Шегірткемен «шайқасқа» дрон қолданылады

Биыл үйірлі шегірткемен күресуге 1,3 млрд теңге бөлінді.

23 Шілде 2018 19:12 Автор: Фархат Әміренов
Шегірткемен «шайқасқа» дрон қолданылады,  Шегірткемен шайқас , үйірлі шегіртке, Ажар Қаджыбекова, италияндық прус

Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткемен күресуге жаңа технологияларды пайдалануды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, дрондар мен өздігінен басқарылатын құрылғыларды қолданбақ.

«Біз техника бара алмайтын, адам аяғы жете бермейтін құм, өзен алқабы секілді жерлерді де тексеруге тиіспіз. Ол үшін дрондар мен өздігінен басқарылатын құрылғыларды пайдалануды жоспарлап отырмыз. Әрине оған қаржы керек. Бұл ретте біз құрылғыларды емес, дәл осындай қызмет түрлерін сатып алсақ дейміз», – деді агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің басшысы Ажар Қаджыбекова Астанада өткен брифингте.

Оның сөзіне сенсек, Қазақстанда өздігінен басқарылатын құрылғыларды өндірушілер баршылық. Алайда оларда шегірткемен күрес жүргізуге қатысты нақты есеп-қисап жоқ. Егер өндірушілер қызығушылық танытатын болса, ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп жұмыс істеуге әзір.

Мәселен ауыл шаруашылығы министрлігінің республикалық ғылыми-әдістемелік агрохимиялық зерттеулер орталығының жетекшісі Ерболат Бәжілжановтың сөзінше, азиалық шегіртке қамысты жерлерге жиналады.

«Қамыс өзеннің ортасында болуы мүмкін. Ал мұндай жерлерге адамдар бара алмайды. Тиісінше сол жердегі шегірткелерден келетін зиян да көп болуы мүмкін. Сондықтан адам қолы жете бермейтін мұндай аумақтарға өздігінен басқарылатын құрылғыларды пайдаланған жөн. Сондықтан біз келесі жылдың бюджеттік өтініміне дрондар мен өздігінен басқарылатын құрылғыларды енгіздік», – деді Ерболат Бәжілжанов.

Оның пікірінше, дрондар мен өздігінен басқарылатын құрылғыларды сатып алудың қажеті шамалы. Өйткені, тиімсіз.

«Шегірткемен күрес – маусымдық жұмыс. Аталған құрылғылар екі-үш ай ғана қолданылады да, қалған уақытта қаңтарылып тұрады. Сәйкесінше шығыны да көп болмақ. Сондықтан мұндай қызмет түрлерін көрсететін компаниялардың көмегіне жүгінген әлдеқайда тиімді. Бюджетке де салмақ түспейді», – деп толықтырды сөзін Ерболат Бәжілжанов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл зиянды организмдермен күрес шараларын ұйымдастыру үшін республика бойынша 3,57 млрд теңге бөлінген. Оның 1,3 млрд теңгесі үйірлі шегірткемен күресуге, ал 1,5 млрд теңгесі бидай ауруларына қарсы химиялық өңдеулер жүргізуге бағытталған. Шегірткелермен күреске қарсы шаралар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. 

Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының деректеріне сүйенсек, биыл 5,1 млн гектар жерге аса зиянды организмдер мен карантинді объектілер таралады деп болжанған екен. Оның ішінде үйірлі шегіртке 1,9 млн гектар жерге таралады деген қауіп бар.

Сондықтан дәл осы көлемдегі аумақта күрес шаралары жүргізілуде. Атап өтерлігі, әзірше егіс алқаптары зиянкестерден зардап шекпеген.

Үйірлі шегіртке егістік пен шабындықтың қас жауы саналады. Оның ішінде біздің елде италияндық прус, азиалық шегіртке және марокко шегірткесі көп таралған. Бұдан бөлек саяқ шегірткелердің де бар екенін еске сала кеткен жөн.

Фархат Әміренов