Шыңжаңда халалмен күрес науқаны басталды

5342

Партия үкіметке халал өнімдерден бас тартып, жұмыста, ел алдында тек қытайша сөйлеуге бұйрық берді.

Шыңжаңда халалмен күрес науқаны басталды

Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Аймағының билігі "халалдың тарауына" қарсы науқанды бастады. Мұны Британияның "Гардиан" газеті хабарлап отыр. Жергілікті басшылардың айтуынша, халал өнімдер өңірде діни экстремизмге серпін береді, сондықтан оның белең алынуы жол берілмеуі керек.

Шыңжаңның 12 миллион адам тұратын астанасы Үрімшідегі компартия өкілдері дүйсенбі күні жергілікті үкіметті "идеологиялық күресті" күшейтіп, "халалдандырумен" немесе "пан-халал тенденциясымен" күреске шақырды. Бұл туралы мәлімет Үрімші Халықтық Прокуратурасының Wechat әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды.

Билік өкілдері мен мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, халал таңбалы өнімдер ислам дәстүрлерінің зайырлы қоғамға енуіне мүмкіндік береді. 

"Пан-халал тенденциясы діни және зайырлы өмір арасындағы шекараны өшіріп, адамдарды діни экстремизмнің шырмауына оңай түсіреді", - деп жазды мемлекет иелігіндегі Global Times газеті Үрімшіде басталған жаңа науқан жайлы мақаласында.

Бұл науқан Қытайдың Шыңжаңдағы терроризммен күрес саясатына қарсылық күшейіп келе жатқанда басталып отыр. Адам құқығын қорғаушылар, зерттеушілер, медиа ұйымдар Шыңжаңда жаппай бақылау, лагерьлерге қамау, ұйғырлар мен қазақтардың және өзге де ұлттардың діни бостандығын шектеу туралы мәліметтерді кейінгі уақытта жиі жариялап жүр. Алайда, ресми Бейжің лагерьлер туралы мәліметтерді жоққа шығарып, Шыңжаңда терроризммен, экстремизммен күрес жүргізіп жатқанын алға тартып отыр.

Әлем ақпарат құралдарының хабарлауынша, соңғы кездері Шыңжаңда ет, сүт және мұнай өнімдерін "халал" деп таңбалауға қарсы науқан қарқын алып келеді. Мәселен, мұсылман-хуэйлер көп тұратын Ганьсу провинциясында биыл наурыз айында "халал өнімдерін сататын" 700-ден астам дүкен жабылған екен. Сонымен қатар, мұнда "халал шаштараз", "халал ванна" тәрізді қызметтерге де тыйым салынды.

Интернет қолданушылар болса, "халалдандыру" деген хэштег аясында "салфеткалар" мен сүттің өзін "халал" деп белгілегендерді сынап жатыр. "Қарапайым сүтте де шошқаның қаны бар ма? Бізді қандайда бір діни топ емес, ұлт бірлігі толғандыруы керек", – дейді қолданушылардың бірі. 

Сонымен қатар, дүйсенбі күні өткен партия жиыны мемлекеттік орган қызметкерлері мен Үрімшідегі партия мүшелерін жұмыста да, ел ішінде де қытайша сөйлеп, Қытай компартиясының идеологиясына адалдықтарын растауға шақырды.  

Wechat-та жарияланған өзге мәліметке қарағанда, партия мүшелері тобының хатшысы Лю Мин кездесуге қатысушылардан ант қабылдап, оларға "менің сенімім – марксизм-ленинизм, туды биік ұстап, "халалдандырумен" ақырына  дейін күресемін" деп айтқызған.

Және де бұл жиында мемлекеттік қызметкерлерге "халал тенденциясына қарсылық" туралы шығарма жазу міндеті жүктелді. Сол мақалалардың бірі  "Шыңжаңды толық азат ету қозғалысы жалғасып жатыр" деп аталған.

Бір ұйғыр кадры болса, өз шығармасына "Досым, мен үшін халал мейрамхана іздеудің қажеті жоқ" деп тақырып қойған. Және де ол бұл материалда өз қандастарын халал ресторанда жалғыз отырғанша, қытай әріптестермен бірге тамақтануға шақырады. Оның ойынша, "ауқаттану әдетін өзгерту экстремизммен күреске "айтарлықтай", "ұзақмерзімдік" әсер етеді".

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу