Студенттер жатақханасы МЖӘ аясында салынбақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4125

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарттарының көп бөлігі (52%) білім беру саласына тиесілі.

Студенттер жатақханасы МЖӘ аясында салынбақ Фото: sputniknews.kz

Студенттерге арналған жатақханалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуы керек. Бұл – үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы. Үкіметтің бүгінгі отырысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайы талқыға түсті.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында осы уақытқа дейін 766,4 млрд теңгеге 212 келісімшарт тіркелген. Ал 2018 жылдың І тоқсанында 521,5 млрд теңгеге 16 келісімшарт жасалды. Оның екеуі – республикалық, 14-і – өңірлік.

"Осы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 90,6 млрд теңгеге 140 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде биылғы жылдың І тоқсанында құны 1,2 млрд теңге болатын 8 нысан іске қосылды. Сонымен қатар, 1,6 трлн теңге болатын 620 жоба түрлі деңгейдегі дайындық кезеңдерінен өтуде", – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарттарының көп бөлігі (52%) білім беру саласына тиесілі. Бұл салада 218 нысан бойынша 212 келісімшарт жасалған. Одан кейінгі орындарда денсаулық сақтау (19%), мәдениет және спорт (14%) салалары тұр. Өзге салалардың үлесі – 15%.

"Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалану оң нәтиже беруде. Осы уақытқа дейін 140 нысан іске қосылды. Бұл бюджетке біржолғы жүктемені 90,6 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік берді", – деді министр.

Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту үшін заңнамалық шаралар қабылданған. Мәселен, 2017 жылдың соңында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін одан әрі жетілдіру мен жеңілдету бойынша заң қабылданды. Аталған заңға сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының сараптама жұмыстары мен мақұлдау мерзімдері 7 айдан 3 айға дейін қысқартылды. Сондай-ақ, үш және одан да көп жылға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша тұтыну кепілдігін беру қарастырылған.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, инвесторлар тарапынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттарына сенім артып келеді.  Бұған өз қаражатын осы саладағы жобаларға салуға дайын жеке қаржы бастамалары санының көбеюі дәлел болып отыр.

"Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жасалған шарттар саны бойынша Шығыс Қазақстан (71), Оңтүстік Қазақстан (22), Қарағанды (21), Қостанай (20) облыстары көш бастап тұр. Ал тартылған инвестиция көлемі бойынша Ақтөбе облысы алда келеді – 15,4 млрд теңге. Одан кейінгі орындарға Астана қаласы (15,1 млрд теңге), Шығыс Қазақстан облысы (12,3 млрд теңге), Оңтүстік Қазақстан облысы (10,8 млрд теңге) жайғасқан.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында республикалық маңыздағы автомобиль жолдарын ақылы ету мәселесі пысықталуда. Бұл ретте, алдағы үш жылда 15 мың шақырым жолға ақылы жүйені енгізу ұсынылып отыр. Министрдің сөзінше, аталған жүйе 10 жыл пайдаланылады. Жобаны бастау туралы хабарлама 2 сәуір күні жарияланған.

Жалпы, инвестициялар және даму министрлігі жетекшілік ететін салаларда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 44 жоба іске асырылу үстінде. Соның бірі – Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы. Жеңіс Қасымбектің сөзінше, "Алсим Аларко – Макйол – СК – Кореян ЭкспрессВэй" консорциумы аталған жобаның құрылысы бойынша дайындық жұмыстарына кірісті. Осы жылдың мамыр айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталмақ. 2021 жылы айналма жолды ақылы негізде пайдалануға беру көзделіп отыр.  

"Министрлік айналма жолдың құрылысымен қатар, Алматы станциясын айналып өтетін ұзындығы 74 шақырымдық теміржол желісінің құрылысына дайындықты бастады. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізілді. Енді мемлекеттік сараптама жүргізілуде. Сонымен қатар, конкурстық құжаттама әзірленуде. Инвесторды анықтайтын конкурсты осы жылдың қарашасында өткізу жоспарланып отыр", – деді Жеңіс Қасымбек үкімет отырысында.

Теміржол желісін салуға 96,6 млрд теңге жұмсалмақ. Жоба құрамына тораптық станцияларды салу және қайта қалпына келтіру, разъезд бен желілердің құрылысы, оларға электр жүйесін тарту енбек.  

Бұдан бөлек, министрлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында "Алматы-Қорғас" автомобиль жолы учаскесінде (Батыс Еуропа – Батыс Қытай) "Нұр жолы" өткізу пунктін салу және пайдалану жобасын, ұзындығы 254 шақырым болатын Оңтүстік Қазақстан облысында жүрдек автомобиль жолдарын салу және пайдалану концессиялық жобасын, Әуе жүк тасымалы саласында қағазсыз құжат айналымының ақпараттық жүйесін енгізу және бейімдеу (e-Freight), әуе жолаушылары туралы мәліметтерді жинаудың автоматтандырылған жүйесін құру секілді жобаларды іске асыруда.

"Министрлік өңірлермен, Еуропа қайта құру және даму банкімен  бірлесе отырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру моделін ұсынады. Қазіргі уақытта барлық өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің түрлі формаларын енгізу бойынша 33 пилоттық жоба іріктелді. Сондай-ақ, министрлік өңірлермен бірлесіп, энергияны үнемдеу саласында 9,7 млрд теңгенің 3 жобасын жүзеге асыруда", – деді Жеңіс Қасымбек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу