banner

Тарифтік жанжалдың бір пайдасы

4002

Әлемде жүріп жатқан сауда соғысы Қазақстан, Украина, Ресей астығына деген сұранысты арттырып отыр.

Тарифтік  жанжалдың  бір пайдасы

Америка Құрама Штаттары мен Қытай арасындағы сауда соғысы Қара теңіз аймағында онсызда өркендеген астық, жүгері, майлы дақылдар экспортын әрі қарай арттыруы мүмкін.

Вашингтон қазір тариф үшін Бейжіңмен ғана емес, Брюссельмен де жанжалдасып жатыр. Сондықтан көптеген трейдерлердің ойынша, Қара теңіз аймағының негізгі экспортерлері - Қазақстан, Украина, Ресей үшін Қытайға, тіпті Еуропа одағына бидайды, жүгеріні, соя бұршақтарын бұрынғыдан көбірек сатуға жаңа мүмкіндік туып отыр.

"Рейтер" агенттігінің мәліметінше, бұл мемлекеттер Мексика мен Нигерия сияқты елдердің нарығында да АҚШ-тан үстем түсе алады.

Айта кету керек, осы айдың алғашқы жұмасында АҚШ пен Қытай 34 млрд доллардың импорттық тауарларына (бір-бірінің өнімдеріне) салықты көтерді. Сол үшін ресми Бейжің Вашингтонды "кең ақымды сауда соғысын бастады" деп айыптады.

Халықаралық астық кеңесінің дерегінше, 2017-2018  жылдары әлемнің астық нарығында Қара теңіз аймағының үлесі 37%-ға өсіп,  бұл өңір бидай сатудан Құрама Штаттар мен Канаданы басып озған.

АҚШ үкіметі жақында жариялаған статистикаға жүгінсек, Құрама Штаттар 2017 жылдың мамырынан 2018 жылдың маусымына дейін Қытайға 902 400 тонна ғана астық экспорттаған. Ал бұған дейінгі маусымда АҚШ шығыстағы көршімізге 1, 56 млн тонна бидай сатқан. Демек Американың Қытайға бидай экспорты айтарлықтай төмендеген.   

Қытайдың назары қазақ бидайына ауды
Қазақстан астығы Қытай нарығына Бейжіңнің "Бір белдеу, бір жол" саясаты  нәтижесінде, яғни Қытай-АҚШ сауда соғысына дейін-ақ экспорттала бастады. Екі держава арасындағы тариф жанжалы Қазақстанның Қытайға бидай экспорттауын ұлғайтуы мүмкін.

"Қазақстаннан бидай сатып алуды биыл бастадық. Алғашында бірнеше мың тонна астыққа тапсырыс бердік.  Біз сауда мен пайдаға мән береміз. Егер қазақтың бидайы жақсы болса, әрине оны көбірек импорттайтын боламыз. Мұның бәрі бүгін әлемде жүріп жатқан сауда соғысына байланысты. Қазір біз Америка астығын бұрынғыдай сатып ала алмаймыз. Бұл жағдай бізді Қазақстаннан бидайды көбірек импорттауға итермелеп отыр. Егер қазақ бидайын белгілі бір деңгейге дейін сатып алатын болсақ, бізге мемлекет тарапынан жеңілдік жасалады", – дейді қытайлық трейдерлердің бірі "Рейтерге" берген сұхбатында.

Қазақ астығын сатып алуды көздеп отырған тағы бір трейдердің сөзінше,  Қытайдың бұл стратегиясы кедергілерден кенде емес екен. Солардың қатарында Ресей мен Қазақстандағы логистика мен бидай сапасының тұрақсыздығы бар.

Оның ойынша, бидай сапасының өзгешелігіне байланысты Қара теңіз аймағы астық нарығында АҚШ-тың орнын толық бас алмайды. Сондықтан қытайлық саудагерлер Канада экспортына да үміт артады.  

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, бұрын негізінен Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдеріне бидай экспорттап келген Ресей мен Украина 2017-2018 жылдар аралығында Вьетнам, Индонезия, Филиппин, Испания, Тунис, Танзания, Судан, Оман, Мексика және Кенияға астық экспортын күшейткен.

Баға "айқайлап" тұр
Америка Құрама Штаттарының астық трейдерлерін алаңдатуы мүмкін тағы  бір жайт – осы айда Бразилия соңғы сегіз жылда алғаш рет Ресей бидайын сатып алды.

"Сауда соғысының жаңа дәуірінде баға айқалап тұр, оның үні қазір айтылған сөзден де қатты шығады. Қытай бидай мен майлы дақылдарды Қара теңіз аймағынан, соя бұршақтарын Оңтүстік Америкадан импорттауға кірісетін тәрізді. Мексика да АҚШ астығын қымбатсынып, оны Ресейден арзанға көптеп импорттап жатыр", – дейді Ресейдің ауыл шаруашылығы өнімдерін сатумен айналысатын "Солярис" компаниясының директоры Сьютан Стил.

Сауда соғысы Қара теңіз аймағы елдерінде жүгері мен соя бұршақтары экспортын да өркендетуі мүмкін.

Киевтегі Қара теңіз аймағы ауыл шаруашылығы нарығын зерттеу мекемесінің маманы Светлана Малыштың сөзінше, Ресей 2017 жылдың шілдесінен 2018 жылдың мамырына дейін Қытайға 850 мың тонна соя экспорттаған. Бұл – былтырғыдан екі есе артық көрсеткіш.

"Қара теңіз жағалауындағы елдер Қытайға соя сатуды күшейте түседі. Өйткені Қытайға бұл өнім АҚШ-тан бұрынғыдай мөлшерде келмейтін болды", – деді Светлана Малыш.

Оның айтуынша, тариф жанжалы Украина үшін Еуропа одағына жүгеріні көбірек экспорттауға да жол ашып отыр. Себебі бұл одақ биыл Құрама Штаттардан әкелінетін жүгеріге салықты 25%-ға көтерді. Ал  INTL FCStone компаниясының менеджері Мэтт Эммерманның ойынша, АҚШ-тан жүгері импорты азаятын болса, Қытай бұл өсімдікті Украина мен Ресейден сатып алуға бет бұруы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу