Тегеран ТМД-ның темірінен бас тартуы мүмкін

Ресей мен Қазақстан Ислам Республикасына ыстықтай тегістелген болат бумасының экспортын қысқартуға мәжбүр болып отыр. 

20 Шілде 2018 08:24 Автор: Арыстан Рысбек
Тегеран ТМД-ның темірінен бас тартуы мүмкін ,  Тегеран, ТМД-ның темірі, болат бума

Биыл АҚШ ешкіммен, тіпті Еуропа одағымен санаспастан Иранға қарсы біржақты санкция жариялады. Вашингтонның сол шешіміне наразылық білдіргендердің бірі – Мәскеу. Өйткені Кремль Тегеранға қарсы жаңа экономикалық шектеу ресейлік компанияларға да кесірінен тигізеді деп қауіптенді. Путин Құрама Штаттарға қанша жерден қарсылығын білдіргенмен, оның елінде Иранмен сауда жасайтын фирмалар сақтануға мәжбүр.

Осыдан бірер күн бұрын «Рейтер» агенттігі хабарлағандай, Ресеймен бірге Қазақстан да Ислам Республикасына ыстықтай тегістелген болат бума сатуды қысқартып жатыр. Мұндай темір Иранда көбінесе құбыр, автомашина, ауылшаруашылығы құрал-жабдықтарын және тағы басқа заттарды жасауға пайдаланылады. Бірақ ирандық трейдерлердің сөзінше, Тегеран құрышты көп тұтынбайды және оларға Ресей мен Қазақстаннан келмей қалған болаттың орнын толтыру қиын емес. Десек те  Трамптың санкциялары бұл мемлекеттің темір импорттау деңгейін тіпті төмендетіп жіберген.    

Болат бумаларды Иранға Теміртаудан «АрселлорМиттал», Ресейден «Северсталь» және MMK компаниялары экспорттайды.

«Күмәнім жоқ, «Арселлор» мен өзге компаниялар Дональд Трамптың ірі кәсіпорындарға қысымы нәтижесінде Иранмен арадағы сауданы қысқартып жатыр», – дейді ирандық трейдерлердің бірі.

«АрселлорМитталдың» ТМД елдері бойынша бас директоры Парамджит Кахлонның кеңесшісі Алекс Агуреев осы компанияның америкалық санкцияларға байланысты Тегеранға өнім жіберуді тоқтататынын «Рейтерге» берген сұхбатында растады.

«Санкцияларға байланысты Иранға экспортты уақытша доғарамыз. Санкция алынып тасталғанда, болат жөнелтуді қайта жандандырамыз», – дейді Алекс Агуреев. Бірақ кеңесші экспорттың нақты қашан тоқтайтыны жөнінде ештеңе айтқан жоқ.

«Северсталь» мен MMK мен Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрлігі бұл мәселе бойынша түсініктеме беруден бас тартты.

«Сұмдық келісім»
Биыл мамыр айында Трамп Америка Құрама Штаттарын Иранмен жасалған халықаралық ядролық пәтуадан шығарып, «ешқашан қабылданбауы тиіс біржақты сұмдық келісімді» бұзу үшін Тегеранға қарсы экономикалық санкцияларды қайтаруға уәде берді. Мұның нәтижесінде Еуропаның талай энергетикалық және қаржылық компаниясы Ирандағы жобаларын доғаратынын немесе Тегеранмен қатынастарын уақытша тоқтататынын жариялады. 

Жаңа санкциялар тамыздың алтысында күшіне енеді. Соған сәйкес Иран үкіметінің АҚШ долларын сатып алуына,  Иранның алтынмен, құнды металдармен сауда жасауына, Иранға графит пен шикі және жартылай фабрикаттарды, көмірді, өнеркәсіппен байланысты бағдарламаларды сатуға немесе Тегераннан осыларды сатып алуға шектеу қойылады.

Ресей мен Еуропа одағы мемлекеттері АҚШ-тың ядролық келісімнен шығуын мүлдем қолдамады. Ал президент Владимир Путин мен оның француз әріптесі Эммануэль Макрон Иранмен бизнес жасаған ресейлік және франциялық компанияларды Американың жазалауына қарсы тұратындарын ескертті.

«Американың шетелдік компанияларға айыппұл төлету туралы заңын қабылдай алмаймыз. Оған тоқтау салуымыз керек», – деді Владимир Путин мамырда сөйлеген сөзінде. Дегенмен өмір шындығы басқа. Көптеген компаниялардың транзакциялары доллармен сақталғандықтан, АҚШ заңына бағынуға мәжбүр. Яғни Американың санкцияларын аттап өту олар үшін қауіпті. 

Макрон да Иранмен байланыстағы француз бизнесін АҚШ-тың санкцияларынан қорғауға уәде бергенді. Соған қарамастан бұл мемлекеттің әйгілі мұнай компаниясы Total санкциядан қорғалмаса, Ислам Республикасынан кететінін мәлімдеп отыр.

Шектеулі әсер
Металдар мен кеніштерді және тыңайтқыштарды зерттеуге мамандандырылған CRU тобының мәліметінше, Иран 2017 жылы ыстықтай тегістелген болат бумаларының 5,6 млн тоннасын тұтынған. Соның 0,8 млн тоннасы ғана сырттан импортталған. Осы импорттың 410 мың тоннасы - Ресейден, 240 мың тоннасы – Қазақстаннан екен.

CRU’дің сарапшысы Пуниит Паливалдың айтуынша, болат импортының қысқаруы Иранға үлкен әсер етпейді. Бұл елде құбырлар мен профильдер сегментінде қалыңдығы 2 миллиметрге жетпейтін тегіс болат бумалар қолданылады. Оның үстіне өткен айда Ислам Республикасының Mobarakeh Steel мемлекеттік компаниясы 1,8-миллиметрлік тегіс болат бумаларды коммерциялық мақсатта шығарып, импортқа тәуелділікті төмендету жолдарын қарастырып жатқанын мәлімдеді.

«Бұл компания өндірісті арттырып, импортты бір жыл ішінде алмастыруды көздеп отыр. Осылайша бір жағынан - америкалық санкциялар, екінші жағынан - ішкі өндірістің күшеюі Тегеранның ТМД-ның тегіс болат бумаларына деген сұранысты күрт кемітуі әбден мүмкін», – дейді Пуниит Паливал.

Арыстан Рысбек