Сүттің қатал техрегламенті отандық өндірушілерді сан соқтырмақ

4162

Қазақстан Еуразиялық одақпен тартыста жеңіліп қалды.

Сүттің қатал техрегламенті отандық өндірушілерді сан соқтырмақ

2019 жылғы 16 қаңтарда ЕАЭО-ның "Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенттерінің жаңа әрі анағұрлым қатал талаптары бойынша елімізге берілген өтпелі кезең аяқталды. Енді отандық сүт майын ауыстырғыштарды пайдалана отырып жасалған өнімдер өндірісіне өзгеріс енгізілуге тиіс.  

Қазақстанмен бірге Қырғызстан және Армения да сүт өнімдерін таңбалаудың жаңа ережелеріне көшуді Ресейдің тізеге салып, тездетуіне наразылық танытып, сонша қысқа өтпелі кезең белгіленіп отырғанына қарсылық танытқан болатын. Өйткені Мәскеудегі комиссия бұл іске небары 6 ай ғана кескен.  

Алайда Мәскеуде орналасқан, одақтың "жоғарғы өкіметі" саналатын Еуразиялық экономикалық комиссия мүше үш елдің – Қазақстан, Қырғызстан және Арменияның ұстанымын қолдамай тастады. 

Сарапшылар қатаң талаптарға көшуге отандық кәсіпорындар дайын еместігін айтады. Сондықтан "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы сүт өнімдерін жаңаша таңбалауға көшуге қатысты мәселені жоғары деңгейде көтермек.

Өйткені палатаның мәліметінше, қазақстандық өндірушілер қолында 6 миллионнан астам бірлік көлемінде әлі пайдаланылмаған қаптама және басқа да материалдар қалуда.

Салдарынан, қазақстандық сүт өндірушілердің тек осы материалдарды жоғалтудан шегетін шығыны 157 миллион теңгеге жетпек. Бұдан бөлек, жаңа қаптамалар дизайнын әзірлеу мен енгізуге, басқа да тапсырыстарға қыруар қаржы жұмсау қажет болмақ.

Дәл осындай жағдай қырғыздар мен армяндар елінде қалыптасуда.

"Осы деректер мониторинг қорытындысында анықталды. Бұл зерттеу өтпелі кезеңді ұзартудың қажеттілігін нақтылау мақсатында жүргізілген болатын және қорытындылары Еуразиялық экономикалық комиссияның назарына ұсынылды. Сол себепті "Атамекен" ұлттық палатасы аталған мәселені жоғары деңгейде талқылауға шығаруға ниетті", – деп мәлімдеді КҰП.

Атап өтер жайт, техникалық регламент талаптары қатайтылғанға дейін, яғни 2018 жылғы 16 шілдеге шейін де құрамында сүт бар өнімдерді өндірушілер өз қаптамаларында оның құрамы сүт майын ауыстырғыштардан тұратыны туралы ақпаратты көрсететін. Әрине, ол кішкентай қаріптермен терілетін.

Ал жаңа құжат осы үшін қаптаманы таңбалауды да өзгертуге мәжбүрлемек.

Еуразиялық экономикалық комиссияның №102 шешімімен қабылданған "Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техрегламент өндірушілерді сүттен жасалған өнімнің құрамында өсімдік майларының барлығы туралы мәліметті көрнекті жерге жазуға міндеттейді.

Яғни, одаққа кіретін бес елдің өндірушілерінің өнімдерінде орыс тіліндегі "Содержит растительные масла" деген жазу қасбетінде, қаптамада немесе этикеткада арнайы бөлінген "ақпараттық жолақта", ол жолақтың түсінен қатты өзгешеленетін түстегі (контрастный цвет) қаріппен берілуге тиіс.

Сүт майын ауыстырғыштар, құрғақ сүт пайдаланылған өнімдер енді сүт деп атала алмайды. Олардың қаптамадағы атауы "молокосодержащий продукт с заменителем молочного жира" деген сөздерден басталуы шарт.

Бұл талап тек өсімдік майынан жасалған спредке, қорытылған майға және сүт майын ауыстырғыштары бар балмұздаққа ғана таралмайды.

Қалғандарының бәрі – кремдерге, пасталарға, йогурттарға, соустарға және басқаларына да таралады.

Қаптамадағы жаңа сөздер легі мұнымен бітпейді. Онда осы өнімдердің өндіріс технологиясы да көрсетілуі қажет. Бұл ретте техрегламентте "произведенный (изготовленный) по технологии" деп жазуды ұсынады.

Мәселен, "молокосодержащий продукт с заменителем молочного жира, произведенный по технологии сметаны", "молокосодержащий крем с заменителем молочного жира, произведенный по технологии творога" деп жазылмақ. Ұлттық заңнама талаптарына сәйкес, бұл сөздердің қазақша бірізді түрдегі аудармасы да бекітілуге керек. 

Еуразиялық экономикалық комиссия өз тұтынушыларын шошытпас үшін бұл талаптарды айналып өтуге тырысатын маркетологтардың ықтимал қулықтарының жолын кесіп отыр.

Атап айтқанда, мысалға, нағыз сүт майы пальма немесе кокос майымен алмастырылған өнімдердің атауында немесе сауда белгілерінде сатып алушыларды шатастыруы мүмкін ұғымдарды пайдалануға тыйым салынып отыр. Соның ішінде рұқсат етілмейтін атаулар қатарында "сыроподобный", "сырный", "сыродельный", "сычужный", "сметанка", "творожочек", "сливочки", "маслице", "творожок" сияқты сөздер бар.

Техрегламентте қазақша атаулар жоқ. Демек, маркетологтар қазақтілді тұтынушыларды жаңылыстыруға тырысып көрулері мүмкін. Сондықтан Қазақстан үкіметіне қазақ тілінде тыйым салынған сүт өнімдері атауларын бекіту қажет болмақ.

Бірақ мамандар бұл талаптардың ерте енгізіліп отырғанына назар аудартады.

"Өйткені сүт өнімдері құрамында айталық, құрғақ сүтті анықтауға мүмкіндік беретін отандық бірегей әдістемелер жоқ. Өйткені олар да табиғи өнімдер болып табылады. Химия емес", – дейді "Ұлттық сараптама және сертификация орталығының" маманы Татьяна Ерохина.

Осыған орай Ресейдегі стандартизация жөніндегі техникалық комитет "құрғақ сүт құрамындағы құрғақ сүт және басқаларының барлығын өлшеу туралы ГОСТ-ты" әзірлеуге кірісу туралы шешім қабылдаған.

Әзірге бұл салада ресейлік компания монополист саналады. Мәскеу "ООО "Хема"-ның реагенттері көмегімен иммуноферменттік талдау әдісімен табиғи сүт құрамын анықтау әдістемесін ілгерілетуде.

Бірақ осы компания өкілдерінің өздері сүт құрамының таза болмауына өндіруші кінәлі болмауы да мүмкін екендігін ескертеді.

"Өндіруші адал болуы ықтимал. Өйткені өнім құрамында құрғақ сүттің болуына үнемі сүт зауыты кінәлі бола бермейді. Бар айып әкелінген шикізатта болуы мүмкін. Себебі, сүтті қабылдағанда оның құрамындағы ақуыздың норма аясында болуына баса мән беріледі. Ал сүт осы көрсеткіш бойынша жақсы деп танылуы үшін мал өсірушілер оның азық-жеміне ақуыз және басқасын қосады. Салдарынан одан өндірілген сүт фальсификат болып танылады", – дейді "Хема" компаниясы директорының орынбасары Павел Петухов.

Ол өздерінің сүт құрамын анықтау әдістемесі де кемел еместігін мойындайды.

Мысалға, сүт өнімінің жарамдылық мерзімін күрт арттыру үшін өңдеуші кәсіпорындар ультрапастеризация жүргізерден бұрын қосымша пастеризациялау шараларын жүзеге асырады, термикалық өңдеу жасайды. Нәтижесінде, мұны да таза сүт деуге келмей қалады.

"Өйткені стандартты UHT-ның өзінде (ultra-high temperature processing) ақуыздың денатурациясы 94-96%-ға жетеді. Ал әлгіндей сүттер – шикі сүт қалпынан кетеді. Бұл дүкеннен "шикі ет" деп шамалы қуырылған стейк сатып алғанмен бірдей, яғни ет біршама термоөңдеуге ұшырайды ғой", – дейді Павел Петухов.

Демек, одақ аясындағы сүт айналасындағы талас-тартыстар жалғасатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу