Сыр өңірінде орманды алқаптың 83 пайызын сексеуіл ағашы құрайды

Жыл басынан бері Қызылорда облысының орманды жерлерінде 21 өрт фактісі тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сыр өңірінде орманды алқаптың 83 пайызын сексеуіл ағашы құрайды Фото: Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Көктем айларында 53 000 гектарға сексеуіл көшеттерін отырғызу және 7 777 гектарға галофитті тұқым себу жұмыстары жүргізілген.

Облыстағы орманды алқаптың 83%-ын сексеуіл ағашы құрайды. Ал, өңірдегі мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі – 7 млн гектар, оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыста орманды қорғау, молықтыру, сақтау және орман өртін алдын алу мақсатында 8 орман шаруашылығы мекемесінде 700-ге жуық қызметкер жұмыс істейді.

Абай облысындағы 15 адамның өмірін қиған өрттен соң еліміздегі орман шаруашылығындағы, өрт сөндіру қызметіндегі өткір мәселелер анық байқалды. Кадрдың жетіспеушілігі, құрал-жабдық, арнайы киімдердің аздығы, техникалардың ескіргені де назардан тыс қалмады. Кейіннен орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің жалақасы да көбейетіні мәлім болды.

Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектарға сексеуіл көшетін егу жөніндегі тапсырмасы өз деңгейінде атқарылып жатыр. Биыл 250 мың гектарға (100 мың га – облыстық деңгейде, 150 мың га – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті арқылы) фитоорманмелиорациялық жұмыстарын жүргізу жоспарланып, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Көктем айларында 53 000 га сексеуіл көшеттерін отырғызу және 7 777 гектарға галофитті тұқым себу жұмыстары жалғасын тапқан.

Сонымен қатар осы жылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 150 мың гектарына топырақ зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 59 млн теңге және орман мекемелерінің материалды-техникалық базасын нығайту мақсатында "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылған.

Өңірдегі орман шаруашылығы қызметкерлерінің техникалық базасы туралы Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев толығырақ айтып берді.

- Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен орман шаруашылығы мекемелеріне өрт сөндіру автокөліктері, көшет қазу агрегаттары, тракторлар, УАЗ таблетка автокөліктері, арнайы мотоциклдар, патрольдік автокөліктер және радиостанционариялар, байланыс құралдары мен қолда ұстап жүру рациялары сынды көптеген техника мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Бұл техникалар орман қорғау, молықтыру бағытында орманшыларға көп септігін тигізетін болады, - дейді ол.

Сыр өңірінде орманды молықтыру және көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбақтары бар. Орман қорының санитарлық жағдайын бақылау үшін 376,3 мың гектар жерге орман патологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар мемлекеттік орман қоры учаскелерінде заң бұзушылықтарды алдын алу, оны анықтау мақсатында 130-ға жуық рейд ұйымдастырылып, оның ішінде орман тәртібін бұзу бойынша 14 жағдай анықталған.

- Семейде болған өрт бәрімізге ауыр тиді. Ондай жағдай енді қайталанбасын, болған күннің өзінде өртті өшіруге сақадай-сай тұруымыз керек. Соған орай бірнеше ұсынысымды айтқым келеді. Жалпы, жыл сайын тиісті органдардың өрт қауіпсіздігіне байланысты бірлескен іс-шара жоспары жасалады. Бұл жоспар тек қағаз жүзінде қалып кетпеуі керек. Меніңше, осы жоспардың нақты орындалуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Сондай-ақ, орманшыларды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті базасында өртке байланысты тұрақты түрде оқытып, қысқамерзімді курстар ұйымдастыру керек. Осы орайда, орманшыдардың айлығын көбейту мәселесін айтпай кетуге болмайды. Әрине, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтып отыру да – күн тәртібіндегі жұмыс. Шыны керек, облыста білікті орман шаруашылығы мамандары жетіспейді. Қаламыздағы жоғары оқу орындарында орман, аң және балық шаруашылығы саласының жоғары білім мамандарын дайындайтын факультеттер ашылса деймін, - дейді орман шаруашылығы саласының ардагері Мырзамұрат Ибраев.

Қызылорда облысы аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Орман өртін болдырмау және алдын алу мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінде 11 дана өрт сөндіру автокөлігі мен 53 тұрақты өрт сөндіруші қызмет атқарады. Өрт қауіпті учаскелерде жаңадан өрт жолақтары жүргізіліп, ескі өрт жолақтарын қалпына келтіру жұмыстары да жалғасын тауып отырады.

- Бізде жыл басында бір жылдық жұмыс жоспары бекітіледі. Әр жұмыс жауапты мамандарға тапсырылады, олар сол бойынша жұмыстар жүргізіледі. Көктемде және күзде өрттің алдын алу, тілсіз жауды сөндіру, оқшаулау мақсатында минералданған жолақтар саламыз. Биыл 15 км жолақ жырту жұмысы жүргізілсе, 3030 км ескі жолақтарға күтім жасау жоспарланған. Жыл басынан бері орман өртінің алдын алу және қаупі бар кезеңдерге дайындық жұмысы туралы жауапты тұлғаларға 80 дана ескерту хаты таратылып, өрт сөндіру автокөлігіндегі арнайы дыбысзорайтқышпен хабарламалар айтылды. Ауылдық округтерде еркітілерден өрт сөндіруші жасақтары құрылуға да ықпал жасадық, - дейді "Қызылорда орман және жануарларды қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі" КММ-ның Орманды күзету және қорғау саласы жөніндегі директордың орынбасары Мұхтар Қаппарұлы.

Өрт қауіпті кезеңінде орман қоры жерлерінде 100,89 гектарды құрайтын 21 өрт фактісі тіркелген (2022 жылы – 16 өрт, 38,39 га). Оның ішінде, 25,29 гектары – орманды, 75,6 гектары – ормансыз алқаптар.

Әлбетте, орманшылардың, өрт сөндірушілердің жалақысы аз екені бұған дейін де айтылды.

- Орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінің жалақасы 2021 жылы орташа есеппен алғанда 115 000 теңге болса, 2022 жылы жалақы мөлшері 22%-ға көбейіп, 163 000 теңге болды. Биыл бұл көрсеткіш тағы да 23%-ға өсіп, орманшылардың жалақысы 191 000 теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта да орманшылардың жалақысын өсіру жоспарда бар, - дейді Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының баспасөз қызметі.

1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы көбейіп, материалдық-техникалық базасы 2027 жылға дейін 100 пайыз жаңаратыны туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтқан болатын. Биыл елдегі орман шаруашылығына 8,1 млрд теңге бөлінсе, өртті ерте анықтау жүйесіне 4,1 млрд теңге қарастырылып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу