Станимир Стойлов: Футболшылардың деңгейлері өте төмен

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2916

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері алғашқы екі ойыны алдында өз ойымен бөлісіп, күрмеуі күрделі мәселелерді көлденең тартты.

Станимир Стойлов: Футболшылардың деңгейлері өте төмен Фото: kff.kz

– Өте ұзақ және тауқыметі зор жолды бастағалы тұрмыз. Ұлттық құраманың деңгейін көтеру керек. Өйткені ФИФА рейтингісіндегі дәл қазіргі орнымыз федерацияны да, мені де, ешкімді де қанағаттандырмайды. Рейтингте жоғары өрлеу керек. Сол себепті, құраманың ойын өрнегін өзгертуіміз керек. Бұған дейін, негізінен қорғанысқа көп көңіл бөлінді. Енді, яғни Ұлттар лигасы додасында қорғаныс пен шабуылды ұштастыра білу керек. Алғы шептегі ойынымызды жетілдіре түсу қажет.

Осы айдың аяғында Венгрия және Болгария құрамаларымен жолдастық кездесу өткіземіз. Екеуі де – бізге қарағанда деңгейі жоғары құрамалар. Осы ойындарда ұлттық құраманың мүмкіндігін байқап көреміз. Матч қандай есеппен аяқталса да, бізге еуропалық деңгейде ойнауға тырысу қажет.

Әзірше маусым айындағы жолдастық кездесулеріміз әлі белгісіз, қандай құрамалармен кездесетіндігіміз анықталған жоқ. Ұйымдастыру мәселесі ақсаулы. Бәріне де өзгеріс қажет, бәрін де кәсіпқой тұрғыда бастау керек. Федерация президенті мен Бас хатшысы дұрыс жолды ұстанғанымызды түсінеді. Футболшылар үшін жан-жақты жағдай жасалуға тиіс. Сонда ғана біз олардан жоғары деңгейлі ойын және нәтиже талап ете аламыз. Әрине, мұның бәрі оңайшылықпен жүзеге аспайды. Алайда, ерте ме, кеш пе жеңіске жетеріміз анық. 

Екі аптаның ішінде премьер-лигадағы командалардың барлық ойындарын көріп, саралап шықтық. Шынымды айтайын, Қазақстан футболшыларының деңгейлері – өте төмен. Мені осы алаңдатады. Екі айдың ішінде спорттық баптарына келуге болады ғой. Үздіксіз жаттықсам, тіпті мен де спорттық бабыма келіп үлгерер едім. Сондай-ақ футбол алаңдарының сапасы сын көтермейді.

Көпшілік құрама сапында "Астана" мен "Қайраттың" ойыншылары тым көп деп, дүрлігіп жатқандай. Көп болатын жөні бар. Өйткені, "Астана" өзінің деңгейі жоғары екендігін дәлелдеген команда, ал "Қайрат" соған жетеқабыл деңгейде ойнай алады. Маған жоғары мақсаттарға қол жеткізуге дайын футболшылар керек. Кеше мен Қазақстан құрамасының соңғы екі жылдағы ресми ойындарда жеңіске жетпегендігін білдім. Соңғы рет 2015 жылдың аяғында жеңіске жетіпті. Бұл тым көп уақыт. Бірақ біз бәрін де өзгерте аламыз. Шүмектетіп тер төу қажет, уақыт қажет.

Жеті айдан кейін Ұлттар лигасы басталады. Бізге өте қиын болады. Біз үшінші қоржында болған командамыз, біз фаворит емеспіз. Басты қарсыластарымыз – Грузия және Латвия құрамалары. Десек те, бірінші орынға таласуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін ойыншыларымыз өз клубтарында жетіле түсіп, өздерін қамшылай түсулері керек. Олармен салмақты түрде сөйлесеміз. Ұлттық құраманың ойынын жетілдіре түсу үшін, деңгейін көтеру үшін уақыт керек. Стойлов келді, енді құрама аяқасты бәрін жеңіп, таң қалдыра бастайды деп ойлаудың қажеті жоқ.  

– Құрама сапына шақырған үш қақпашыңыздың екеуі әлі алаңға шыққан жоқ. Рас, Плотников суперкубокта ойнады. Бірақ үш гол жіберіп алып, қосалқы құрам орындығында отыр. Мокинді алаңнан көрмегелі біраз болды. Әрі сол екеуінің жастары да келіп қалған. Болашағынан үміт күтетін қақпашылар санатына жатқыза алмаймыз. Біреу биыл 37-ге толады, екіншісі 32-де. Басқа ешкім жоқ па?

– Мәселе олардың жастарында емес. Мен олардың төлқұжаттарына қарамаймын. Мәселе – олардың маған қажетті деңгейде өнер көрсете алатындықтарында. Эрич, Мокин және Плотников өздерінің жоғары деңгейде ойнай алатындықтарын көрсетті. Басқа қақпашылар олардың деңгейіне жете алмайды. Жоғары деңгейлі қақпашылар болып, оларды шақырмайтындай, мен өзіме жау емеспін. Ұлттық құрамада тек ең үздік футболшылар ойнайтын болады. Менің сүйікті ойыншыларым жоқ.

– Венгрия және Болгария құрамаларымен ойнайсыздар. Неге осы екі құраманы таңдадыңыздар? Әрі Қазақстан құрамасының қандай ойын өрнегін көрсеткенін қалайсыз?

– Мен шабуылда да, қорғаныста да мұқият ойнағанды қалаймын.Соны көргім келеді. Алаңда темірдей қатаң тәртіп керек. Венгрия мен Болгария – азулы қарсыластар. Бұл матчтарда нәтиже маңызды емес. Маңыздысы – ойын өрнегімізді жетілдіру. Жалпы, жолдастық кездесулер өткізудің өзі оңайға соқпай тұр. Жазда қандай командалармен ойнайтынымызды білмейміз. Егер жолдастық кездесулердегі қарсыластарды мен таңдайтын болсам, ойын өрнектері Ұлттар лигасында кездесетін қарсыластарымызға жақын, солардың ойындарына ұқсайтын командаларды қарастырар едім.

– Екінші турдан кейін құрама сапында өзгерістер бола ма?

– Болмайды. Тек Жуков, Лунин және Логвиненко үшеуі жарақат алып қалды. Олардың орындарын тек Дмитрий Мирошниченкомен толықтырдық. Виза мәселесі тағы бар. Венгрияға 22 ойыншы апарамыз. Жас ойыншыларымыздың іс жүзінде тексеріп көруді жоспарлап отырмын. Сейдахмет, Зайнутдинов және Парагульгов үшеуін еуропалық деңгейде сынақтан өткізіп көргім келеді.

– Ұлттық құраманың капитаны кім болады?

– Капитан таңдауға әлі асықпайық. Ұлттық құрама сапына шақыртылған жігіттердің кез келгені оған лайық. Бәрі де ел намысын қорғайды. Өз шешімімді сәл кейінірек айтамын. Мен әлі негізгі құрамға да тоқталған жоқпын. Маған капитан емес, команда маңызды.

– Бауыржан Исламхан құраманың көшбасшысы және капитаны болуға лайық па?

– Бұл ойыншының таланты бар. Бірақ оған қорғаныста да командаға көп пайда тигізуге тырысу қажет. Ойынын жетілдіре түссе, шабуылды да сәтті аяқтап отыра алады. Әзірше оның бос жүгірісі көп. Егер ол алаңда өз орнын тауып, өзін-өзі жетілдіре түссе, Еуропадағы жоғары деңгейлі футболшыға айнала алады. Әрине, біз оған бұл тұрғыда көмектесетін боламыз. Ал оның талантына шүбә келтірмейміз.

– Осы екі ойынға шақыртылған футболшылар ұлттық құраманың негізі қалайтын бола ма?

– Жоқ. Егер басқа ойыншылар ел чемпионатында көзге түсіп, жоғары деңгейде өнер көрсететін болса, оларды да шақырамыз. Қайталап айтамын, менің сүйікті ойыншыларым жоқ. Кім жақсы ойнайды, сол құрама сапына алынады.

– Құраманың осал тұсы – шабуыл. Бұл мәселені қалай шешпексіз?

– Әзірше, бізде екі шабуылшы бар. Олар – Хижниченко мен Щеткин. Шабуыл өтіне Муртазаевты да қойып көруге болады. Көреміз, кімнің лайық екенін әлі. Бізде қазір негізгі мәселе шабуыл емес, қорғанысымыздың орталық шебі болып тұр. Логвиненко қатардан шығып қалған, онсыз өте қиын болады. Алдағы екі ойынның нәтижелері көңілге қонымды болмаса да, қыркүйекке дейін ойын өрнегімізді жетілдіріп алуымыз керек. Ең бастысы да, маңыздысы да – осы.

– Сіз өзіңіз клубты жаттықтырғанды ұнататындығыңызды айтқансыз. Құрама сапындағы бас бапкерлік жұмысқа бейімделіп үлгердіңіз бе?

– Мен өз пікірімді өзгерте алмаймын. Маған клубты жаттықтырған ыңғайлы. Өйткені, мен оларды күнде жаттықтырып, жетіле түсулеріне ықпал ете аламын. Бірақ құраманы жаттықтыруға бейімделу қиын болады деп айта алмаймын. Ең бастысы, ойыншылар құрама сапында болатын қысқа уақытта менің талаптарымды дұрыс түсініп, соларды мүлтіксіз орындап отырса болды. Менің Қазақстанда жүргеніме төрт жыл болды. Байқағаным, барлық жанкүйерлер ұлттық құрама үшін күйзеліп, бүкіл Қазақстан жеңіс күтеді. Қазір бәрінен де, атап айтқанда, жанкүйерлерден де, БАҚ өкілдерінен де, әрине ұлттық құрама үшін жандарын шүберекке түюлері тиіс футболшылардан да көмек керек. Біз жанкүйерлер және бүкіл ел алдындағы жауапкершілік жүгінің тым ауыр екенін түсінеміз. Ұлттық лигада топ жару үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу