Тағы бір еуродағдарыс қылаң берді

Италиядағы саяси дағдарыс акциялар нарығын құлдыратып жатыр.

31 Мамыр 2018 09:31 Автор: Арыстан Рысбек
Тағы бір еуродағдарыс қылаң берді, Италия, Еуропа, саяси дағдарыс, экономика

Италия – Еуропа одағының үшінші экономикасы. Ондағы саяси хаос елді қаржы дағдарысына ұрындырып, тіпті ортақ валюта аймағынан шығарады деген қауіп бар. Сондықтан, бүгінде еуроны қолданатын 19 ел ғана емес, бүкіл әлем нарығы алаңдап отыр.

2010-2012 жылдардағы қарыз дағдарысы қайталанбас үшін одақ мемлекеттері ортақ валюталық ережелерді бірдей ұстануы керек. Керісінше жағдайда, аймақ экономикасына сенім сетінейді, инвестиция қашады, сұраныс төмендейді. Ал, Италияда сол тәртіпке бағынғысы келмейтін популистік партиялар бар. Олар – «Бес жұлдыз» бен «Лига» анти-иммиграциялық қозғалыстары. Тағы сайлау өтетін болса, бұл екеуі жеңіске жетуі ықтимал.

Биржалардан жауап
Италияда саяси дағдарыс өршігендіктен, оның экономикасымен бірге бүкіл Еуропа одағының болашағына сенім төмендеп отыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Италияның қысқа мерзімдік бондтарының, яғни, мемлекеттік құнды қағаздарының нарқы түсіп кетті. Сондықтан, елден инвестиция қашпасы үшін, олардың үстеме пайызын 1 жарым пайызға көтеруге тура келді. Бірақ, бұл жағдай өзге континенттерге игі әсер ете алмады. Өйткені, Еуропа экономикасы мен қаржы секторы кері кетсе, одан әлемнің басқа аймақтарының өнімдеріне де сұраныс азаяды.

Одақтың болашағы бұлыңғыр тартқандықтан, бүгін Азияда ірі компаниялардың акциялары жаппай сатыла бастады. Мәселен, Шанхайдың Composite индексі талай алып кәсіпорынның құнды қағаздарының орташа бағамын көрсетеді. Ол 2 пайызға, жапондық Nikkei 1,5 пайызға, Оңтүстік Кореяның KOSPI-і 2 пайызға жуық, гонконгтік Hang Seng 1,2 пайызға түсті. Еуропа биржаларындағы ахуал да мәз емес: Париж бен Лондонның қор нарықтарында индекстер 1,3 пайызға, германиялық DAX 1,5 пайызға дейін құлдырады. Ал, Нью-Йорк биржасында S&P , Dow Jones индекстері сәйкесінше 1,2-1,6%-ға арзандаған. Есесіне АҚШ Қаржы министрлігі мен Германияның мемлекеттік облигацияларына, долларға, йенге, алтынға сұраныс артып отыр. Еуро болса, соңғы 10 айдағы ең төменгі көрсеткішке дейін әлсіреді.

Жарты жылда екі сайлау
Италияда парламенттік сайлау наурыздың 4-де өтіп, онда «Бес жұлдыз» бен «Лига» қозғалыстары айтарлықтай басымдық көрсетпесе де, әйтеуір жеңіске жетті. Алайда, содан бері бұл партиялар бірлесіп, коалициялық үкімет құра алмай келеді.

Екі қозғалыстың ұстанымына қысқаша тоқталсақ – мемлекеттік шығындар артып, Еуропа одағының қаржылық ережелері өзгеріп, зейнетақы өсуі керек. Бірақ, осы талаптар орындалатын болса, Италия үкіметі халық алдында бюджеттік міндеттемелерін атқара алмай, сыртқы қарызды қайтаруға дәрменсіз болып қалуы мүмкін.

Сонымен қатар, «Бес жұлдыз» бен «Лига» иммигранттарды елден жаппай қуып, оларға баспана берумен айналысатын орталықтарды және босқындар лагерлерін жабуды ұсынып отыр.

«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, президент Серджио Маттарелла әлі күнге дейін министрлер кабинеті жасақталмағандықтан, алдағы бірнеше күнде парламентті таратып, шілденің 29-да қайтадан сайлау өтетінін жариялауы мүмкін. Бірақ, оның аты сайлау болғанымен, заты одақтан шығу туралы референдумға айналып кетуі мүмкін. Себебі, «Бес жұлдыз» бен «Лига» анти-еуролық, анти-иммиграциялық ұрандарымен жеңіске жетеді деген болжам бар.

Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, Италияда саяси тұрақсыздық бірнеше аптаға, тіпті айларға созылуы мүмкін. Ал, үкіметтің құрылмауына президенттің Паоло Савонаны экономика министрі етіп тағайындаудан бас тартуы себепші. Айта кетсек, Савонаның қолында елді еуродан шығару туралы «Б» жоспары бар.

Бүгін жарияланған әлеуметтік сауалнама қорытындыларына қарағанда, қазір «Лиганы» электораттың 24 пайызы, «Бес жұлдызды» 32 пайызы қолдап отыр. Ал, елдің бұрынғы премьер-министрі Массимо Д’Алеманың ойынша, бұл партиялар алдағы сайлауда 80 пайыз дауыс жинауы мүмкін.

Италия Грекия емес
Италияның мойнындағы қарыздың салмағы тым ауыр. Бұл жағынан ол еуроаймақта Грекиядан кейінгі екінші орында тұр. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, Италияның ішкі-сыртқы берешегі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 132 пайызына жеткен. Ал, Брюссельдің ережесіне сәйкес, қарыз ЖІӨ-нің 60 пайызынан аспауы керек.

Бірақ, Рим Жерорта теңізі жағалауындағы көршісімен салыстырғанда өзге санатта тұр. Италия Грекиядан едәуір үлкен. Халықаралық валюта қоры гректерді қарыз дағдарысынан шығару үшін 250 миллиард еуро жұмсады. Экономистердің есебінше, Италияны мұндай көмекпен құтқару мүмкін емес. Осылайша, Еуропа одағы үшінші экономикасынан айрылса ше?! Еуропа комиссиясының президенті Жан-Клод Юнкердің ойынша, егер Италия күйресе, «бүкіл Еуропаның ғимараты» теңселеді.

Арыстан Рысбек