Табак компаниялары әлемді темекіден ада етуі мүмкін бе

6388

Миллиардер Майкл Блумберг дүниежүзіндегі ірі табак компанияларының астыртын тактикасын әшкерелеуге ондаған миллион доллар қаражат бөлді.

Табак компаниялары әлемді темекіден ада етуі мүмкін бе

Бүгінде темекі индустриясы әлемде, әсіресе, дамушы елдерде өзінің қатерлі өнімін батыл сатып, бизнесін тіпті өркендетіп отыр. Сондықтан, Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумберг сол компаниялармен күрес жолына түскен анти-табактық "триоға" 20 миллион доллар көмек берді.

Бұл "үштіктің" штаб-пәтерлері Францияда, Англияда, Таиландта орналасқан. Олар табак өнімдерін қолдануды қысқарту саясатына саботаж жасап жүрген кәсіпорындардың зымиян пиғылын әшкерелеумен және осы проблемаға әлем назарын аударумен айналысып келеді.

"Табак компаниялары өнімдерін нарықта насихаттап, өз акционерлері үшін ақша жасауды қалайды. Бірақ, олар адамдарды өлтіріп жатыр ғой. Өзім үш жылдық грант берген ұйымдардың көздегені – темекі фирмаларының залым әрі жасырын тәсілдерін әшкерелеп, олардың тіпті балаларға тікелей шылым сатуын тоқтатып, тұтынушыларды зиянды әдеттен қорғау" , – дейді Блумберг.

Әлемнің анти-табактық "триосы"
Ұлыбританияның Бат университетінің Табакты бақылау мәселелерін зерттеу тобы ғалымдар мен журналистерден құрылған. Ол көп жылдан бері табак индустриясының мемлекеттік саясатқа ықпал ету барысын қадағалап келеді. Осы топтың 2011 жылы жариялаған баяндамасына қарағанда, "Табак алыптарының" темекі нарығын кеңейту тактикасына  үкіметтің көмегімен сигарет қораптарын қарапайым ету, мәдени шаралар мен спорт командаларына демеушілік ету, темекі тартуға болмайтын кеңістіктердің заңдылығын жоққа шығару сияқты тәсілдер кіреді.

Таиландта орналасқан анти-табактық ұйым болса, Табакты бақылауды дұрыс басқарудың ғаламдық орталығы деп аталады. Ол көбінесе Оңтүстік-Шығыс Азия аймағына көңіл бөліп, Табак индустриясының істеріне араласу индекстерін жариялап тұрады.

Үшінші мекеменің штаб-пәтері – Парижде. Бұл ғылыми ұйымның атауы – Туберкулез бен өкпе ауруларына қарсы халықаралық одақ. Ол Табак атласы мен ұлттық және ғаламдық статистикаларды жариялап қана қоймай, әлемнің 50 шақты елінің үкіметтерімен бірлесе жұмыс істеп келеді.

Темекімен күреске соңғы он жылда миллиардтан астам доллар жұмсаған Блумбергтің ойынша, бұл "үштік" бірлесіп, талай адамның өмірін сақтап қала алады. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, темекімен байланысты рактан және өкпе ауруларынан жылына әлем бойынша жеті миллионға жуық адам қайтыс болады екен. Сол құрбандардың бір миллионы – Қытай тұрғындары.

Темекі тартушылар саны бай мемлекеттердің көбінде өсіп жатқан жоқ. Ал, дамушы мемлекеттерде табак қолданушылар қатары үздіксіз көбейіп келеді. Олардың басым бөлігі – ер адамдар мен жас жігіттер.

"Филип Моррис" және темекісіз әлем
Темекі индустриясы өткен жылы дүниежүзінде 5,5 триллион дана сигаретті бір миллиардтан астам адамға 700 миллиард долларға сатқан екен. Ал,  British American Tobacco компаниясы 2016 жылы сигарет саудалап, 7,2 миллиард доллар пайдаға кенелген.

"Менің білуімше, бұл – жарнамадағыдай қолдансаң, өзіңді өлтіретін жалғыз ғана өнім", – дейді Майкл Блумберг. 

Табак ұйымдары мен өнімдеріне тосқауыл қою бастамасы биыл наурызда Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун  қаласында өткен Әлемдік конференцияда жарияланды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас хатшысы Тедрос Адханом Гебреисустың мәлімдеуінше, табак өнеркәсібі адамдардың рак пен жүрек ауруынан ерте қайтыс болуын тоқтатуға бағытталған ғаламдық күреске басты кедергі болып отыр.

2017 жылдың қыркүйегінде табак алыбы – "Филип Моррис" "Темекіден ада әлем" деген қор құрып, оның алдағы 12-жылдық қызметіне 80 миллион доллар қаражат бөлді. Бірақ, әйгілі компания осы әрекетіне көпшілікті иландыра алмады.

Қоғамдық денсаулық сақтау мекемелерінің ойынша, "Филип Морристің" бұл ісі – көзбояушылық және PR. Сонымен қатар, кейбір сыншылардың ойынша, "Филип Моррис" аталған қорды құра отырып, өркендеп келе жатқан түтінсіз темекі нарығында өзін көрсеткісі келеді. 

Дегенмен, электрондық сигареттердің дәстүрлі темекіге қарағанда зияны аз дегенге біреулер сенеді, біреулер сенбейді. Қысқасы, мұндай шылымдардың артықшылығы әзірге күмәнді болып тұр.

Бейсенбі күні Thorax медициналық журналы зерттеу жариялап, онда электрондық сигареттердің өкпедегі маңызды иммундық жүйе жасушаларын жоюы мүмкін екенін хабарлады.

Англиядағы Бирмингем университетінің ғалымы Дэвид Тикеттің ойынша, электрондық сигарет өндіретін көптеген компанияларды "табак алыптары" сатып алған. Және де сол алыптар үшін мұндай темекі түрлерін зиянсыз етіп көрсету – күн тәртібінде тұрған мәселе.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу