Тариф қаншаға арзандайды

3200

Табиғи монополияның 55 субъектісі 30 млрд теңге артық ақша алған.

Тариф  қаншаға арзандайды

Тұтынушыларды теспей сорып келген табиғи монополияның 55 субъектісі тезге салынды. Ел азаматтарынан 30 млрд теңге артық ақша алған пайдакүнемдер күндердің күнінде тұтыламыз деп ойламаса керек.

"Көп асқанға бір тосқан" емес пе, ұлттық экономика министрлігі жоспардан тыс тексеріс жүргізу арқылы "ақша асап" жүргендерді тұсаулап тастады. Осылайша табиғи монополияның 55 субъектісі тарифтен тапқан заңсыз табыстарын бір жыл бойы тұтынушыларға қайтаратын болды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық аймағында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. 80-нен астам қоғамдық қабылдау өткізілді. Оған құзырлы органдардың өкілдері қатысып, тұтынушылар тарапынан түскен шағымдарды талқылады. Осылайша жоспардан тыс тексеру ұйымдастыру туралы шешім шықты. Бұл тексеру тарифтің төмендеуіне түрткі болды", – деді вице-министр Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, монополистер қызмет көрсеткені үшін тұтынушылардан алған артық ақшаны қайтарады.

"Тұтынушыларға келтірген 30,5 млрд теңге шығынды өтеу үшін 55 субъекті тарифті төмендетеді және барлық шығынды осыған дейін алған артық ақшаның есебінен жабады", – деді Серік Жұманғарин.

Шығынды өтеу үшін бекітілген уақытша тариф 2019 жылдың 1 қаңтарынан 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданылады. Межелі мерзімге жеткеннен соң бұрынғы тариф қалпына келтіріледі. Бұл – төлем көрсеткіші көбеймейді деген сөз.

"Тариф қымбаттамайды. Тариф қалыптастыру жүйесі бойынша негізгі инвестиция 2016-2017-2018 жылдарды қамтыды. 2019-2020 жылдарда инвестиция қысқармайды. Табиғи монополия субъектілерінің негізгі инвестициялық бағдарламалары орындалды. Біз желілердің тозуын азайттық. Техникалық шығын көрсеткіші де жақсарды", – деді министрдің орынбасары.

Тариф қалыптастыру жүйесінде кемшілік бар екені таяуда ғана белгілі болды. Себебі бұған дейін ҚР кәсіпкерлік кодексі бойынша табиғи монополия өкілдерін тексеруге тыйым салынды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң ашылған қоғамдық қабылдауларда көптеген кемшіліктер әшкереленді. Заңнамаға енгізілген өзгерістер оң нәтиже берді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Ең бастысы әрі белгілісі тариф қымбаттамайды", – деп қорытты сөзін Серік Жұманғарин.

Айтпақшы ол коммуналдық тарифтің қаншаға арзандайтынын кесіп айтпады. Оның сөзінше нақты сандар алдағы уақытта жарияланады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу