Студентті кәсіпке баулитын бизнес-инкубатор

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3285

Жобаның мақсаты – студентке оқып жүріп болашақ кәсібінің іргетасын қалауына мүмкіндік беру.

Студентті кәсіпке баулитын бизнес-инкубатор

Инновациялық жобаларды әзірлеу мен оны жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай қалыптастыру – кез-келген білім ордасы үшін басты маңызға ие болуға тиіс. Өйткені мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауында осы мақсатта қолға алынуы тиіс жобаларға нақты бағыт-бағдар берілген. Елордадағы "Тұран-Астана" университетінде жуырда ғана студенттер бастамасымен "Тұран-Болашақ" атты бизнес-инкубатордың ресми түрде ашылу салтанаты өтті.

8 жоба негізінде құрылып, 3 тілде еркін жұмыс істеуге лайықталған студенттік бизнес-инкубатордың басты мақсаты – заманауи нарыққа бейімделген, еркін төселген, инновациялық бизнесті басқаруға және ұйымдастыруға қабілетті кәсіпкер дайындау. Астанадағы жоғары оқу орындары арасында алғаш рет іске қосылған бизнес-инкубатордың ашылу салтанатына "Атамекен" палатасы мен "Даму" қорының, өзге де мүдделі мемлекеттік мекемелердің өкілдері, іскерлер қауымдастығының жетекшілері және кәсіпкер жастар қауымы қатысты. Жиында сөз алған университет ректоры Гүлжамал Жаппарова бұл орталық студенттер мен оқытушыларды заман талабына сай инновациялық белсенділікке баули отырып, елімізді технологиялық жаңғыруға бір қадам болса да жақындата түсетінін алға тартты.

"Бұл жерде студентке оқып жүріп болашақ кәсібінің іргетасын қалауына мүмкіндік беру көзделген. Сондықтан да бүгінгі бизнес-инкубатордың міндеті – ғылым мен бизнестің түрлі саласында жастардың инновациялық жобаларын жүзеге асыруға қол ұшын созу және дамыту. Сөйтіп олардың алған білімін тәжірибемен ұштастыра отырып, бәсекеге қабілеттілігін шыңдау", – дейді Гүлжамал Жаппарова.

Айта кетейік, "Startup Univer" бизнес-инкубаторы алаңында "Startup Academy" IT-лабораториясы, "Innovative Business" консалтинг орталығы, "Аrt Amanat" шығармашылық студиясы, "Әділет" студенттік заң клиникасы, "Ψ-factor" психологиялық қызметі, "EXPO Travel" туристік бюросы және "Turan Speaking" тіл орталығы сынды инновациялық кәсіпкерлік қызметтер жұмыс істейді.

Университеттің инновациялық технология және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Қанат Даубаев бұл бизнес-инкубатор болашақ ірі кәсіпкерлер легінің қалыптасуындағы алғашқы баспалдақ екенін айтады.

"Ақиқатында солай болуы тиіс. Өйткені біз қазірдің өзінде өз шәкірттеріміздің идеяларын сәтті жүзеге асыру үшін "Даму" қоры мен "Атамекен" сынды кәсіпкерлікті қолдау ұйымдарымен әріптестік орнатып жатырмыз. Бұл жерде студенттер бизнес-жоспар жазуды меңгеріп, жеке кәсіпкер бола алады. Тіпті қаржы мәселелерінің шешілуіне де атсалысамыз деген жоспарымыз бар", – дейді Қанат Даубаев.

Ал енді жастар жүзеге асыратын жобалардың кейбіріне кеңірек тоқталып өтсек, "Innovative Business" консалтинг орталығы менеджемент пен маркетинг қызметін көрсетеді. Яғни мұнда бизнес-идеяны іске асырудың бастапқы кезеңінен, шарықтау шегіне дейінгі қадамдарды жүйелеуге қол ұшын созады. Жастардың көңілінен шыққан кәсіпкерлік саладағы бастаманың бірі – "Сұлулық академиясы" сервистік-қызметі мен қолдан жасалған әртүрлі бұйымды интернет-дүкен арқылы саудаға шығару жобасы бар. Сол сияқты жастардың ойлап тапқан туындыларының ішіндегі телефонға арналған қосымша бағдарлама студенттермен қатар, университет ұстаздарының да игілігіне айналатындай. Себебі кез-келген пайдаланушы әлгі бағдарламаны телефонына жүктеп алу арқылы сабақ кестесі мен уақытын, өтетін орнын, бағасы мен сабаққа қатысу тарихын, тіпті ұстаздарға қатысты мәліметтерге де оңай ала алады.

Сонымен қатар "Әділет" заң клиникасының үйренушілері азаматтарға заңнамалық кеңесті тегін беру арқылы тәжірибе жинайды әрі олар үш тілде қызмет көрсетуге бейімделеді. Бұл жерде бизнес-инкубатордың "Turan Speaking" тіл орталығының тиімділігін студенттер қауымы көретіні сөзсіз. Өйткені ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы EXPO-2017 көрмесі кезінде жөн сілтеп, жол көрсетушілер мен аудармашылар тобын дайындау мақсатында орталықта қытай, ағылшын, түрік тілдерін оқыту жоспарланған.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу