Су добынан да салымыз "суға кетіп" барады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2946

Жазғы спорт түрлеріндегі шежіресі мол, ең айбынды командамыз бүкіләлемдік суперфинал додасында соңғы орынды қанағат тұтты.

Су добынан да салымыз "суға кетіп" барады

Су добынан ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы – ел тарихындағы шежіресі мол, азулы ұжым. Үш рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан (2000, 2004 және 2012 жылдары). Азия ойындарының бес дүркін чемпионы! Азияның төрт дүркін чемпионы. Әлем чемпионатында жеті рет бақ сынаған. КСРО сапында Олимпиада чемпионы және жүлдегері болған саңлақтарымыз да бар. Нұрлан Меңдіғалиев, Асқар Оразалинов және Ерлан Аяпбергенов сынды ағаларымыз Кеңес Одағы құрамасының сапында атой салған.

Осы ағаларымыз салған сүрлеуге ізбасарлары да түсіп, халықаралық аренда ел намысын абыроймен қорғап жүретін. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ұлттық құрамамыздың кежегесі кейін тартып, деңгейі тұралап қалған сияқты. Бұлай дейтін себебіміз, су добындағы апайтөс жігіттеріміз 2015 жылғы Азия чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтып, Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады. Яғни 2016 жылы Риоға бармады. Дәл сол жылғы (2016) Азия чемпионатының финалында жапон жігіттерінен жеңіліп, күміс медальмен шектелді.

Енді міне, Будапеште өткен бүкіләлемдік суперфинал додасында соңғы орынға табан тіреді. Бізді алаңдататыны, "Сарықұрлықтағы" басты бәсекелесіміз, яғни Жанпония құрамасы Қазақстан құрамасынан тағы да асып түсті. Олар 4-орынға ие болды. Әрі олардың Инада Йосуке деген талантты шабуылшысы осы турнирде "ең үздік жас ойыншы" болып танылды. Ал биыл, күзгесалым Азия ойындары өтеді. Ұжымдық ойын түрінен алып жүрген жалғыз алтынымыздың өзі көзден бұлбұл ұшпай ма?!

Енді, Будапештегі бүкіләлемдік суперфинал додасына қысқаша тоқталып өтейік. Қазақстан құрамасын Венгриядағы халықаралық турнирге серб маманы Неманья Кнежевич бастап барыпты. Бұл бапкер біздің елде 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әуелі жасөспірімдер мен жастар құрамаларын жаттықтырып жүретін. Енді ұлттық құрама тізгіні сенім тапсырылыпты.

Қазақстан құрамасы Будапештегі суперфинал додасын "B" тобында бастады. Әуелі Хорватия қырандарынын 5:15 есебімен ұтылса, одан кейін Испания жігіттерінен 3:11, ал АҚШ құрамасынан 4:11 есептерімен ойсырай жеңілді. Ширек финалда "A" тобында бірінші орынға ие болған Црна Гора (Қаратау) құрамасымен кездесіп, 6:14 есебімен ұтылып қалды.

Бұдан кейін 5-8 орындарды сарапқа салатын төрттікте бақ сынап, әуелі Аустралия ватерполшыларынан 11:15 есебі есе жіберіп алды. Бұдан кейін қайтадан АҚШ құрамасымен кездесіп, 7-орынға таласты. Өкінішке қарай, бұл ойында да Қазақстан құрамасы жеңіліске ұшырады. Есеп – 3:9. Енді Халықаралық су спорты түрлері федерациясы жариялаған осы турнирдің қорытындысына көз жүгіртіңіздер:

1-орын. Црна Гора – $100 000 (сыйақы)

2. Венгрия – $70 000

3. Испания – $50 000

4. Жапония – $35 000

5. Хорватия – $30 000

6. Австралия – $25 000

7. АҚШ – $20 000

8. Қазақстан – $15 000

Бұл турнирге Қазақстан құрамасы мына құрамда қатысты:

қақпашылар – Валерий Шлемов, Павел Липилин; ойыншылар – Мирас Әубәкіров (2 гол соқты), Евгений Медведев (3), Руслан Ахметов, Роман Пилипенко, Алексей Шмидер (2), Мұрат Шәкенов (5), Александр Годоянюк (3), Рустам Укуманов (10), Михаил Рудай (6), Равиль Манафов, Юлиан Вердеш (1).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу