СҚО жеке даму бағдарламасымен түлемек

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4389

Ел үкіметін Солтүстік Қазақстан облысының ахуалы қатты алаңдатып отыр.

СҚО жеке даму бағдарламасымен түлемек

Сондықтан бұл өңірді дамытуға мемлекет жеке көңіл бөлетін болды. Осы мақсатта үкіметке "Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары" атты құжат енгізілді.

СҚО-ның билікті алаңдататын жағдайы бар. Бұл облыс стратегиялық, аграрлық, өнеркәсіптік өңір болып табылады. Ол Қазақстанның барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 11%-ын, Қазақстанда өсірілетін бидайдың 25%-ын бір өзі өндіреді.

Соған қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысы "Қазақстан ішіндегі ең шағын экономика" деп танылды. Себебі, оның жалпы өңірлік өнімінің республика бойынша үлесі бар-жоғы 2%-ды ғана құрады. Соңғы бес жылда мұнда өнеркәсіптік кәсіпорындардың саны едәуір қысқарды. Нақтырақ айтсақ, 35,9%-ға кеміп, 300 зауыт-кәсіпорын жабылған.

Бұл өңірдің тұрғындары да белсенді түрде қоныс аудара бастаған. Тек өткен 2017 жыл қорытындысында ғана жұмысқа қабілетті "экономикалық белсенді халық" саны тағы 8,9%-ға немесе 30,2 мың адамға азайып кетті. Бүгінде, осынау тұтас бір өңірде тұратын адамдар саны ірі бір қаланың тұрғындарының санына да жетпейді: солтүстікқазақстандықтар қатарында небары 306,9 мың адам қалды. Жергілікті тұрғындардың туу көрсеткіші де мардымсыз. Демографияның теріс сальдосы 2013-2017 жылдары 21,1 мың адам болды.

Ауылдық жерлерінде мұғалімдердің, дәрігерлердің, орта буындағы медициналық персоналдың және басқа да мамандық иелерінің тапшылығы өрістеуде.

Бірақ СҚО – келешегі жоқ, ресурсы түгесілген өңір емес. Үкіметтің тапсырмасымен жүргізілген талдау облыстың "ауыл шаруашылығын дамыту әлеуетінің орасан зорлығын", "жерінің аса құнарлы екенін, қара топырақты белдеу шегінде орналасқанын", "мал шаруашылығын дамытудағы позициясы күшті" болып табылатынын анықтаған.

Сол себепті жаңа бағдарлама бойынша енді СҚО-ны перспективті дамыту "ауыл шаруашылығын аграрлық-индустриялық әртараптандыру негізінде оның жоғары әлеуетін одан әрі нығайтуға негізделетін" болды.

Облыс ірі сауда-логистикалық орталыққа айналу мүмкіндігі бар маңызды көлік торабы саналады.

Үкіметтік құжат 48 нормативтік, ұйымдастырушылық және іске асыру іс-шараларынан тұрады. Олар облысты үдемелі түрде жаңғыртуды, әлеуетті инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруды, көші-қонның теріс сальдосын төмендетуді қарастырады.

Мемлекет бағдарлама аясында солтүстік Қазақстанға мол қаржы құймақ. Мәселен, тек 12 іс-шара аясында ғана жеке инвестициялар есебінен 165 миллиард 651 млн теңге арна тартады.

Бұған қоса, таяуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4 миллиард 500 млн теңгенің жобасы қолға алынбақ.

Мұның сыртында, тағы 19 іс-шара бойынша 2018-2021 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 139 миллиард 634 млн теңге бағытталады. Ал жергілікті бюджеттен 15 миллиард теңге көзделген.

СҚО-ға барып, өз ісін ашқан, зауыт-кәсіпорын салған бизнесмендерге мемлекет үлкен қолдау көрсетпек. Мәселен, бұл кәсіпкерлердің банктерден не басқа да қаржылық ұйымдардан алған кредитінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 2018–2019 жылдары республикалық бюджеттен 2 миллиард 516 миллион теңге бөлінбек.

Сонымен қатар, облыста "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде бизнес субъектілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу, яғни кәсіпорнына дейін жол салу, инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту үшін 2018-2020 жылдары республикалық бюджеттен 5 миллиард 145 миллион теңге жұмсалады деп қарастырылуда.

Қазіргі кезде мемлекет тұрғындар көп шоғырланған оңтүстік өңірлерден халықтың жұмыс қолы жетіспей жатқан өзге өңірлерге көшуін ынталандыратын бағдарламаны іске асыруда. Оның ішіне СҚО да кіреді. Алайда үкімет "Солтүстік Қазақстан облысына елдің басқа өңірлерінен азаматтарды қоныстандыру жөнінде арнайы, жеке жоспар әзірлеуге" ұйғарды. Оның аясында қоныс аударғысы келетін азаматтар арасында ақпараттық жұмыс жүргізіліп, оларды нақтылы түрде СҚО-ға шақыру, осында жұмысқа орналастыру, әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу, сондай-ақ олар үшін тұрғын үй салу жүзеге асырылатын болады.

Осы орайда ел үкіметі қолданыстағы "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына" және "Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына" жалғыз Солтүстік Қазақстан облысы үшін өзгерістер енгізеді. Оған сәйкес, мемлекет осы өңірдің ауылдарында да тұрғын үй құрылысын жүргізіп, оларды қайта қоныстанушыларға таратады.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысы "жұмыс күші артық өңірлерден азаматтарды қоныстандыру бойынша осындай жаңа тәсіл сынақтан өткізілетін пилоттық өңір ретінде айқындалып отыр". Егер ауылда жаңа баспана салу өзін-өзі ақтаса, онда бұл тәжірибе кейін басқа өңірлерге де жайылатын болады.

Бұл ретте солтүстікқазақстандық ауылдарда жаңа тұрғын үй салу арқылы қоныс аударушы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен келесі 2019 жылы 3 миллиард, 2020 жылы –5 м иллиард, ал 2021 жылы 7 миллиард теңге бағытталуы керек.

Жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету, заманауи ем-дом шараларының қолжетімділігін арттыру мақсатында Петропавл қаласында 700 орынға арналған облыстық көпбейінді аурухана тұрғызу және оны 2021 жылы іске қосу көзделуде.

Ал жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарын жоғары технологиялы медициналық техникамен жарақтандыруға 2019-2021 жылдар аралығында 6 миллиард теңге шығындалады деп белгіленуде.

Әрине, СҚО-ны өркендету бағдарламасы мұнымен шектелмейді. Жаңа шаралар қатарында өңірдегі 120 білім беру объектісіне, соның ішінде 99 мектепке, 13 балабақшаға, 8 колледжге күрделі жөндеу жүргізу, 63 мектепке 4000 компьютер сатып алу, Петропавл қаласында үш ауысымды оқытуды жою мақсатында 900 оқушыға арналған жаңа мектеп салу, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті үшін 1 мың орындық студенттер жатақханасын салу бар. Сондай-ақ осы университет жанына "Kozybayev University Teaching and research center" оқу-зертханалық корпусы бой көтереді.

Ел өміріндегі тағы бір жаңашылдық СҚО-да өмірге жолдама алмақ. Атап айтқанда, шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептер жабылған жағдайда, олардағы оқушыларды уақытша өз үйлерінде қабылдап, жатқызатын "патронат отбасылар" пилоттық жобасын енгізу жоспарлануда. Әйтпесе, патронаттық отбасылар ұғымы Қазақстанда тек жетім және тастанды балаларға қатысты ғана қолданылатыны мәлім.

Ұлттық экономика министрлігі келесі жылы өңірде жаңа кәсіпорындардың үлкен легі қолданысқа берілетінін хабарлайды. Атап айтқанда, "CLAAS және HORSCH маркалы ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды жергіліктілендіру", "Тайынша ет комбинатын" жаңғырту, EMC-Agro" ЖШС-ның "Шошқа кешенін жаңғырту", "BIOOPERATIONS" компаниясының "глютен, крахмал, жануарларға арналған азық, биоэтанол өндірісі жобасы" жүзеге асырылуда екен. Бұдан басқа, СҚО-да "Үйрек фермасы" салынады. "North River" компаниясы "Dostyk Mall" атты үлкен сауда ойын-сауық орталығын ашпақ. "Nord Hotel Group" компаниясы "Hampton by Hilton" сауда-қонақ үй кешенін тұрғызады.

Өңірде 3 400 басқа арналған 7 сүт кешенінің, бір мезгілде 5 000 мал семіртілетін 3 бордақылау алаңының құрылысы бастау алмақ. Нәтижесінде, 2022 жылға қарай СҚО-да сүт өңдеу өнеркәсібі 90%-ға дейін, ал ет өңдеу өнеркәсібі қуаттылығы 50%-ға дейін жүктелуге тиіс.

Сондай-ақ үкіметтік құжат аясында Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар желісін 73%-ға дейін арттыру мақсатында жергілікті маңызы бар автожолдарға жөндеу және реконструкциялау жүргізу, 504 шақырымдық облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын "республикалық маңызы бар автомобиль жолдары" желісіне беру, үш жылда 94 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау көзделген.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, осы кешенді жоспарды іске асыру 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға, СҚО-ның экономикадағы үлесін бес жыл ішінде тағы 4 пайызға арттыруға, айналымы 2 миллион теңгеден асатын жергілікті бизнес санын 11 мыңға дейін өсіруге, сөйтіп өңір дамуына сапалы тың серпін беруге жол ашады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу