Тарихта екінші рет ұлттық құрама Әлем чемпионатының финалына жолдама алды

718

Ұлттық құрамалар арасындағы жаңартылған әлемдік рейтингте Қазақстан құрамасы 9-орынға көтеріледі.

Тарихта екінші рет ұлттық құрама Әлем чемпионатының финалына жолдама алды

Астанада өткен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан - Польша матчында еліміздің бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина қарсыласын ұтты. Қазақстандық теннисші әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетпен шеберлік байқасты. Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Екінші сетте қазақстандық спортшы 2:0 есебімен алға кеткенімен, М. Линетт таразы басын теңестірді. Дегенмен, Елена қайта брейк жасап, өз геймін алды – 4:2. Тағы бір брейк – 5:2. Содан кейін бірінші матчболын пайдалана білді – 6:2. Осылайша Елена есепті 3:0 ге жеткізді. Ал польшалықтар тек жұптық сайыста жеңіске жетті. Қорытынды есеп 3:1.

Матч аяқталған соң Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов әйелдер құрамасын және барша қазақстандықтарды жеңісімен құттықтады.

"Ұлттық құраманы Астанада өткен "Билли Джин Кинг" кубогының іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, әлем чемпионатының финалына өтуімен құттықтаймыз! Польша құрамасымен табанды текетіресте жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингтің үздік 10-дығына енген әлемнің ең мықты құрамаларының бірі атағын дәлелдеп, жоғары ойын өрнегін тағы да паш етті. Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Анна Данилина сияқты жұлдызды ойыншылармен қатар жас теннисшілер Жанель Рүстемова мен Аружан Сағандықова, сондай-ақ тәжірибелі Гозал Айнитдинова Қазақстан құрамасының сапында мықтылығын көрсетті. Баршаңызды жеңіспен тағы да құттықтаймын және біздің спортшыларымызға алдағы әлем чемпионатында сәттілік тілеймін!", - деді ҚТФ президенті.

Сондай-ақ Болат Өтемұратов ұлттық құраманың барша жанкүйерлеріне алғысын білдірді. Біздің спортшыларымызды ересек теннис жанкүйерлерінен бөлек, Астанаға еліміздің әр өңірінен келген тенниспен айналысатын 500-ге жуық бала қолдады.

Осылайша теннистен еліміздің әйелдер құрамасы екінші жыл қатарынан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шықты. Былтыр Глазгода өткен әлем чемпионатында Ярослава Шведова шәкірттері топтық кезеңде Ұлыбританиядан келген қарсыластарын жеңді. Бірақ, Испаниядан ұтылып, жартылай финалға шығуға бір қадам қалғанда жарыс жолынан шығып қалды.

Биыл ұлттық құрама теннисшілері тамаша нәтижелерімен қуантуда. Ұлттық құрама сапында 2014 жылы дебют жасаған Юлия Путинцева Магда Линеттке қарсы матчта 18-ші жеңісіне қол жеткізді. Бұл жекелей сында Қазақстан құрамасы тарихындағы ең үздік көрсеткіші. Ал Ярослава Шведова мен Зарина Диястың еншісінде 14 жеңіс бар. Сонымен қатар тарихта тұңғыш рет әлемдік рейтингінің алғашқы ондығына кірген теннисші Елена Рыбакина (қазіргі уақытта әлемнің 7-ші ракеткасы) Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті.

Қазақстан мен Польша құрамалары арасындағы кездесу Beeline Arena теннис орталығының топырақ төсенішті кортында өтті. Жарыс алдында Сербиядан 120 тонна топырақ әкелінді. Оны төсеу үшін мамандарға 10 күн уақыт кетті.

Әлем чемпионатының финалдық кезеңі 7-12 қараша аралығында өтеді. Алайда матчтардың қай жерде өтетіні әлі белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу