Шектеулі шикізат кәсіпкерлікке кедергі келтіреді

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
3413

Біз тұрмыстық қалдықты есепке алуды, жинауды, сұрыптауды жән залалсыздандыруды меңгермегенбіз.

Шектеулі шикізат кәсіпкерлікке кедергі  келтіреді Фото: oraloniri.kz

Алматы облысының аумағына жыл сайын 800 мың тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Оның 350 мың тоннасы қалаға, қалғаны елді мекендерге тиесілі. Бүгінгі таңда облыста  жинақталған қалдық көлемі 8,4 млн. тоннаға жетіп отыр.

Еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтың тек 2%-ы ғана өңделеді. Ал 98%-ы  далада шашылып жатады. Себебі біз тұрмыстық қалдықты есепке алуды, жинауды, сұрыптауды жән залалсыздандыруды меңгермегенбіз.

Облыстық экология департаментінің дерегінше, 741 елді мекенде 513  заңдастырылған  күл-қоқыс полигоны бар. 1113,6  га жерді алып жатқан полигонға жылына  850  тоннадан  астам тұрмыстық қалдық төгіледі. Оны жинау, тасымалдау жұмысын облыстағы 17 мемлекеттік коммуналдық  және 20 жекеменшік кәсіпорын атқарады. Қазіргі кезде осы кәсіпорындар 254 елді мекендегі қоқысты ғана тасымалдап жатыр.

"Қоқыс тасымалдаушылардың жеткіліксіздігінен экологиялық жағдай ушығып тұр. Полигон тапшылығы да үлкен мәселе", – дейді облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Серік Қанапиянов.

Оның сөзінше, ҚР экологиялық  кодексінің  299-шы бабында  2-сыныпты  қауіпсіз, ірі, қатты тұрмыстық  қалдық  полигонына қойылатын негізгі талап тайға таңба басқандай жазылған. Дәл қазір бұл талапқа Қарасай, Іле, Талғар, Алакөл  аудандарындағы, Сарыөзек, Қарабұлақ кенттеріндегі, Ұзынағаш  ауылындағы  қатты  тұрмыстық  қалдықтар  полигондары ғана сай болып тұр.   

"Жүйелі қаржыландыру болмағандықтан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу мәселесі өзекті саналады. Тек медицина  қалдықтарын жоюды жүзеге асыратын  Іле  ауданы  мен Талдықорған  қаласындағы "Интермед"  ЖШС, қағаз  қалдықтарын өңдейтін  Қарасай  ауданындағы  "Қазақстан  қағазы"  АҚ,  шыны  сынықтарын шығаратын Іле  ауданындағы  "САФ" АҚ, пайдаланылған  аккумуляторларды  өндейтін Талдықорған  қаласындағы  "Қайнар  АКБ"  ЖШС сияқты санаулы мекемелер ғана өз қажеттіліктері үшін қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісімен айналысып отыр",  – дейді Серік Қанапиянов.

Ал талдықорғандық жеке кәсіпкер Гүлнұр Маратқызы басқаратын "ЭкоСервис-Арман" серіктестігінің тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыты шикізаттың тапшылығынан өндіріс ауқымын кеңейте алмай отыр.  "Құны  3 млн 200 мың долларды құраған зауыт қондырғысының идеясы италиянікі болғанымен, барлық жабдық Қытайда жасалды. Жоба инновациялық "Евро-4"  санатты экологиялық талаптарға сай болғандықтан,  шикізат қалдықсыз өңделеді. Зауыт резеңке, пластик, қағаз, медициналық қалдық өңдейді. Өңделген қалдықтың барлығы  екінші рет қолданысқа түседі. Тіпті қалдық өңдеу кезінде пайда болатын күйенің өзін баспахана бояуын шығаратын кәсіпорындардың қажеттілігіне жаратуға болады. Біз зауыттың өндіріс ауқымын ұлғайтуға ниеттеніп жүрміз. Алайда шикізат тапшылығын еңсере алмай отырмыз. Бұған қоса бізге билік тарапынан  ешқандай қолдау көрсетіліп жатқан жоқ", – дейді "ЭкоСервис-Арман" серіктестігінің директоры Гүлнар Мұратқызы.

Облыста тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау мен өңдеудің түйіні таяу арада тарқамайтын тәрізді. Бұл туралы тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында облыс басшысы Амандық Баталов та сөз қозғады.

"Облыста бірде-бір қоқыс өңдейтін зауыт жоқ", – деп кесіп айтты ол. Бұл сөздің қай бағытта айтылғанын түсінбедік. Бірақ бізге өңір басшысы Талдықорғанда  қоқыс өңдейтін зауыттың бар екенін, оның қиындықпен  бетпе-бет келіп отырғанын білуі керек қой деген ой келді.

Ашығын айтатын болсақ, күл-қоқыс  үйіндісі мен  полигондарға жеткізілген тұрмыстық қатты қалдықты өңдеуге болмайды. Оның пайдасынан зияны көп. Ал қоқыс жәшігін аударып-төңкеріп нәпақасын айырып жүргендердің жиған-тергені қалдық өңдейтін зауытқа қажет шикізатты қамдап бере алмайды.

Жаңа жылдан бастап Қазақстан Республикасының экологиялық кодексі мен "Қоршаған ортаны қорғау туралы" заңының кейбір тармақтары  күшіне енді. Оның ішінде қоқысты жинауға, сұрыптауға, залалсыздандыруға қатысты баптар бар. Онда әкімшілік жазадан қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейінгі жазалау түрлері қарастырылған. Бұл қоқысқа деген көзқарасты өзгерту қажеттігінің басты белгісі болса керек.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу