"Тауар өндірушілерге берілетін судың тарифі біртіндеп өседі"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4076

Үкімет алдағы он жылда суармалы алқаптың көлемін 3,5 млн гектарға жеткізбек ниетте.

"Тауар өндірушілерге берілетін судың тарифі біртіндеп өседі"

Ел үкіметі бүгін суармалы жерлерді дамытудың 2028 жылға дейінгі ауқымды жоспарын мақұлдады. Мақсат – алдағы он жылда суармалы алқаптың көлемін 3,5 млн гектарға жеткізу. Ол үшін 1 трлн 233 млрд теңге инвестиция қажет.

"Бағдарлама аясында айналымнан шығып қалған 600 мың гектар жер қалпына келтіріледі. Сондай-ақ 1,5 млн гектар жерді жаңадан айналымға енгіземіз. Осылайша, суармалы егіншіліктен 3 трлн 727 млрд теңгенің өнімін алатын боламыз", – дейді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған жоспарды орындау үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алмақ. Атап айтқанда, айналымнан шығып қалған жерлерді қалпына келтіру үшін Ислам даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкі қаражат бөлуге әзір. Аталған екі ұйым 126 мың гектарды айналымға қосу үшін 316 млн АҚШ долларын санап бермек.

"Бұдан бөлек, 256 мың гектарды қалпына келтіруге мемлекеттік кепілдік негізінде басқа да халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты тартылмақ. Сондай-ақ 167 мың гектар жер мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында, ал 51 мың гектар жер жеке инвестициялар есебінен қалпына келтіріледі деп жоспарлануда", – дейді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіруге орташа есеппен жылына 7 млрд теңгеден жұмсалып келген. Бұл көп ақша боп көрінгенімен, еліміздің су шаруашылығына аздық етеді. Өйткені, біздің елдегі су жүйелері әбден тозған. Соның салдарынан судың көп бөлігі ысырап болып жатыр. Ал қолданыстағы қуаттылықты қалпына келтіріп, оны одан әрі арттыру үшін қаржы тапшылығы қолбайлау екені түсінікті.

Бірінші вице-министрдің сөзіне сенсек, Қазақстандағы су шаруашылығы тарифі әлемдегі ең төмен тарифтердің бірі саналады. Сондықтан тариф есебінен гидротехникалық құрылғылар мен каналдарды қайта жаңартып, жөндеу жұмыстарының шығынын жабу мүмкін емес.

Дүниежүзілік банктің есебінше, әлемдегі барлық гидротехникалық құрылғыларды қайта жаңартып, жетілдіру үшін 925 млрд теңге қаражат жетіспейді екен. Ал қазіргі жағдаймен бағамдар болсақ, алдағы 44 жылдың ішінде су жүйелерінің бәрі толықтай істен шығады. Демек, су шаруашылығын дамытуға бүгін көңіл бөлмесе, ертең кеш болады деген сөз.  

Арман Евниевтің сөзінше, су шаруашылығын дамытуға халықаралық қаржы ұйымдарынан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, екінші деңгейлі банктердің қаржысы да тартылуы мүмкін.

"Отандық шаруалардың жинаған өніміндегі суға жұмсалатын шығынның үлесі қазір 0,43 пайызға тең. Дүниежүзілік банктің ұсынысына сәйкес, аталған шығындар 4 пайыз деңгейінде болуы керек. Осыған орай шаруаларға берілетін судың тарифі біртіндеп өсетін болады. Осылайша, бюджетке келетін орташа жүктеме 43 млрд теңгені құрайды", – дейді Арман Евниев.

Сонымен 2028 жылға дейінгі жоспар ойдағыдай жүзеге асатын болса, суармалы жерлерден 3 трлн 727 млрд теңгенің өнімі жиналмақ. Ал өнімділік көрсеткіші бір қызметкерге 5,8 млн теңгеден айналмақ. Сондай-ақ 300 мың жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу