Шетелде қалған туристер үкіметке негізсіз талап қойды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
22264

Чартерлік рейстің шығыны бюджет есебінен өтелмейді. 

Шетелде қалған туристер үкіметке негізсіз талап қойды

Үкімет коронавирус пандемиясының алдын алу үшін тұрақты халықаралық рейстерге тыйым салғанда 4 мың отандық турист ойланбастан саяхаттан бас тартты. Ал өздерін "ақылды" санаған саяхатшылардың бір тобы өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, шетелге шығып кетті.

Шекараның арғы жағындағы сауығы мен сайраны аяқталып, елге оралатын сәт туғанда, туристер тығырыққа тірелді. Өйткені Қазақстанға ұшақ ұшпайды, қонақүйде тұруға рұқсат жоқ, қалтадағы қаражат тақырланды.

Не істеу керек? Елді, жерді, үкіметті еске алып, көмек сұрау керек? Дәл осылай болды.

Обалы не керек, үкімет отандастарымызды елге қайтарып алу туралы шұғыл шешім қабылдады. Нәтижесінде Сыртқы істер министрлігі Индонезия, Таиланд және Вьетнам мемлекеттеріндегі 150 туристі елге жеткізу үшін SCAT компаниясымен келісіп, чартерлік рейс ұйымдастыруға қол жеткізді. Осыған қуанудың орнына туристердің бір тобы қиғылық салды. Олар жол шығынын ел үкіметі көтерсін деген талап қойды.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, елімізде халықаралық рейстерді қабылдауға шектеу қойылған. Әлем елдерінде де осындай жағдай. Саяхатшылар мұны ескермеген.

"Отандық туристер осыдан 10 күн бұрын елге қайту үшін жеке борт ұсынуды сұрады. Біз олардың өтінішін қанағаттандыруға уәде бердік. Әуе компаниясымен осыған қатысты келісімге келдік. Барлық мәселе оң шешілген кезде туристердің едәуір бөлігі қалталарынан қаржы шығарғылары келмейтінін, 500 доллар көлеміндегі жолақысын үкімет төлегенін қалайтынын мәлімдеді", – деді Айбек Смадияров.

Ресми өкіл туристерді ешкім демалуға жібермегенін, бұл шешімді өздері қабылдағанын айтты.

"Біз туристерден төтенше жағдай енгізілгенге дейін елге неге оралмағандарын сұрадық. Олар елге демалыстары аяқталған соң келуді жоспарлағандарын жеткізді. Үкімет әу баста туристерді тегін тасымалдамайтынын мәлімдеген. Біз өз азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырып отырған жоқпыз. Қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Барлығы заң және бекітілген тәртіп аясында атқарылып жатыр", – деді Айбек Смадияров.

Естеріңізге салайық, осыған дейін "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры туристік коды бар азаматтарды елге қайтарды. SCAT, Air Astana авиатасымалдаушылары арқылы әлемнің 13 еліне 17 рейс жасалып, 4 мыңнан астам турист отанға оралды.

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков: "Туроператорлар арқылы ел аумағынан саяхатқа шыққан туристердің саны 5914 адамды құрады. Бүгінге дейін 14 чартерлік рейспен Қазақстанға 2818 турист жеткізілді. Тағы 5 чартерлік рейс ұйымдастырылады. Елге тұрақты рейспен шет мемлекеттерде жүрген 1879 туристің 1695-і оралды. Ресей Федерациясының коронавирус инфекциясына тосқауыл қою шаралары отандық туристерді елге қайтару кезінде қиындық туғызды. Үкіметтің араласуымен мәселе оң шешілді", – деп ресми мәлімдеме жасаған.

Бүгінгі таңда Сыртқы істер министрлігі чартерлік рейспен елге оралуға және тасымал ақысын төлеуге келісім берген туристердің тізімін түзіп жатыр. Қанша турист, қай күні елге оралатыны алдағы уақытта белгілі болады.

Ұмытпасаңыздар, бұған дейін туроператорлардың туристерден алған ақшаларын қайтаруына қатысты мәселе күн тәртібіне қойылған.

"Ел азаматтарының жаппай, бір мезетте туристік жолдамаларының ақшасын кері қайтаруын талап етуі туроператорларды тығырыққа тіреді. Авиакомпаниялар мен қонақ үйлер өздерінің шарттары бойынша туроператорлардан алдын-ала төлем алады. Бұдан бөлек туроператорлар туристердің сапарын ұйымдастыру шараларына шығындалады. Осының барлығына белгілі мөлшерде қаржы жұмсалады. Сонымен қатар қазір туроператорлардың авиакомпаниялар мен қонақүйлердің алдында айыппұл міндеттемесі туып отыр. Туроператорлар туристердің қаражатын қайтару үшін серіктестерімен келіссөз жүргізуде. Мәмілеге келуге біршама уақыт қажет", – деген болатын осыған қатысты мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Өз кезегінде туристік компаниялар үкіметке төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрап, өтініш жолдаған. Бұған мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев: "Бүгінгі таңда туризм саласына қолдау көрсетудің тиімді тәсілдері қарастырылып жатыр", – деп жауап берген.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу