Тауарлық газ арзандайды

4462

Орталық және Солтүстік Қазақстан өңірлерінің 2,7 млн тұрғыны көгілдір отынға көшеді.

Тауарлық газ арзандайды

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев үкімет отырысында келесі жылы тауарлық газдың шекті көтерме бағасы төмендейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шекті көтерме сауда бағасы төмендеп, тауарлық газдың түпкілікті құны 12-22%-ға арзандайды.

Энергетика министрлігінің шекті көтерме газ бағасын төмендетуіне байланысты табиғи монополияларды реттеу комитеті электр станцияларына газды төмен бағамен жеткізу туралы шешім қабылдайды.

Айта кетейік, қазір тауарлық газ тұтыну көлемі 13,8 млрд текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда 1 320 елдімекен көгілдір отынның қызығын көріп отыр.   

Естеріңізде болса, таяуда энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай "Сарыарқа" магистралды газ құбырының құрылысы биыл желтоқсанда басталып, келесі жылы желтоқсанда аяқталатынын айтты.

"Сарыарқа" магистралды газ құбыры құрылысының жобасын жүзеге асыратын "АстанаГаз КМГ" АҚ тендер өткізіп, "Қазқұрылыссервис" компаниясын мердігер деп жариялады. Биыл желтоқсан айында "Сарыарқа" магистралдық газ құбырының жұмысы басталып, келесі жылдың желтоқсанында аяқталады. Бұл құрылыстың бірінші кезеңі. Бұл кезеңде Қызылорда облысынан бастап Астанаға дейін магистралды газ құбыры салынады", – деді вице-министр.

Оның мәлімдеуінше, қазір Қазақстанның 11 өңірі табиғи газбен қамтылып отыр.

"2017 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтың газ тұтыну көрсеткіші 13 млрд 800 млн текше метрді құрады. Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша халықты газбен қамту деңгейі 47,38%-ға жетті. Бұл ретте, газдандырудың жалпы схемасына сәйкес, 2030 жылға қарай газдандыру деңгейін 56%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл қосымша 1,5 мыңнан астам елдімекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді", – деді Сәбит Нұрлыбай үкіметте сөйлеген сөзінде.

Біле жүріңіздер, биыл 28 тамызда "Мемлекеттік сараптама" РМК "Сарыарқа" магистралды газ құбырының жобасын оң бағалады. Сөйтіп бірнеше кезеңге бөлінген жоба қолға алынды. Бірінші кезеңде Қызылорда облысындағы Қа­раөзек кен орнынан басталатын газ құ­быры Жезқазған, Қарағанды, Теміртау ар­қылы Астанаға жеткізілетін болды. Екінші ке­зеңде Астана мен Көкшетау, үшін­ші кезеңде Көкшетау мен Петропавл арасын газ құбырымен жалғау міндеті қойылды. Осылайша Ақмола, Қарағанды, облыстары мен Астана қаласын газбен қамту мәселесінің түйінін тарқатуға қадам жасалды.  

Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында салынатын магистральды газ құбырының алғашқы кезеңіне 267,3 млрд теңге жұмсалады. "АстанаГаз-ҚМГ" АҚ жобалық компаниясының жарғылық капиталына  "Самұрық-Қазына" ұлттық-әл-ауқат қоры мен "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі 40,15 млрд теңгеден 80,3 млрд теңге қосады. Еуразиялық даму банкі АҚ мен "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ 51 млрд теңгеден 102 млрд теңге береді. БЖЗҚ "АстанаГаз-ҚМГ" АҚ облигациясына 85 млрд теңгеге пара-пар актив аударады.

Жобаға жұмсалатын қаржының 53%-ы - құбырға, 22%-ы - құрылыс-монтаж жұмысына, қалған 25%-ы басқа қызмет түрлеріне шығындалады.

"Сарыарқа" магистральды газ құбырын халықты газбен қамтамасыз етіп тұрған "Бейнеу-Бозой-Шымкент" құбырына қосу жоспарланып отыр. Осы құбыр арқылы Астана қаласы мен оның айналасындағы елдімекендер көгілдір отын тұтынатын болады.

Елорданың ішіне газ тарату жұмысы 3 кезеңді қамтиды. Бірінші кезеңде 9 кешен газбен қамтылады. Атап айтқанда, алдымен 1, 2 және 3 жылыту қазандықтары көгілдір отынға қосылады. Бұдан соң Көктал-1, Көктал-2 тұрғын үй алаптарына газ тарту желілері, келесі кезекте Же­лезно­дорожный тұрғын үй алабы, "Оңтүстік Шығыс" тұрғын үй алабына сұйық отын

Жеткізіледі. Осылайша, 2021 жылға дейін бірінші кезеңнің жұмысы толық аяқталады. Бұл жұмысқа 25,1 млрд теңге бөлінеді. Ал 2021 мен 2023 жылдар аралығында екінші және үшінші кезеңнің жұмысы атқарылады. Екінші кезеңдегі газ тарату желілері іске қосылғанда, Мичурино, Интерна­цио­нальный, Күйгенжар, Тельман, При­го­род­ный, Garden Village және Family Village тұрғын алаптары көгілдір отынға қол жеткізеді.

Айта кетейік, "Сарыарқа" магистралды газ құбырының құрылысына шамамен 800 адам жұмылдырылады. Жоба аясында еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінің 2,7 млн тұрғыны көгілдір отынға көшеді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу