 60-тан асқандар көбейді
Жапония – қартайып бара жатқан қоғам. Қазір бұл мемлекетте жасы 65-ке келгендер мен одан асқандар саны 27, 2 пайызға жетіп отыр. 2065 жылға қарай бұл жастағы азаматтардың қатары 40 пайызға жақындайды деген болжам бар.

Қазір ел тұрғындарының саны – шамамен 127 миллион адам. Егер қоғамның қартаю процесі әрі қарай жалғаса беретін болса, 40 жылдан кейін жапондар 88 миллионға дейін азаюы ықтимал.

Елдің мұндай жағдайға ұшырауына балалар санының кемуі себепші. Былтыр Жапония туу көрсеткіші бір ғасырдан бергі ең төменгі деңгейге дейін түскен. Ал, жапон түрмелерінде жасы 60-тан асқандар қатары соңғы 10 жылда 7 пайызға артып, егде жастағылардың үлесі темір тордың ар жағында отырғандардың 19 пайызына жетті.

"Роботтар бәрібір адамның орнын баса алмайды"
Қарттар көбейген сайын күтуші роботтарға сұраныс артпаса, кемімек емес. Осындай аппараттар бүгінде мүгедек жандарға да қажет. Ал, 2035 жылы халықтың үштен бірі 65 жастан асқанда, "әлеуметтік" роботтар өндірісіндегі капиталдың көлемі қазіргі 19,2 миллион доллардан 4 миллиард долларға жақындауы мүмкін.

Жапонияның еңбек министрлігінің мәліметінше, өткен жылдың наурыз айына дейін бүкіл ел аумағында 5 мыңдай зауыт-фабрикаға роботтарды енгізуге 50 миллиондай доллар жұмсалған. Алайда, жапон үкіметі мұндай техникада бәрібір  адамға тән жанашырлық пен сезімнің болмайтынын мойындап отыр.

"Роботтар ауыр затты көтеруге, жылжытуға, бақылауға қауқарлы. Бірақ, олар адамның орнын бәрібір баса алмайды. Дегенмен, мұндай технология уақыт пен күш-қуат үнемдеуге қажет-ақ", – дейді Атсуши Ясуда.

Қымбат шешім
Шинтомиде Паро есімді гуманоид та бар. Өнертапқыш Таканори Шибатаның сөзінше, оны жасауға 10 жыл уақыт пен бюджеттің 20 миллион доллар қаражаты шығындалған. Бұндай роботтың 2 мыңдай данасы әлемде, 3 мыңы Жапонияда қолданылып отыр. Құны Жапонияда – 3800 доллар, Еуропада – 5000 еуро.

Жапонияда Шинтоми қарттар үйі тәрізді өзге де әлеуметтік мекемелер осындай "механикалық адамды" орталық және жергілікті үкіметтің субсидиясының көмегімен қолданып келеді. Алайда Шинтомидегі роботтар қызметкерлерге кететін шығын мен уақытты үнемдеуге әзірге септігін тигізе қоймаған.

"Олардан тиген пайда мынау: роботтар персоналдың да, қарттардың  да рухын көтеріп, жанын тыныштандырып, қолдау көрсете біледі", – дейді Шинтоми үйінің басшысы Кимия Ишикава.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу