"Соғысатын кез жетті". Израиль Газаның 1,1 миллион тұрғынын алдағы 24 сағатта оңтүстікке көшуге шақырды

4278

Болжамдарға қарағанда, бұл секторда құрлықтық операция басталуы мүмкін. Алайда Израиль үшін Хамасты биліктен тайдыру тиімсіз тәрізді.

"Соғысатын кез жетті". Израиль Газаның 1,1 миллион тұрғынын алдағы 24 сағатта оңтүстікке көшуге шақырды Фото: reuters.com

Израиль Газа секторын бомбалап қана қоймай, оған жаяу әскер кіргізіп, құрлықтық операция бастауға әзірленіп жатқан тәрізді. Сол мақсатпен Газаның айналасына танкілерін шоғырландырды. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, осындай шақта 1,1 миллион газалыққа алдағы 24 сағатта сектордың оңтүстігіне көшуі қажеттігі ескертілген, .

"Соғысатын уақыт жетті",- дейді Израиль әскерилері. Олар демалыс күндері Израиль қалаларын қанға бөктірген Хамасты жоюға уәде беріп отыр.  Бірақ осы мақсатқа жетемін деп, Израиль үлкен халықаралық сынға ұшырауы мүмкін. Өйткені  бейбіт палестиналықтар арасында құрбандар көбейіп келеді. Тағы бір айта кететін жайт – Израиль лидерлері адам ұрлаушыларды өлтіріп, олардың қолындағы ерлерді, әйелдерді, балалар мен қарттарды аман алып қалудан үмітті. Алайда, Израиль сектордың бейбіт тұрғындарын қырғынға ұшырата беретін болса, хамастықтар өздері Газаға сүйреп апарған 150-дей израильдікті мерт қылатынын хабарлады. 

Бұған жол бермеу үшін Израиль амалсыздан Хамасты тіпті Газаның билігінде қалдыруы ғажап емес.

Еврей мемлекетінің алдында тұрған таңдауларға тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

Қауіпті құрлықтық операция

Израиль Газа секторында құрлықтық операция бастауы әбден мүмкін. Осыған дейінгі төрт соғыстың екеуінде ол мұндай қадамға барған екен. 

Бұның нәтижесінде Газаның ішіндегі күштер Хамастың жоғары лидерлерін өлтіріп, кепілдегілерді босатуы мүмкін. Дегенмен, құрлықтық шабуыл кезінде екі жақ та үлкен шығынға ұшырауы ықтимал. Ал көше соғысында жылдар бойы туннельдер мен тұзақтарын дайындап қойған хамастықтардың оңай берілуі екіталай.

Қысқасы, сенбідегі шабуылға бір жыл бойы әзірленген Хамас кең ауқымды соғысқа да дайындалған тәрізді.

Израильдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы басшысы және отставкадағы генерал Гиора Эйландтың сөзінше, құрлықтық операция Израиль үшін "сұмдық қателік" болуы мүмкін. Себебі жауынгерлер әрбір үйді тінтіп, бірнеше шақырымға созылатын туннелдерді миналардан тазарта отырып, мыңдаған хамастықпен соғысуға мәжбүр болады және де армия Газада айлар бойы қалып, талай адамынан айрылуы мүмкін.

"Біз білетін шайтан"

Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Хамасты "басып, жоюға" уәде берді. Бұл мүмкін болса да, сарапшылар Израиль сол үшін өкінуі ғажап еместігін айтады.

Хамас Палестина қоғамына тамырын терең жайған. Оның мұнда армиясы бар. Сонымен қатар, Хамастың Газа секторындағы үкіметі ауқымды әлеуметтік қамтамасыз ету бағдарламасына ие. Бұл аздай, Хамастың Газада, оккупацияланған Батыс жағалауда, Ливанда миллиондаған қолдаушысы мен шетелде лидерлері бар.

Израиль Газаны қайтадан оккупациялайтын болса, оның 2,3 миллион халқын басқарып, сол миллиондарға негізгі қызметтерді көрсетіп, бір жағынан көтерілісшілермен күресіп отыруға мәжбүр болады. Сонымен қатар, Хамас биліктен аластатылса, оның орнына тіпті радикал топтар келмейтініне кепілдік жоқ.  

"Израиль Хамас режиміне балама жоқ екенін түсінеді. Бұл біз білетін шайтан", — дейді Тель-Авив университетінің Палестина істері жөніндегі сарапшысы Майкл Милштейн АР агенттігіне берген сұхбатында.

Бейбіт халық пен ұстамдылық

Бұрынғыға қарағанда, осы жолғы соғыста Израильді ұстамдылыққа шақырып жатқандар көп емес: АҚШ пен өзге одақтастар Хамастың әрекеттерінен шошынып, Тель-Авивке темірдей қолдау көрсетуге уәде берді.

Бірақ Газадағы халықтың зардабы ауырлаған сайын, жағдай өзгеруі мүмкін. Газаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің тұтас кварталдарды жермен-жексен еткен соққыларынан секторда 1500-ден астам адам қаза тапқан. Сол құрбандардың 500-і балалар, 276-ы – әйелдер. Бомбалау операцияларынан бас сауғалаған бейбіт тұрғындар БҰҰ-ның қарамағындағы мектептерге жиналып жатыр.

Бұл аздай, Израиль Газаға ауыз су, отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік енгізуді тоқтатты. Ал жалғыз электр станциясы отын таусылғандықтан істен шығып,  палестиналық территория сәрсенбіден бері жарықсыз отыр.

"Басты идея - Газа секторына кіру, Хамасты жою және оның шабуылдарына енді жол бермеу. Мұны Газа секторындағы бейбіт халықты қырғынға ұшыратпай жүзеге асыру мүмкін емес", - дейді Ұлыбританияның Біріккен қызметтер жөніндегі корольдік институтының аға ғылыми қызметкері  Х. А. Хеллиер.

Палестина мәселесі

Хамастан көп уақыт бұрын пайда болған Газа секторының негізгі проблемасы - Израиль-Палестина шиеленісі.

Егер Израиль Хамасты жеңсе, шамамен 7,5 миллион еврей мен осынша палестиналық Израиль мен ол басқаратын аумақтарда бәрібір бір-біріне жақын жерде өмір сүреді. Айырмаышылығы сол – палестиналықтар әскери оккупация қарамағында болады.

Он жылдан астам уақыт бойы бейбіт келіссөздер жүргізілген жоқ және екі мемлекет мәселесін шешуге деген үміт сөніп барады. Ал адам құқықтарын қорғау топтарының сөзінше, Израильдің палестиналықтарды қадағалау тәсілін апартеидке теңеуге болады.

1948 жылы Израиль құрылғаннан кейін басталған соғыс кезінде қашқан немесе қоныс аударған палестиналықтар Қасиетті жерде қайтсе де қалуға бел буып отыр. Көрші Мысыр мен Иордания да олардың жаппай көшкеніне үзілді-кесілді қарсы.

Соған қарамастан, жұма күні Израильде әсіре ұлтшылдар палестиналықтарды жерлерінен жаппай көшіру баселесін көтерді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу