Тәжік азаматтары біздің елде 30 күн тіркеусіз жүрмек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2640

Ал тіркеуге тұрғандар үшін 90 күн қарастырылған.

Тәжік азаматтары біздің елде 30 күн тіркеусіз жүрмек

Сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде қаралған заң жобасы Тәжікстан мен Қазақстан азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Нақтырақ айтсақ, шекарадан өткен Тәжікстан азаматтары Қазақстанда 30 күн бойы міндетті тіркеусіз жүре алады. Ал 90 күн еркін жүру үшін міндетті түрде тіркеуге тұру керек. Мұндай мүмкіндік Тәжікстанға барған Қазақстан азаматтарына да берілмек.

Атап өтерлігі, бұл әлі бекітілмеген норма. Заң жобасы алдағы уақытта сенаттың жалпы отырысында талқыланады.

Сенатор Владимир Волковтың мәліметінше, 2018 жылдың 11 айында Қазақстанға 492 287 Тәжікстан азаматы келген. Бұл – біздің елге табан тіреген жалпы шетелдіктердің 8,5 пайызы. Ал Қазақстаннан Тәжікстанға барғандар саны – 489 865 адам.

"Шекарадан бері өткен 56 396 тәжікстандық Қазақстанда уақытша тіркеуге тұрған. Оның 33 273-і жеке шаруаларымен келсе, 10 120-ы турист ретінде тіркелген. Ал 10 072-сі жұмыс істеуге келіпті. Тәжікстан азаматтары негізінен Алматы мен Астана қалаларында және Алматы облысында тіркеуге тұрған", – дейді Владимир Волков.

Өкінішке қарай, тәртіп бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандары да жоқ емес. Деректерге сүйенсек, 11 айдың ішінде 3 777 Тәжікстан азаматы заң бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл тәртіп бұзған жалпы шетелдіктердің 3,6 пайызын құрайды. Ал 691тәжік елден шығарылған.

Заң жобасын әзірлеушілер алдағы жылдары Тәжікстаннан келушілер ағыны аса көп болмайды деген сенімде. 

Еске сала кетейік, осы жылдың 14 наурызында екі ел үкіметі көші-қон мәселелеріне қатысты арнайы келісімге қол қойған болатын. Құжат екі жақты әріптестікке құқықтық негіз болып отыр.

Жалпы, бүгін Қазақстан-Тәжікстан қатынасына байланысты үш оқиға орын алды. Бірін жоғарыда атап өттік.

Бұдан бөлек, бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Көшбасшылар екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен әлеуетін талқылады. Атап өтерлігі, телефон арқылы сөйлесуге Тәжікстан жағы бастамашы болған.

Сондай-ақ Қазақстан Тәжікстанға қайтарымсыз негізді әскери-техникалық көмек көрсететін болды. Қос тарап Астанада дәл бүгін осындай келісімді бекітті. Келімге қорғаныс вице-министрі Талғат Жанжұменов пен Тәжікстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Назирмад Ализода қол қойды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу