banner

Шенеуніктердің тендерлерден кәсіпкерлерді қалай "ұшыратыны" мәлім болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2545

Биылғы жылдың бел ортасына жетсек те, меморгандардың 30 пайыздан астамы әлі конкурс өткізбепті.

Шенеуніктердің тендерлерден кәсіпкерлерді қалай "ұшыратыны" мәлім болды

Бұл туралы үкіметтің бүгінгі отырысында жария етілді. Жиында үкімет мүшелері сатып алу саласындағы шаралар жайын қарады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов тендерлер кезіндегі басты түйінді атады: "Негізгі проблема – конкурстық құжаттамаға қатысты болып келеді. Заң талабы бойынша конкурсқа қатысушылардың құжаты жобалау-сметалық құжаттамаға толығымен сәйкес келуге тиіс. Бұл талап тапсырыс берушілерге формальды-үстірт белгілер бойынша өздеріне ұнамайтын қатысушыларды жолдан шығарып тастауына мүмкіндік береді. Мысалы, олар жобалау-сметалық құжаттамада "кран балочный" деп көрсете салады. Шынында, өңірлерде балкалы кран өте сирек кездеседі. Бұл ретте "өтуге тиісті" жеткізуші компания өз құжаттамасында "балкалы кранды" жалға алатыны туралы жазады және конкурс жеңімпазы болып танылады. Кімде ондай аса қымбат техника жоқ болса, "ұшып" кетеді" деп бір құпияның шетін шығарды Бақыт Сұлтанов.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов те лайықты жеткізушілердің өтінімдерін негізсіз шығарып тастау жалғасып жатқанын растады.

"Маусым айына жоспарланған 2,7 триллион теңгенің 1,8 триллион теңгесіне тендерлер өткізілді. Соның ішінде триллион теңгенікі "бір көзден" сатып алу жүзеге асырылған. Міне, дәл осыған қатысты бизнесмендерден көп шағым түседі. Бізге түскен арыз-шағымдардың 39 пайызында құжаттамаларды қабылдаудан негізсіз бас тартылатыны айтылады. Осы жолмен тапсырыс беруші орган тендерді екі рет өткізбей тастайды да, үшінші жолы бір көзден сатып алады. Жергілікті жерлерде бұл қағидат көп қолданылады", – деді ол.

Ұлттық палата дерегінше, осы схема арқылы бір көзден сатып алуға дейін жеткізілген тендерлердің жартысына жуығы ең көп қаржы "бәске тігілетін" құрылыс саласына қатысты болып келеді.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек үкімет басшысына бизнесмендердің өздеріне қарсы шағымданды. Оның айтуынша, құжаттарды қолдан жасайтын адал емес компаниялар да бар екен. 

"Біз тендерлер қорытындыларына қарсы шағым енгізу рәсімдерін қайта қарауымыз керек. Қазіргі кезде құрылыс бойынша қалалық конкурстарға орташа алғанда 10-20 компания қатысады. Олардың көпшілігі өзге өңірлерден келеді. Олар кейін қорытындылар хаттамасына қарсы шағымданады. Бұл ретте қатысушылардың бір бөлігі құжаттарды қолдан жасайтын. Мұндай фактілер көп кездеседі. Шағым енгізушілердің бір бөлігі әлеуетті қатысушы болып та табылмайды, соған қарамастан, біз олардың да шағымын қарауға мәжбүрміз", – деді қалабасы.   

Бауыржан Байбек осыған байланысты "әлеуетті жеткізушілерге", яғни тендерге қатысушыларға "әу баста шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты ұсынғаны және негізсіз шағын енгізгені үшін жазаға тартуды" ұсынды.

"Біз әлеуетті қатысушы немесе әлеуетті жеңімпаз болып табылмайтын компаниялардың шағым енгізуін болдырмауымыз қажет деп санаймыз. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы көтеретін тағы бір мәселеге қатысты айтарымыз, техникалық қадағалау бағытында демпинг бойынша шектеу енгізуді ұсынамыз. Мысалы, энергетика объектілері саласында 2016-2017 жылдары 116 сатып алудың 103-і немесе 90 пайызы бойынша 30 пайыздан бастап, 99,9 пайыздық демпингпен бекітілген. Екі сатып алуда техқадағалау құны 10 теңгеге бағаланады. Яғни, бұл әу бастан сыбайласқан компаниялар. Он теңгеге жеңіп алады, кейін техникалық қадағалау маманы бір айда бір рет келуі мүмкін, келмеуі де мүмкін" деген Алматы әкімі ең төмен баға ұсынғанды лайық деп тану қызмет пен жұмыстар сапасының төмендігіне соқтыратынын айтты.

Ол бір мысал келтірді: "Біз көшедегі орындықтарын, қоқыс жәшіктерін ауыстыру жөнінде бағдарлама енгіздік. Бірақ ол бойынша тендерге өңірлердің бірінен келген компания қатысып, 30 пайызға арзан баға ұсынды. Олардың жасағаны сапасыз болып шықты. Тендер талабы бойынша олар кепілдік берген, бірақ сол кепілдікті орындату үшін компанияға шықсақ, олардың меншігінде ресурсы да, қаржысы да жоқ екені анықталды. Бір жыл бойы сонымен ырғасып жүрміз. Бұл жайт алматылықтардың көңілтолмастығын тудыруда" деп қынжылды Бауыржан Байбек.

Премьер де сөзге араласты.

"Жиһаз өндірушілерді және жеңіл өнеркәсіпшілерді қолдау бойынша шаралар қабылдау жүктелген. Біз бұл мәселені бұрыннан, өткен жылдың желтоқсанынан бері талқылап келеміз. Өткен бес айда қанша сомаға өңірлерде конкурстар өткізілді?" – деп сұрады үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.

"Мемлекеттік сатып алу туралы заңына сәйкес, қаржы министрінің тиісті бұйрығы порталдағы жиһазға қатысты барлық сатып алуға тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Яғни, енді барлық мемлекеттік органдар мен меммекемелер өз бетінше жиһаз бойынша конкурстар өткізе алмайды. Бұл бұдан былай тек орталықтандырылған деңгейде, бір жерден жүзеге асырылады. Цифрларға тоқталсақ, олар айтарлықтай қомақты емес. Себебі, жиһазды қазір орталық меморгандар мен жергілікті атқарушы органдар бюджетті нақтылау кезінде анықталатын үнемделген қаржы есебінен сатып алады. Әзірше шамамен 6 миллиард теңгеге жиһаздар алынды", – деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Бірақ бас қаржыгердің қомсынған бұл сөзімен премьер келіспеді: "Білесіз бе, жиһазшылар үшін 6 миллиард теңге дегеніңіз өте үлкен сома. Әлде жыл соңына дейін бұдан басқа сатып алулар болмай ма?" деді Бақытжан Сағынтаев.

Қаржы министрі керісінше, бұл сома ұлғаятынын, жыл соңына дейін бюджетті нақтылау жолымен тағы шамамен 10-12 миллиард теңгеге орталықтандырылған түрде меморгандар мен жергілікті атқарушы органдарға жиһаз сатып алынатынын хабарлады.

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мемлекеттің өзіне керек жиһаздарды орталықтандырылған түрде сатып алу жүйесі "отандық бизнесті қолдау" дегенді білдірмейтінін ескертті.

"Жиһаз бен жеңіл өнеркәсібін қолдау бойынша, әрине, біраз жұмыс атқарылды. Министр бұйрығымен сатып алуды орталықтандыру жүзеге асырылды. Дегенмен, осы орталықтандыру дегеннің өзі соған отандық өндірушілер кіреді дегенді білдірмейді. Өйткені сатып алу кезінде техникалық спецификация талаптары қойылады. Екі ай бұрын біз осыған қатысты өз ұсыныстарымызды жолдадық. Бізге кіретін салалық қауымдастықтың сын-ескертпелері бар. Алайда ұсыныстар уәкілетті органда шөгіп қалды. Алдағы аптада ол мәселелер шешіледі деген үміттеміз. Сонда әлгі айтылған миллиардтардан отандық жиһаз өндірушілер үлесіне басымдықты түрде қаражат тиеді деп сенеміз", – деді Абылай  Мырзахметов.

Әйтпесе, шенеуніктер орталықтандырылған түрде түркиялық не италиялық жиһазды "оптом" сатып алуы да ықтимал. Ондайда миллиардтар да "көтерме күйде" шетелдік жиһазшыларға жол тартады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бір жарым жыл бұрын іске қосылған мемлекеттік сатыл алулардың веб-порталының платформасы сатып алулар жүйесін толығымен автоматтандырып, қатысушыларды веб-портал арқылы онлайн режимде электронды камералық бақылауға өтуге мүмкіндік бергенін айтып өтті. Жалпы, қабылданған шаралар бір конкурстағы қатысушылардың орташа санын 4 есеге ұлғайтты.

Жүйені одан әрі жетілдіру мақсатында, формалды себептер бойынша ауытқуларға жол бермеу үшін сатып алуларға қатысушыларға қойылатын талаптар жеңілдетіледі. Компанияның оң тәжірибесі (беделі) мен салық жүктемесінің коэффициентіне баса назар аударылады. Сонымен қатар, алдын ала біліктілікті іріктеу институты кеңінен қолданылатын болады.

Қаржы министрлігі инвестициялар және даму министрлігімен және "Атамекен" КҰП-пен бірлесіп отандық өндірушілерге қолдау көрсету шараларын әзірледі, оның ішінде Бірыңғай ұйымдастырушы арқылы сатылып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің тізімі ұлғайтылды; ұсақ сатып алуларды бір үлкен лотқа біріктіру жоспарда бар.

Министр Бақыт Сұлтановтың мәліметінше, квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық реттеуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатыр. Қаржы министрлігінде квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілеріне бірыңғай сатып алулар ережесін бекіту бойынша уәкілетті органдарды анықтау жоспарланған, олардың ішінде "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек", "ҚазАгро" ұлттық холдингтері бар. Ұлттық компаниялардың сатып алулары үшін жеке ережелер әзірленеді, олар мемлекеттік сатып алуларға қарағанда барынша икемді болмақ.

Үкімет отырысын қорытқан Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласын жетілдіру бойынша заң жобасына қатысты жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.

Премьер-министрі Қаржы министрлігіне мүдделі органдармен бірге жұмысты жалғастыруды және "Мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын пысықтауды тапсырды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу