ШЫҰ елдерінің валюталары өзара саудаға әлі жарамайды

Рубль мен теңгеге өзге түгілі өзіміз сенімсіздікпен қарап отырғанымыз жасырын емес.

11 Маусым 2018 13:54 Автор: Бауыржан Мұқан
ШЫҰ елдерінің валюталары өзара саудаға әлі жарамайды, доллар, юань, теңге, долларсыздандыру, сыртқы сауда, тауар айналымы, Қазақстан, ШЫҰ, Қытай

Дамушы мемлекеттердің валюталық патриотизмі
2010 жылдардың басынан бері дамушы мемлекеттер халықаралық саудада доллардан бас тарту туралы бастамаларды көтере бастады. Соңғы бірер жылда бұл ұсыныстар іске де аса бастаған. Мәселен, былтыр Түркия Иран және Қытаймен арадағы саудада тек осы елдердің ұлттық валюталарымен сауда жасаймыз деп келіссе, оның алдында Ресей мен Қытай өзара алыс-берісте долларды айтарлықтай шектеп тастаған еді. Келісім бойынша, екеуара сауданың 150 млрд юані долларсыз саудаланатын болған.

Әсіресе, жетекші дамушы елдердің одағы саналатын БРИКС (Бразиялия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка) ұйымына мүше мемлекеттер долларсыздандыру аясында батыл қадамдарға баруда. Долларсыз саудаласуға басты себеп – әр ел өзінің ұлттық валюталарына сұранысты арттырып, «валюталық тәуелсіздік» алу. Мәселен, 2014 жылы Қырым дауынан кейін Ресейге қарсы санкция салына бастағанда орыстың орталық банкі араға бір жыл салып өзінің долларлық резервінің 20 пайызын сатса, сол жылы Қытай ұлттық банкі 500 млрд доллардан «құтылған». Бұл мемлекеттердің мұндай қылығы АҚШ-қа ұнамағаны анық.

Дегенмен Трамптың билікке келгенінен кейін «долларды жақтырмайтын» дамушы елдердің «сұрағаны алдарынан іздемей-ақ табылды». Трамптың ұлттық экономиканы күйттеген протекционистік саясаты халықаралық саудада доллардың үлесін одан сайын азайта түсті. Иранға қарсы санкция кезінде Еуроодақ мемлекеттерінің Иран мұнайын доллармен емес, еуромен есептесе бастағаны соның дәлелі.

Санцияны айналып өту құралы
Екінші жағынан, долларсыздандыру саясатының төркіні кей мемлекеттер үшін арыда жатыр. Ресей амалсыздықтан долларды ығыстырса, Қытай мен Үндістан, Бразилия ұлттық валютаны күшейтуді мақсат етеді. Ал Түркия тіптен доллардан бас тартуды Иранға қарсы санцияларды айналып өтудің құралы еткен. Иранға қарсы санция өз күшінде болғанда, Түркия бұл елден тікелей доллармен қара алтын сатып алуына тыйым салынған. Дегенмен, Ердоған ұлттық валютаны нығайтуды желеу етіп, санкциялы елдің тауарын тасыған. Ол үшін Иран үкіметі тіптен түріктің «Халық банкі» деген банкінен лирамен есепшот ашқаны да айтылады.

Валютаны ігерілетудің жалғыз жолы – экспорт
Өз кезегінде Қытайдың бұл бағыттағы жүйелі жұмыстары өз жемісін бере бастады. Былтыр ғана мұнай фьючерсін тек юаньмен шешу туралы заң шығарған Бейжің енді металды да тек өздерінің ұлттық валюталарымен саудалауды жоспарлап отыр.

Ал шет мемлекеттерден юаньға Африка елдерінің тәбеті тартып тұр. MEFMI (Шығыс және Оңтүстік Африка елдері: Ангола, Ботсвана, Бурунди, Кения, Лесото, Малави, Мозамбик, Намибия, Руанда, Свазиленд, Танзания, Уганда, Замбия және Зимбабве) елдерінің сыртқы саудадағы басты әріптесі Қытай десек, олар үшін екеуара саудада доллардан гөрі юань тиімдірек. Өйткені, Қытай тауарларының ақысын төлеу үшін доллар сатып алу олар үшін қосымша операциялық шығындар тудырар еді. Оның үстіне, бұл мемлекеттердің қазіргі басты кредиторлары Қытай екені анық.

Шикізатқа тәуелді валютаға сенім жоқ
Жаһандық трендтерден қалмайтын елбасы да бұл жолы ШЫҰ саммитінде ұйымның мүше мемлекеттері арасында доллардан бас тарту туралы ұсынысын жеткізді. Долларды халықаралық саудадан ығыстыру бастамасын дәл Қытайға барып көтеруі Қазақстан президентінің юаньға сенім білдіруі деп қабылдау керек шығар.

«Әлемде әлемдік валюталар қоржынын әртараптандыру, валюталық тәуелділік қатерлерінің алдын алу туралы көп айтылуда. Осы орайда бізге мемлекеттеріміздің қауіпсіздігінің бір аспектісі ретінде өзара сауданы ШЫҰ-ның барлық елдерінің ұлттық валюталарымен жасау жайын ойластыру керек. Бүгінгі саммиттен кейін мүше мемлекеттердің орталық банктері тиісті жол картасын дайындауы артық болмас еді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қытайдың ШЫҰ елдерімен өзара саудада екі жақтың ұлттық валюталарын пайдалануға мүдделі болуы екіталай. Бейжің өздерінің валюталарына сенімді, ал рубль мен теңгеге өзге түгілі өзіміз сенімсіздікпен қарап отырғанымыз жасырын емес. Сондықтан Қытай үшін екі жақты долларсыздандыруға қарағанда, Африка елдерінің юаньды толықтай қабылдағаны секілді біржақты долларсыздандыру әлдеқайда қызықтырақ болатыны анық. Қырғыз бен Беларусьті былай қойғанда, Үндістанның рупиі де халықаралық саудаға жарайды деп айта алмас едік. Ал Түркия және Ресеймен арадағы саудада Қытай белгілі бір көлемде доллардан бас тартқанымен, бірден көшіп кетуге бұл елдердің валютасына деген сенімсіздік жібермейді.

2017 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 77,6 млрд долларды құраған. Соның ішінде 10,5 млрд доллары Қытаймен арадағы саудаға тиесілі. Соның ішінде импорт 4,7 млрд доллар болса, экспорт 5,8 мдрд долларға тең. Демек, егер долларсыздандыру бастамасы толықтай іске асты деген күннің өзінде, қазақ импорттаушыларының сатып алуға тиіс юаніне қарағанда Қытайдың сатып алатын теңгесі көбірек болмақ. Мұндай тәуекелге Қытай үкіметі бара қоймас.

Ресей-Қытай арасындағы саудада доллардың үлесінің азаюына келсек, бұл елдердің экспорт-импортының көлемінде баланс бар. 2017 жылғы өзара 84 млрд долларлық сауданың 42,9 млрд доллары Қытай импорты болса, қалған 41,1 млрд доллары Ресейдің Қытайға сатқаны. Тіпті, Қытай экспортында аздаған басымдық та бар.

Бауыржан Мұқан