Шығыс Қазақстан су астында қалды

Өскеменнің көшелеріне таудан аққан қарғын су қаптаса, Ұлан, Аягөз, Глубокое, Зырян аудандары мен Риддер қаласында үйлерді су алды.

Шығыс Қазақстан су астында қалды

Өскемен қаласы

Қала көшелерінде көлік қозғалысы қиындап, қоғамдық автобустар батып қалып жатыр. Мөлшерден тыс суды таратуға жерасты желілерінің шамасы жетпеуде.

"Жаңбыр мен қар суына таудан құлаған лайсаң қосылуда. Мұншама суды жерасты тораптары таратып үлгермейді. Жібек жолы мен Сәтбаев даңғылының қиылысындағы су Шешек асуынан жеткені анықталды. Ал Красин кентінің Пушкин көшесіндегі қарғын су Ботбай жотасынан ағып келген. Шмелев лог елді мекенінен аққан су трамвай рельстерін басып, Мызы және Питер коммунарлары көшесіне жайылды. Малдыбаев көшесі мен Самсонов кентінде бірнеше отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Су сорғыш техникалар үлгермей жатыр" – дейді "Өскемен тәртіп" мекемесінің директоры Тамара Рахымжанова.

Мекеме басшысы қала аумағында 80-нен астам құтқарушы, 26 грейдер мен фронталды тиеуіш техника жұмыс істеп жатқанын айтты. Толассыз жаңбырдың соңы қазір қарға ұласқан. Синоктиктер ертең де өңірдің бірнеше бөлігінде жаңбыр жауатынын ескертуде.

Ұлан ауданы

Ұлан ауданының Мамай батыр ауылындағы көпірді су алып кеткен. Қазір мұнда арнайы техникалар мен төтенше жағдай жасағы кезекшілік жүргізуде. Екі күнгі толассыз жаңбыр кесірінен шағын өзеннің деңгейі күрт көтеріліп, көпірдің бетімен аға бастаған. Бұл Мамай батыр ауылының сыртпен байланысын қиындатуда. Өйткені, асфальт жолға осы көпір арқылы шығады.

"Көпірді су алмаған. Тек су көпір бетімен ағып жатыр. Өзен арнасын кеңейтіп жырып, көпірге түсетін ағынды азайтпақпыз. Осы мақсатпен бірнеше техника және 20 адам жібердік" – дейді Ұлан ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дулат Қажанов.

Аталмыш ауданның Асубұлақ ауылына да су жайылған. Мұнда да төтенше жағдай мамандары мен әкімдік өкілдері жіберіліпті.

"Жалпы аудан бойынша 13 техника жайылған судың бетін қайтару үшін жұмысқа шықты. Қауіп болуы мүмкін деген елді мекеннің бәрінде кезекшілік қойылған" – дейді Дулат Қажанов.

Аягөз ауданы

Жолдар қарғын судың астында қалуына байланысты "Қарағанды-Аягөз-Бұғаз", "Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар" бағытындағы жолдар жабылды.

Аягөз-Қарағанды бағытының 528-704 шақырым аралығында, Аягөз-Қайнар бағытының 0-144 шақырым аралығында барлық көліктер үшін жол жабық.

Дәл осы Аягөз қаласын су алу жағдайын байланысты әлеуметтік желіде түрлі мазмұндағы видеолар тарап жатыр. Аудан орталығының Жаңауыл аталатын бөлігінде қарғын судың деңгейі көпірмен теңескен. Тағы бір видеода қала ортасындағы жер үйдің құлап қалғанын айтылады.

Осы оқиғалардан кейін төтенше жағдайлар департаменті 1000 адамдық апаттық құтқару тобын құрды.

"Өткен тәулікте облыста бір айдың мөлшеріндегі жауын-шашын түсті.  Дағдарыс орталығынан құрылған арнайы топқа 1000 адам, 300 техника, 56 жүзу құралы, 58 моторлы сорғы бөлінді" – делінген департаменттің баспасөз  қызметі таратқан ақпаратта.

Қазіргі таңда су алған 22 үй мен 148 аулаға су кіргені анықталды. Ресми дерек бойынша облыстың су алған елді мекендерде 23 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Өскемен-Алматы бағытындағы жолдың 130 метр бөлігіне су жайылған болатын. Қазір оның 80 метрі қалпына келтірілген.

Төтенше жағдай қызметінің өкілдері бір күн ішінде аулалардан 3724 текше метр су сорып шығарған. Соның ішінде Өскемен қаласында 3484 текше метр, Аягөз ауданында 240 текше метр суы сорылған.

Облыс орталығынан Аягөз ауданына көмек ретінде 20 адам мен 5 техника шықты. Осы уақытқа дейін тұрғындардан "112" нөміріне 1000-нан астам қоңырау түскен.

Аягөз қаласы бойынша төтенше жағдай жарияланды. 3 көпір, 5 жаяу жүргінші өткелі, 20-ға жуық тұрғын үйді су басып қалды. Қазіргі таңда су басқан аумақтардан тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп, 400 адам Аягөз қаласының қазақ мектеп-лицейіне, №6 орта мектеп-интернатына және туыстарына орналастырылды. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу