Тау-Кен Самұрық өзін-өзі алтын тұрақсыздығынан сақтандырады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2552

Компания алтын бағасының өзгеру тәуекелдерін сақтандыру мүмкіндігін қарастырмақшы.

Тау-Кен Самұрық өзін-өзі алтын тұрақсыздығынан сақтандырады Фото: ortcom.kz

"Тау-Кен Самұрық" АҚ кен орындарын қалай игеріп жатыр және жобаның дамуы қандай кезеңде, бұл туралы abctv.kz-ке компания басқармасының төрағасы Мәжит Тұрмағамбетов айтып берді.

- Компанияның қазіргі жағдайы қалай?

- Былтыр "Тау-Кен Алтын" аффинаж зауыты Ұлттық банкке 12 тонна алтын сатты. Биыл біз 15 тонна сатамыз деп жоспарлап отырмыз.  Іске қосуға дайындап отырған 4 өндірістік жоба бар, олар – Шалқия, Алайғыр қорғасын мен мырыш стратегиялық кен орны, Қарағанды облысындағы қорғасын-күміс кен орны, Ақмола облысындағы Масал темір кен орны және Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты (вольфрам-молибден кендері).

Біз өз стратегиямызды жасадық. Геологиялық барлау саласына үлкен қарқынмен еніп, жылына 200 млн долларға дейін бөлеміз деп жоспарланған болатын. Өкінішке қарай, бұл стратегия іске аспады, себебі біз салым салуға тұрарлық кен орындарын таппадық. Әрине бастапқыда 17 кен орнын алдық. Геологиялық барлау жұмыстарынан кейін ештеңе табылмағандықтан екеуінен бас тарттық. 2 кен орнын сатып жібердік. Қазір бізде 6 геологиялық барлау кен орны қалды. Оның 4 – і  – алтын,  2- і  – мыс.

Егер геологиялық барлаудан бастап, зауыт құрылысымен аяқтап, органикалық жолмен жүрсек бұл ұзаққа созылып кетеді. Себебі геологиялық барлау жұмыстары 6 жылдан кем емес уақытты талап етеді, ал компания бұл уақытта ештеңе өндірмейді, сондықтан біз дайын, бағаланған қорлары бар  кен орындарын сатып алдық. Қазір оларды барынша тезірек іске қосуға тырысып жатырмыз. 2018 жылы Шалқия мен Алайғырды аяқтаймыз деген жоспар бар. Масал 2022 жылға дейін созылады, себебі бұл айтарлықтай күрделі жоба. Бірақ болашағынан үлкен үміт күттіреді. Біз маркетингтік зерттеу жүргізген кезде қателеспеппіз – қазір мырыш, қорғасын және темір көрсеткіштері бойынша жақсы нәтиже беріп тұр. Әрине жалғыз мәселе мазалап отыр, ол – алтын нарығындағы тұрақсыздық. Біздің сатылым жүйеміз мынадай: біз жеткізушілерден Доре қорытпасын, шайма алтын сатып аламыз, кейде Ұлттық банкке алтын сатамыз, баға төмендеп барады, соның салдарынан кейде шығынға ұшырап жатамыз. Солай бола тұра былтыр "Тау-Кен Алтын" 2 млрд теңге табыс тапты. Десе де алтын нарығындағы жағдай мәз емес.

Бізді толығымен "Самұрық" қаржыландырмайды. Капиталдың 40%-ын "Самұрық" береді, қалған 60%-ын сырттан іздейміз деп келіскен болатынбыз. Өздеріңіз білетіндей, Шалқия бойынша біз ЕҚДБ-мен жұмыс істейміз. Біз несиелік келісімге қол қоюға үміттеніп отырмыз. Қаңтар айында біз Еуразиялық даму банкімен келісімге қол қойдық, осылайша Алайғырды қаржыландыру үшін 56 млн доллар қаражат алдық. Ал қазір Масал кен орнын қаржыландыру бойынша келіссөз жүргізудеміз. Өздеріңізге мәлім, осы жобаның келісімдеріне сәйкес, біз әзірге қытайлық тараппен – ұлттық компаниямен жұмыс істейміз және олардың Эксимбанкінен қаржыландыруға қарыз алғымыз келеді. Біз қызу келіссөздер жүргізіп жатырмыз, техникалық-экономикалық негіздемені дайындап қойдық, жобалау кезеңіне өту мүмкіндігін қарастырудамыз.Темір кені де айтарлықтай жоғары өсімді көрсетіп отыр.

Тау-металлургиялық сала жөніндегі кеңестің тапсырмасы бойынша біз кремний зауытын қалпына келтірдік (металлургиялық кремний, микрокремнезем және кремний қалдығын шығарады).  Қазір ол Қарағандыда "Тау-Кен Темір" деп аталады. 2014 жылдың қазан айында бірінші пешті іске қостық, ал 2015 жылдың қазанында екінші пеш қосылды. Өткен жылы 20,5 мың тонна кремний өндірдік. Біз кремнийдің 100%-ын сатамыз: шамамен 40% – Америкаға және 60% Еуропа мен Ресейге сатылады. Айта кету керек,  өткен жыл бізге ауыр тиді. Көптеген кремний зауыттары шығынға ұшырады, себебі бір жылда баға 40%-ға түсіп кетті. Сондықтан біздің міндет, белгілі бір маржаға қол жеткізу үшін өзіндік құнды барынша төмендету керек.

- "Тау-Кен Темір" биыл қанша өнім өндіреді?

- Оның ең жоғары қуаты – 23900 тонна, былтыр 20520 тонна өнім шығарды, биылғы жоспарымыз – 21900 тонна. Қазір баға сәл дұрысталды. Біз енді өзімізге ғана сенеміз. Шығынымызды қысқартуымыз керек, бірақ металл бағасының қымбаттауымен бірге шикізат бағасы да қымбаттап келеді. Табысқа жету үшін, тепе-теңдікті сақтап тұру өте қиын. Ақтас кен орнын сатып алу бойынша мәміленің аяқталуы ұзаққа созылып кетті, бірақ жыл басында біз мәлімені жауып тастадық.

- Теңге-рубль жұбындағы тепе-теңдікті ескерсек өнімнің қаншалықты бөлігі Ресейге кетеді?

- Жалпы мөлшердің 15% - ы. Негізінен өнім Еуропаға кетеді, 40%-ы АҚШ-қа жөнелтіледі.

- Масал кен орны бойынша жоба құны өзгермеді ме?

-  Масал бойынша жоба құны шамамен 1 млрд доллар.

- Алайғыр мен Шалқия жобалары 2018 жылы іске қосыла ма?

- Иә. Оларды салып қана қоймай, іске қосу керек қой. Егер бізде әлдебір күдік пайда болса, біз қайта тексереміз. Кейін технология бойынша қателікке бой ұрмау үшін, технологиялық зерттеулер көптеп өткізілді. Өзіңіз білесіз, бізде зауыттар көп салынып жатыр, бірақ кейінірек олар не жұмыс істемей тұрады, не бәсекеге қабілетсіз өнім шығарады.

- Шалқияның өнімі қайда барады?

- Біз "Қазцинкпен" келісімшартқа отырғанбыз, бірақ одан жақсы сатып алушыны тапсақ, былайша айтқанда, қымбатырақ сатуға мүмкіндік туса, қымбатқа сататын шығармыз.

- Алайғыр үшін Еуразиялық банктен 56 млн доллар сұрап отырсыздар, бар қажетті сома осы ма?

- Қажетті соманың бір бөлігін қор берген болатын.

- Ұлттық банкке алтынды сатқанда мәміле жасасқан күннің бағасы бойынша ма әлде іс жүзінде алтынды жеткізген күннің бағасымен есептесесіз бе?

- Мысалға, сіз бізге Доре қорытпасын әкелесіз. Мен сізден қабылдап аламын, сол күннің бағасын тіркеймін. Біз жеткізушіге құнның 90%-ын екінші күні төлейміз. Қалған 10%-ы сол айдың орташа бағасы бойынша төленеді. Ұлттық банк те бізге дәл солай төлем жүргізеді. Мен бір аптадан соң осы алтынды өңдеп шығардым. Біз алтынды жеткіземіз, ал биржаның бағасы қалай болса олар 90%-ын солай төлейді.

-Алтын бағасының тұрақсыздығын ескерсек осындай жағдайда тәуекелдерді сақтандыра аласыз ба?

- Біз қазір бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Иә, сақтандырамыз немесе жоқ деп, нақты айта алмаймын. Себебі жалпы алғанда сатылымға шығатын өніміміз соншалықты көп емес, бірақ, екінші жағынан, 12 тонна деген де ақша. 2016 жылы біз "Тау-Кен Алтыннан" 155 млрд теңге табыс таптық. Бұл біраз ақша, шамамен 500 млн доллар ғой. Биыл біз 15 тонна сатқымыз келеді, бірақ осыншама алтын таба аламыз ба деген үлкен сұрақ бар. Біз одан да көп алтынды өңдеуге қауқарлымыз, бірақ алтын таба алмай жүрміз.

- Сіздер қанша алтын сынықтарын өңдейсіз?

- 300-400 кг болса, жақсы.

- Алтынды түйірмен сату жалпы тиімді ме?

- Біздің технология сондай, біз алтынның электролизін жасаған кезде, анодтарда алтын тілімдері қалады. Кейін біз оны кесіп алып, арнайы машинаға саламыз, онда барлығы туралып, ұзақ түйірлер пайда болады. Біз оларды қалыпқа салып, пешке кіргіземіз. Тура 12 кг шығады. Зергер алтын кесегін не қылады? Оған осындай түйіршіктер қажет. Олар қуана-қуана алады, бірақ аз алады.

- Бастапқыда олар қанша сұрап еді?

- Қанша сұрағанын білмеймін, бірақ Ұлттық банк 150 кг-ға рұқсат берген болатын. Олар бізге сатуға рұқсат берсін деп Ұлттық банкке жүгінеді ғой. Рұқсат берілді, бірақ ешкім ештеңе алмай жатыр. Ол немен байланысты екенін айту қиын. Ол біздің жағдайымызға айтарлықтай әсер етпейді де. 12 кг деген не?

- 2019 жылға дейін алтын өндірісін 25 тоннаға дейін көбейткіңіз келе ме?

- Иә. Әзірге жоспар бойынша келе жатырмыз. Алтын тапсақ бәрі де болады. Түсінесіз бе, алтын жоқ. Бізде 32 жеткізуші бар. Біз Қазақстаннан, Қырғызстан, Монғолия, Ираннан іздеп жатырмыз. Ираннан алтын келуі тиіс еді. Ал енді бізде импортқа салынатын ҚҚС пайда болды, оның өзі біз үшін кедергі келтіріп отыр. Біз осы тұсты ескерсін деп жазып едік. Әйтпесе біз алтын таба алмаймыз және бірден бәсекеге қабілетсіз болып қаламыз. ҚҚС 12%.

- Ираннан қанша алтын келуі мүмкін?

- Олар 4 тоннаға дейін деп жоспарлап отыр. Бұл біздің, Қазақстанның компаниясы. Биыл олар бізбен 2 тоннаға келісімшартқа отырды, бірақ егер ҚҚС-тың мәселесін шеше алмасақ, демек бізге бұл алтын келмейді. Олар бірден Швейцарияға жіберетін болады.

- Құсмұрынның көмірі бойынша жоба болған еді? Ол не болды?

- Қостанай облысында түріктермен бірге Құсмұрын көміріне арналған электр станциясын салу жоспарланған еді. Бірақ оларда да қуатты кепілді сатып алу бойынша талаптары бар. Яғни егер ол сұранысқа ие болмаса, біз қуат  үшін оларға төлеуіміз керек. Ал министрлік 2030 жылға дейін жаңа қуатты іске қосу қажет емес деп отыр.

- Бұл көмір өндірісі бойынша ма?

- Иә. Торғай көмір бассейні 50 млрд тоннаға бағаланып отыр. Бұл өте көп. Кезінде оны стратегиялық қор ретінде сақтауға қалдырған.

- Ол жердің өзіндік құны қандай болуы керек еді?

- Олар техникалық-экономикалық негіздемені жасаған жоқ қой. Біз енді ғана келісімшартты алдық, бірақ әзірге ТЭН жасаған жоқпыз. Себебі егер министрлік инвесторлар қойған шартты орындағысы келмесе, олар келмейді.

Жанболат Мамышев, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу