Судың да сұрауы бар

9425

Су инфрақұрылымы құрылысына қатысты жобаға жеке бизнестің енуі елдің нормативтік базасына байланысты болады.  

Судың да сұрауы бар

Женевада  өткен су және бейбітшілікке қатысты жоғары деңгейдегі халықаралық конференция барысында  abctv.kz-ке эксклюзивті сұхбат берген Женева су хабының директоры Франсуа Мюнгер су – жалғыз табиғи ресурс, оны ештеңемен ауыстыруға болмайды деп атап өтті.

Су тақырыбы жайлы әңгіме бастамас бұрын Женева су хабы – бұл Швейцария үкіметінің бастамасы бойынша құрылған құрылым екенін еске сала кеткен дұрыс болар. Хабты құруға Швейцария мен Францияның арасындағы Альпі тауларынан құйылатын тау суын бірлесіп пайдалану негіз болған. 

Женева су хабының жұмысы алдын алу шараларын құруға бағытталған. Бұл жерде әңгіме су ресурстарын бірлесіп пайдалану барысында туындаған жанжалдарды шешуге арналған заң әзірлеу жайында болып отыр.

Швейцарияда суы таза қолдан жасалған көл жұмыс істейді. Сондықтан біздегі қымбат әйгілі Evian суын бұл жерде шүмектен ағызып алып іше беруге болады. Бірақ та бұл қолдан жасалған және басқарылатын процесс.

Швейцарлықтар кезінде Geneva Aquifer Recharge Plant суын тазалайтын зауытты салған болатын. Бұл таза альпілік ауыз судың өзіндік қоймасы іспетті. Алайда Альпі өзендері мен Женева көлінің суы  бұл су қоймасына түспес бұрын Geneva Aquifer Recharge Plant зауытында тазалаудың бірнеше сатысынан өтеді. Оның қуаты – минутына 700 мың литр су.

Зауытта тазалау жабдығының нақты жүйесі жұмыс істейді, сондай-ақ бес шақырымға созылған құбыр мен тікелей жерасты көлі бар. Зауыттың су тазалау процесі толығымен компьютер арқылы басқарылады.

Басында швейцарлықтар бұл зауыттың құрылысына өздерінің көршісі француздардың да атсалысқанын қалаған еді. Өйткені Альпі тауы ортақ болғаннан кейін оның да суы ортақ екені түсінікті. Сондай-ақ Женева көлі екі елдің арасында орналасқан. Француздар идеяны мақұлдағанмен, қаражат бөлмеген.

Содан швейцарлықтар құрылыстың барлық шығынын өздері көтеріп, зауыт салынып біткеннен кейін, зауыттан шығатын таза суды француздарға тек квота бойынша беретін болған. Бұл – әлемдегі трансшекаралық су жобасын бірлесіп пайдалануға қатысты ең алғашқы келісімшарттың бірі.

– Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан Қазақстанның әрбір елдімекеніне ауыз суды жеткізу мәселесі әлі күнге толық шешімін таппай отыр. Еліміздің қалаларының көбісін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқанмен де, оның сапасы ойдағыдай болмай отыр. Франсуа Мюнгер мырза, жеке бизнес халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ететін су инфрақұрылымын құру үшін өз инвестицияларын қалай тиімді салу керек деп ойлайсыз?

–  Жеке, тіпті мемлекеттік бизнесті кез келген су жобасына тарту  көп жағдайда елдің нормативтік базасына байланысты  деп ойлаймын. Ал норма жеке бизнес жұмысына көмектесуі де мүмкін, сондай-ақ оның осы салада жұмыс істеуіне кедергі де болуы мүмкін.

Сондықтан  ең бірінші, шартты әзірлеп алу керек. Алайда нормативтер мен тарифтерді қабылдау мәселесі – бұл жекеменшік компаниялардың құзырындағы шаруа емес, бұл  мемлекеттің айрықша құзыреті.

Нормативті мемлекет нақты  көрсетуі керек. Сонымен қатар тариф пен қызмет көрсетудің сапалы деңгейі анық, түсінікті жазылуы тиіс. Осыдан кейін ауыз сумен қамтамасыз етуді  жеке компания қолға ала ма  әлде мемлекеттік компания ала ма бәрібір. 

–  Сонда барлығы жеке сектордың су инфрақұрылымын құру жобасына қатысуға қызықтыратын қандай да бір салықтық жеңілдіктер мен ерешеліктерді ұсыну емес, тариф пен нормативке байланысты болғаны ма?

–  Бизнес кез келген келісімшартта ашықтық пен нақтылықтың болғанын қалайды. Мәселе жеңілдік туралы емес, олардың ұстанатын нормативтерін құру жайында болып отыр. Жеке сектор сонда ғана су саласын инвестициялауға қатыса алады.

–  Қазақстанда, әсіресе шалғайдағы ауылдарды таза ауыз сумен қамту өте өзекті мәселе. Осындай елдімекендерде таза су алу үшін қажетті құрал-жабдықтарды орнату жеке немесе мемлекеттік компаниялардың қайсысына тиімді деп ойлайсыз?

 –  Швейцарияда ауыз су жеткізумен  мемлекеттік сектор айналысады. Бұл - мемлекеттік сала. Рас, жеке компания иелік етіп отырған бір жүйе бар, бірақ та ол өте жақсы жұмыс істейді. Іс жүзінде бұл компанияға, оның өз міндетіне деген жауапкершілігіне байланысты болады.

Ал сіздің сұрағыңызға келер болсақ, онда үлкен жекеменшік компанияларға шағын ауылда жұмыс істегеннен еш пайда жоқ, мұнымен шағын компанияларда айналыса алады. Бірақ та  мұның барлығы жоғарыда айтып кеткенімдей, нормативтік базаға және компаниялардың жауапкершілігіне байланысты.

–  Сізге, Женева су хабының басшысы ретінде Латын Америкасы, Сенегал, Сүриядағы су проблемасы мен суға қатысты жанжалдар таныс.  Рогун МАЭС-не байланысты  су проблемасын немесе  Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы өтетін Ертіс өзенінде қытайлық компания салып жатқан канал мәселесін шешуге қандай ақыл  қосар едіңіз?

–  Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық Ертіс өзені суын пайдалануға қатысты жағдайды жақсы білмеймін. Бірақ та Рогун МАЭС-ін салуға қатысты мәселемен жақсы таныспын. Бұл мәселе бұрыннан айтылып жүр. Мәселенің шешілуі барлығына тиімді болар еді, бірақ та бұған тек ашық диалог арқылы ғана қол жеткізуге болады. Менің білуімше, қазір бұған қатысты келіссөз жүріп жатқан жоқ. Қазақстан өзінің  беделі мен мүмкіндігінің  арқасында бұл диалогты өткізуде делдал бола алады. Рогун МАЭС мәселесі толғандырып отырған орталық азия елдерін табыстыратын бір делдал керек. Ал бұл Қазақстанның қолынан келеді деп ойлаймын.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпаш Қоңырова, Астана – Женева - Астана 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу