Сүттің орнына не берілетіні белгісіз

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3909

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосымша еңбек демалысы ұсынылатын мамандықтар тізімін қайта қарауды жоспарлап отыр.

Сүттің орнына не берілетіні белгісіз

Денсаулыққа зиян келетін жағдайда жұмыс істейтін жұмысшыларға осыған дейін беріліп келген сүт бұдан былай берілмейтін болды. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің еңбек жағдайларын бақылау және еңбекті қорғау басқармасының басшысы Сарсен Дүйсенов мәлім етті.

"Сүт және сүт өнімдеріне тең азық-түлік өнімдерін сонымен қатар азық-түлік қоспалары қайта қарастырылып жатыр. Сүт бізде КСРО кезінен беріледі. Бұл шешімді 1920 жылы халық комиссарлары қабылдады. Содан бері зиянды жағдайда жұмыс істейтіндерге сүт беріліп келеді. Алайда соңғы зерттеулер жұмыскерлердің  денсаулығын жақсартуға сүттің еш пайдасы жоқ екенін көрсетті. Сондықтан бұл мәселе қайта қарауды қажет етеді", – деді ол АММ-2017 форумында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері сүттің орнына не берілетінін ашып айтпады.

Жиында қосымша еңбек демалысы берілетін жұмысшы мамандықтарының тізімі қысқаратындығы сөз болды.   

"Қосымша еңбек демалысы төленетін жұмысшы мамандықтарын да қайта қарастыру жоспарлануда. Біздің қолымызда қосымша демалыс берілетін жұмысшы мамандықтарының тізімі бар, ол тізім КСРО кезінде сонау 1960 жылы жасалған. Қазіргі уақытта бізде жаңа өндіріс орындары пайда болып, технологиялар өзгеріп, еңбек жағдайы жақсаруда, ал тізім болса сол қалпында қалған. Әйелдердің зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуін реттеуді жетілдіру де қайта қаралуы керек", – деді Сарсен Дүйсенов.

Еңбек қауіпсіздігі құқығын қорғау саласындағы мәселелерді орталықтандыру үшін мекеме электронды портал ашпақшы, сол жерде барлық қажетті ақпарат тұратын болады.

Сонымен бірге ол Қазақстанда еңбек құқығын қорғау мәселесімен айналысатын 11000 өндірістік кеңес жұмыс істейтінін айтты. Бірақ та осыған қарамастан, еліміздің өндіріс саласындағы адам өліміне әкеліп отырған жазатайым оқиғалар азаймай отыр. Өткен жылы жазатайым оқиғалар салдарынан  246 адам қайтыс болған.

"Егер былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, онда бұл 1,2%-ға аз. Яғни жарақат алу, оның ішінде адам өліміне әкелетін оқиғалар азайып келеді", – деп қорытты ойын министрлік өкілі.  

Зардап шеккендердің көбі – тау-кен металлургиялық кешен мен құрылыс саласында жұмыс істейтіндер.

"Соңғы бес жылдың сараптамасына қарап отырсақ, еңбек саласындағы  құқық бұзушылықтың 30%-ы еңбек құқығын қорғау мен еңбек қауіпсіздігі саласында болған. Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – өндірістік жұмыстарды ойдағыдай ұйымдастырмау. Еңбекті қорғау саласындағы  тәртіп бұзушылық 25% болса, зардап шегушілердің қатаң тәртіп бұзушылығы – 31%, еңбекті қорғаудың жарақаттану қауіпсіздігін бұзу – 11%", – деді Сарсен Дүйсенов.

2016 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 7000 ұйғарым беріліп, 600 млн теңгеге  4000-нан астам айыппұл салынған. 66 жабдықтың, 29 өндірістік нысанның жұмысына тыйым салынып, 16 ұйымның жұмысы тоқтатылған, сондай-ақ 73 адам жұмыстан шығарылған.

"Құқық қорғау органдарына 1,6 мыңнан астам материал өткізіліп, 219 қылмыстық іс қозғалған. 2016 жылы еңбек қорғау ережесін бұзғаны үшін Қылмыстық Кодекстің 156-бабы бойынша 35 лауазымдық тұлға, ал 2017 жылдың I тоқсанында жеті лауазымдық тұлға  сотталды", – деді Сарсен Дүйсенов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі елімізде кадрларды дайындаудың тиімді жүйесінің жоқ екенін тілге тиек етті.

"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, оқыту немқұрайлы өтіп, сертификат беріледі. Жұмыс берушілер оқытуға қатыспайтын жағдайларда кездеседі. Яғни олар ресми түрде оқымайды. Осыдан барып, олар еңбекті қорғауға қатысты қажетті ақпар мен білімді алмайды", – деді ол.

Министрлік өкілінің айтуынша, осындай білім алған қызметкер еңбек жағдайына, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарайды. 

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу