Тендер бөліп жеңдер

2824

Қарағандыда  құлағы естімейтіндер құрылыспен  айналысып, көзі көрмейтіндер көше шамдарын орнатып  жүр.

Тендер бөліп жеңдер

Облыс әкімі Ерлан Қошанов қоғамдық кеңес отырысына қатысып, "ақсақты тың, өтірікті шын" дейтін баяндамаларға құлақ түрді. Том-том есептер мен сықиған статистика жұрттың бәрін жалықтыра бастаған кезде қоғамдық кеңес мүшесі Найля Қайырбекова төтесінен тартты. Ол облыстағы мемлекеттік сатып алу жүйесі яғни тендер былыққа белшесінен батып тұрғанын жайып салды.

"Қарағанды облысындағы тендерлердің басым бөлігі адал өтпейді. Біреу жеңіске жетеді, ал оның ақшасын басқа біреу жұмсайды", – деді ол.

Оның сөзінше, жыл басынан бері тендерге қатысты талай былықтың беті ашылған. Мысалы, аулаларды  абаттандыру жұмысын атқарып жатқан мердігер компания құлағы нашар еститіндердің қоғамына тиесілі болған. Алайда бұл жердегі жұмыстың барлығын 12 мүшесі сау адамдар атқарған.

"Тексеріс жүргізу кезінде біз құлағы нашар еститіндердің қоғамы ұтып алған тендердің шаруасын құлақтары еститін адамдар тындырып жүргенін анықтадық. Бұл жерден құлағы естімейтін бірде бір адам табылмады, барлығы сап-сау адам болып шықты", – деді қоғамдық кеңес мүшесі.

Найля Қайырбекова тендерді ұтып алғандардың өздеріне тиесілі техникасы да болмағанына қынжылды.

"Олар құрылысқа қажетті техниканың барлығын әлдекімдерден жалға алып отырған. Сорақысы сол, мұнда жұмыс істегендердің басым бөлігін Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген келімсектер құраған. Олар су тегінге жұмыс істеген. Ал өз елімізде жұмыссыз жүрген жандар құрылыс алаңына маңайлай алмаған", – деді қоғамдық кеңес мүшесі.

Басқосу барысында пікір білдірген қоғамдық кеңес мүшесі, кәсіпкер Николай Абт былтыр көше бағаналарындағы  шам  жөндеу жұмысына  жарияланған байқауды көзі нашар көретіндердің қоғамы  ұтып алғанын айтты.

"Өздеріңіз елестетіп көріңіздерші, құлағы нашар еститін адамдар құрылыспен айналысады, ал көздері көрмейтін жандар бағана бойлап шам жөндейді. Осы ақылға сия ма? Мұндай іспен мүмкіндігі шектеулі адамдар емес, кәсіби мамандар айналысу керек емес пе?", –  деп налыды кәсіпкер.

Осының бәрін мұқият тыңдаған аймақ басшысы жиын соңында бассыздыққа, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтінін алға тартып, жоғарыдағы фактілерді ерекше назарға алуға уәде берді.

Аяжан Ералықызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу