Соңғы бес күнде 5 мың баланың түнгі клубта жүргені анықталды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3116

Ал жыл басынан бері дәл осындай себеппен 38 мыңға жуық бала ішкі істер органдарына жеткізілген.

Соңғы бес күнде 5 мың баланың түнгі клубта жүргені анықталды

Үш айлық демалыс аяқталып, жаңа оқу жылы басталса да, мектеп жасындағы балалар түнгі уақытта ата-аналарынсыз қыдыруды доғарар емес. Мәселен, соңғы бес күнде түнгі клубтарда жүрген кәмелеттік жасқа толмаған 5 мыңға жуық бала ішкі істер органдарына жеткізілген. Олар бұл уақытта үйде болуы керек еді.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболовтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері 38 мыңға жуық баланың түнгі клубтарда жүргені анықталған. Бұл ретте, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды көңіл көтеру орынына кіргізгені үшін шамамен 600-дей мекеменің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған балаларға алкоголь және темекі өнімдерін сатқаны үшін 2 мыңға жуық дүкеннің иесіне айыппұл салынған.

Ал ата-ана бақылауынсыз жүретін мұндай балалардың қылмысқа үйір болатыны әу бастан белгілі. Оның үстіне олар қара ниетті қаскөйлердің құрбанына айналуы да бек мүмкін. Мәселен, соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша елімізде балаларға қатысты 78 зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Өкінішке қарай, оның бәрі сексуалды сипатта болған. 

"Кішкентай балалар зардап шекті. Жыл басынан бері баланы өлтіру фактісі де тіркелді. Өз-өзіне қол жұмсаған балалар да жоқ емес. Жыл басынан бері 124 бала өз-өзіне қол жұмсады. Қылмыс жасаған мектеп жасындағы балалар да бар. Олардың саны – 2 082", – дейді Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева.

Оның сөзінше, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жауапты органдар жаңа жоспар әзірлеуде. Бұл жердегі жауапты органдар деп отырғанымыз ішкі істер министрлігі, прокуратура, білім және ғылым министрлігі. Жоспарда балалар қалай жүріп, қалай тұруы керектігі толығымен жазылған.

"Қазақстан Бала құқықтары жөніндегі уәкілі болып тағайындалғаныма екі ай болды. Осы уақыт ішінде 80-ге жуық өтінім келіп түсті. Өтінімдерді сараптай келе аңғарғанымыз, отбасылық қарым-қатынас пен алименттік міндеттемелер, әлеуметтік және тұрғын-үйлік құқықтық, балаларды тәрбиелеу секілді мәселелер өткір тұр. Мен өтінім берушілерге қолданыстағы заңнаманың талаптарын түсіндіріп беремін. Мемлекеттік органдарды, министрліктерді мәселені шешуге тартамын. Билік өкілдерінің әрекет етуі немесе етпеуінің себебін түсіндіремін. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдар азаматтардың заңнамалық құқықтары мен мүдделерін түсіндіріп бермейді", – дейді Сәуле Айтпаева.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, қылмысқа баратындардың басым көпшілігі ата-ана мейіріміне мұқтаж, өздерін жалғыз сезінетін балалар. Сондай-ақ балалардың қылмысты жолды таңдауға жауапсыз ата-аналар да кері әсерін тигізуде.

"Мұндай қиындықтан шығудың бірден-бір жолы адами-рухани білім, өз-өзі тану бағдарламаларын әзірлеп, заң тұрғысынан бекіту", – дейді Сәуле Айтпаева.

Осы орайда, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап балаларды қорлаған, жалпы зорлық-зомбылық жасаған азаматтарға химиялық кастрация жасалатынын атап өткен жөн. Жыл басынан бері сот шешімі негізінде химиялық кастрацияны жасауға бір өтінім келіп түскен. Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, бұл шараға республикалық бюджеттен тиісті қаражат қарастырылған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу