Сот Денис Тенге қатысты қылмысты қарақшылық сипат деп тапты

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2208

Алматыда  қарақшылардың қолынан қаза тапқан мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдіктілерге сот үкімі шықты.

 Сот Денис Тенге қатысты қылмысты қарақшылық сипат деп тапты

Алматыдағы қылмыстық істер бойынша арнайы мамандандырылған сот ғимаратында судья Кеңшілік Әбелдинов айыпталушыларға қатысты сот үкімін оқыды.

Арман Құдайбергеновке "Алдын ала келісіп ұрлық жасау", "Алдын ала келісіп жасалған қарақшылық" , "Алдын ала келісіп жасалған адам өлтіру" баптары бойынша айып тағылған болатын.

Танымал спортшының өліміне қатысты қылмыстық істе үшінші күдікті болған Жанар Толыбаева "Қылмысты жасырып қалу" бабы бойынша айыпталды.

Айта кетерлігі, Денис Теннің өліміне қатысты сот процесі екі аптадан астам уақытқа созылды.

Күнделікті жүріп тұрған сот отырысында оқиғаға қатысы бар көптеген  куәгерлерден жауап алынды.

Оксана Тен тергеу барысына көңілі толмайтынын айтып, оны қайта жүргізуді талап еткен болатын.

Күні кеше ғана болған сотта екі тарап арасында жарыссөздер болып, сотталушылар өз сөзін айтқан еді.

Нұралы Қиясов өзін кешіруін өтініп, жазаның кез келген түрімен келісетінін айтты.

Денистің көлігінен айнаны шешіп алған Арман Құдайбергенов соңғы сөзінде танымал спортшыны періштеге теңеп, ұлы тұлғадан айырылып қалғанына өкінетінін білдірген.

Сот процесі кезінде  судья күдіктілерге қатысты үкім шығарып, олардың қандай мөлшерде өтемақы төлеуі қажет екені белгілі болды.

"Қылмыстық кодекстің 198 бабы 5 тармағына сәйкес жәбірленушілер өтемақы қорына Арман Құдайбергеновтен – 30 АЕК (72150 теңге), Нұралы Қиясовтан – 30 АЕК (72150 теңге), Жанар Толыбаевадан – 20 АЕК көлемінде мәжбүрлі төлем өндірілсін.

Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов мемлекетке келтірген шығындары үшін 1 млн 860 520 теңге, әрқайсысынан 930 260 тенгеден өндірілсін.

Сотталған Құдайбергеновтен жәбірленуші Атабаевтың пайдасына 410631 теңге, ал жәбірленуші Шамшиевтің пайдасына 100 мың теңге материалдық шығын ретінде мемлекет пайдасына 5160 теңге БАЖ салығы өндірілсін", – деді судья Кеңшілік Әбелдинов.

Денис Теннің өліміне қатысты күдіктілердің бірі болған Жанар Толыбаеваға "Алдын ала келісілген ұрлық" бабы бойынша тағылған айып алынып тасталды.

Естеріңізге сала кетейік, Жанар Толыбаеваға алдын ала сөз байласу арқылы қылмыс пен ұрлық туралы хабарламағаны үшін айып тағылған.

Сотқа Жанар Толыбаеваның ата-анасы қатысып, соттың үкімімен келіспейтінін, қызын қылмыскер санамайтынын айтты.

"Бұл ауыр жаза. Менің қызым қылмыскер емес. Қылмыскер деп ойламаймын. Ол ешқашан қылмыс жасамаған. Ол – үлгілі мұғалім. Бұл жай ғана жазатайым оқиға болды", – деді көз жасына ерік берген Жанардың анасы. Үкімнен кейін Жанар Толыбаеваның адвокаты Аманкелді Сариев апелляциялық инстанцияға жүгінетінін айтты. Оның айтуынша, бұл қылмыс тапсырыспен жасалды деген қисынға келмейді.

"Бұл қылмысқа ешкімнің, үшінші, төртінші адамдардың қатысы барына дәлел жоқ. Мұнда адамды өлтіру құрамы жоқ. Көрдіңіздер ғой, телефондары, ақшасы, айфоны, көліктің айнасы бәрі қалған. Қарақшылық жасағысы келсе, сөмкені босатып алып кетпей ме", – деді Жанар Толыбаеваның қорғаушысы Амангелді Сариев. Оның айтуынша, Жанар Толыбаева Теннің қайтыс болғанын Қапшағайда қыдырып жүргенде естіген.

Айыпталушы Жанар Толыбаева да төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейлі мекемеде өтейтін болады. Алайда оның жүктілігіне байланысты ол жазасын кейін өтейді. 
Олимпиада жүлдегері Денис Тен қайтыс болғаннан кейін бұл іс қоғам мен журналистердің назарында болды. 2018 жылы 25 желтоқсанда іске қатысты сот тыңдауы басталғанда процеске қатысушылар мен журналистерден өзге бірнеше қала тұрғыны да келіп қатысқан. Бұған дейін Денистің анасы Оксана Тен қос полицейдің үстінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетке арыз жазды, қазіргі таңда іс уақытша тоқтатылған. "Бұл істе мен куәгер ретіндемін, оларға ешқандай талап қоя алмаймын. қазіргі таңда іс уақытша тоқтатылған. Полицейлер бұрынғыша жұмыс істеп жүр, қылмыстық іс болса да қызметінен шеттетілген жоқ. Бұл іске жәбірленуші ретінде қатыса алуым үшін, істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бөлімнен басқа органдарға беруді тағы бір мәрте талап етемін. Әйтпесе, бұл полицейлердің үстінен жаңа арыз жазамын", — деген еді Оксана Тен жарыс сөз барысында.

Бүгінгі сот отырысында Оксана Тенмен сұхбаттасудың сәті түспеді. Отырыс ашық болғанмен процесс басталған кезде Денис Теннің анасы, үш күдікті өздерін фото және видеоға түсіруге рұқсат бермейтінін айтты.

Соңғы күні процес журналистердің қатысуымен өтті.  Көп күткен сот үкімі  Денис Тенге қатысты қылмысты қарақшылық сипат деп тапты. Бұл көп көңіліндегі күдікті тарқата алмады.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу