Шекара аймақтарындағы ұзын-сонар кезекке не себеп?

862

Қазақстан 5 мемлекетпен шекаралас, көлікпен жүріп өтетін барлығы 51 өткізу пункті бар. Күніне 250-ден астам көлік кіріп-шығады. Жүктеме жылдан-жылға өзгеріссіз қалғанымен, ұзын-сонар кезек мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Әсіресе, көктем мезгілінде жүргізушілер шекарада 2-3 күндеп күтуге мәжбүр.  

Шекара аймақтарындағы ұзын-сонар кезекке не себеп? Фото: Алматы облысы әкімшілігінің ресми сайты

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры Саудабаев Елдостың айтуынша дәл қазір шекара аймақтарында ондай проблема жоқ, бұған дейін болған кептеліске ақпараттың аздығы себеп болған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

"Өткізу пунктеріндегі ұзын-сонар кезек тасымалдаушылардың шекарадағы жағдайдан бейхабар болуынан туындайды. Мұндай жағдай өзге елдерде де кездеседі, сондықтан олар электронды кезек жүйесін енгізуді бастады. Біздің елдегі 10 өткізу пунктінде де электронды кезек жүйесі іске қосылды. Сол арқылы біз өткізу процесінің бастан-аяқ ашықтығын қамтамасыз еттік. Дәл қазір шекараларда кептеліс болып жатқан жоқ", — деп түсіндірді Елдос Ермағамбетұлы. 

Спикердің айтуынша, осы жылдың 1 маусымынан бастап электронды кезек жүйесін қолдану арқылы жүргізілетін өткізу процесін реттейтін заңнамалық актілер өз күшіне енді. Бүгінде 27 мыңнан астам адам электронды кезек жүйесін қолданып үлгерген, 90 мыңнан астам көлік шекара асты. 

Дегенмен электронды кезек жүйесі де мінсіз емес. Мысалы осы жылдың сәуір айында Қытай шекарасында жүк көліктері кезекте ұзақ тұрып қалған еді, прокурорлар оған дәл осы электрондық жүйенің кемшіл тұстары себеп болғанын айтқан еді. 

"Шекарадағы ажиотажға E-border бағдарламасының жұмыс алгоритміндегі кемшілік себеп болған, ол жеңіл көлік, ауылшаруашылығы машинасы және автобустардың тіркеу дерегін пайдаланып, кезектен орын "брондауға" мүмкіндік береді", — деп хабарлады Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.

Ақыры шекарашылар 16 сәуірден бастап E-border бағдарламасындағы тізімді пайдаланбайтын болды, себебі 80-ге жуық ауыр жүк көлігі жүргізушілері тасымалдау құнын жоғарылату үшін әдейі Қытайға өтпей уақыт созған. Осындай жағдайлардан кейін ғана уақыт шектеуі енгізілді, яғни жүк тасымалдаушылар шекара бекетінде 72 сағаттан артық тұра алмайды.

Одан бөлек өткен жылдан бастап барлық 10 өткізу пунктерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Өзбекстан тарапымен келісе отырып, "Капланбек" өткізу пункті жабылды. Қалған шекара бекеттері жөндеу жұмыстарына қарамастан, штатты режимде жұмысын жалғастырып жатыр, бірақ жеңіл автокөліктер қозғалысы шектелді. Саудабаев Елдос мұндай шектеулер кептелістің пайда болуына еш әсер етпейтінін айтады. 

"Жөндеу жұмыстарын жүргізу алдында біз Өзбекстан тарапымен келіссөздер жүргізіп, шекарадан өту шарттарын өзгерттік, өту барысын жеңілдеттік. Статистикаға назар аударсақ, құрылыс-монтаждау жұмыстарына дейін қанша көлік шекарадан өткен болса, сонша көлемде қазір де өтіп жатыр. Яғни жөндеу жұмыстары кезекке әсер етпейді. Жылдың бірінше тоқсанында Өзбекстанмен шекарада кептеліс болғаны рас, бірақ ол кездегі кезек көкөніс тасымалдау маусымымен тұспа-тұс келуімен байланысты. Жалпы Қырғызстан болсын, Өзбекстан болсын кептеліс көбіне 1-2 күнге ғана созылады", — деді берді спикер. 

Спикер сөзіне сенсек, барлық өткізу бекеттеріндегі құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады. Жоба нәтижесінде өткізу мүмкіндігі 8 есе артады, 1000 көліктен 10000-ға дейін. Құжаттарды рәсімдеу уақыты 2 сағаттан 25 минутқа дейін қысқарады деп күтілуде. 

Жалпы кедендік әкімшілендіру нәтижесінде 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында кеден заңнамасын бұзу фактілері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға көбірек тіркелген. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында мемлекет бюджетіне түсетін кеден төлемдерінің көлемі 1,9 трлн теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 21%-ға артық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу