Словенияны медицина қызықтырып отыр

Қазақстан алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласын цифрландыруда Словенияның тәжірибесіне сүйенбек.

06 Маусым 2018 16:50 Автор: Фархат Әміренов
Словенияны медицина қызықтырып отыр, бизнес-форум, Қазақстан-Словения, медицина, экспорт , импорт, тауар айналымы

Бұл жайында Астанада ұйымдастырылған Қазақстан-Словения бизнес-форумында белгілі болды. Қазақстан мен Словения парламентаралық комиссиясының төртінші отырысы аясында ұйымдастырылған шараға қатысқан денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс медицина саласында жаңа деңгейге көтерілетінін мәлімдеді.

Вице-министрдің сөзінше, Словениядан Қазақстанға импортталатын тауарлардың негізін дәрілік заттар құрайды. Бұдан бөлек, біздің елге түрлі екпелер, металл конструкциялары, мұнай өңдеу саласына қажетті заттар, телефон аппараттары және тағы да басқа тауарлар жеткізіледі. Жалпы, былтыр Словениядан Қазақстанға тауар импорттау көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға ұлғайып, 67,2 млн АҚШ долларын құраған екен.  

«Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуымен екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс нығая түсті. Сондықтан, тараптар арасындағы нормативтік-құқықтық негіздерді кеңейту қажет. Бұл ретте, біз денсаулық сақтау және ақпарат салаларын дамытуда Словенияның тәжірибесіне иек артпақпыз. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласын цифрландыру, оның тиімділігін арттыруда словениялықтардан үйренеріміз көп», – дейді Алексей Цой.

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы инвестиция тарту департаментінің басқарушы директоры Эрик Якубаевтың сөзінше, Словения Қазақстанның денсаулық сақтау саласына инвестиция салуға дайын.  

«Бірақ, бұл олар ұсынған дүниенің бәрін қабылдай беру деген сөз емес. Біз Қазақстанның талаптарына сай келетіндерін ғана қарастырмақпыз», – деп түсіндірді Эрик Якубаев.

«KAZAKH INVEST» өкілінің айтуынша, дәл осындай форум осы жылдың қыркүйек айында Словенияда да ұйымдастырылмақ.

«Бүгінгі форум аса ауқымды шара емес. Есесіне, бұл форумға тек нақты бір бағыт бойынша серіктестік орнатуға мүдделі кәсіпкерлер жиналып отыр. Мұндай форматта жұмыс істеу біз үшін өте тиімді. Оның нәтижесі де жоғары болмақ. Әзірше нақты бір келісімдер туралы айтуға ертерек. Дегенмен, қыркүйек айында дәл осындай форум Словенияда да ұйымдастырылады. Аталған шарадан соң барлығы айқындала түспек», – дейді Эрик Якубаев.

Орталық-Шығыс Еуропада орналасқан Словения Қазақстан үшін кәрі құрлықтағы серіктес елдердің бірі. Сондықтан, екі ел арасындағы іскерлік байланысты артту мақсатында 2014 жылы Қазақстан-Словения бизнес клубы құрылған болатын. Атап өтерлігі, оның құрылуына кәсіпкерлердің өзі мүдделі болған.

2018 жылдың 1 мамырындағы дерекке сүйенсек, Қазақстанда 33 словениялық заңды тұлға тіркелген. Оның 20-сы нақты жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, елімізде таза Словения капиталын тарту нәтижесінде 11 кәсіпорын құрылған. Олар фармацевтика, жаңартылмалы энергия көздері, телекоммуникация салаларында жұмыс істейді.

Сондай-ақ, қос мемлекет арасында көлік-логистика саласында да байланыс орнатылған. Бұл ретте, контейнерлік транзиттік тасымал жыл сайын ұлғайып келеді. Еске сала кетейік, Қытай мен Еуроодақ елдері арасындағы транзиттік тасымал Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырылады. 2017 жылдың қорытындысы бойынша тасымалданған жүк көлемі 200 мың контейнерді құраған екен.

Қазақстан мен Словения арасындағы тауар айналымы да жақсара түсуде. Мәселен, былтыр бұл бағытта қос мемлекетте те жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Дәлірек айтсақ, 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырған 13,7%-ға артып, 112,8 млн АҚШ долларын құраған.

Словенияға бағытталған Қазақстан экспортының көлемі де артып келеді. Мәселен, өткен жылы экспорт көлемі 11,4%-ға өсіп, 26,6 млн АҚШ долларын құрады. Оның ұлғаюына ферроқорытпа мен алюминий экспорты оң әсер еткен. Былтыр Қазақстаннан Словенияға ферроқорытпа жеткізу көлемі 19,7 млн долларға тең болса, алюминий экспорты 5,4 млн долларды құраған. Сондай-ақ, бөлшек саудаға арналған дәрілік заттарды экспорттау көлемі де ұлғайған. Бұл көрсеткіш былтыр 1,1 млн долларға жетті.

Фархат Әміренов