Теңге мен юань жұптасса не болады

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
10036

Сарапшылар пікір қайшылығын туғызды.

Теңге мен юань жұптасса не болады

"Телетрейд Групп" тобының сарапшысы Олег Богданов теңгенің әлсіреуіне сыртқы фактор әсер етіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі жағдай ұлттық валютамызға ғана емес, экономикамызға да кері әсерін тигізеді.

"Бұл жолғы картина 1998 жылғы жағдайға көбірек ұқсайды. Айырмашылығы,  теңге мен рубльдің долларға деген тәуелділігі 20 жыл бұрынғы деңгейде емес", – дейді Олег Богданов.

Оның сөзінше, АҚШ пен Ресей арасындағы түсініспеушілік теңгенің теңселуіне түрткі болып тұр. Уақыт өте келе қытай валютасы бағамының қайта-қайта құбылуы да теңгеге кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Теңге АҚШ долларынан да, қытай юанінен де соққы алып жатыр. Мәселені шешу үшін теңгеге қандай валютамен жұп құру қажет екенін нақтылау қажет", – деді Олег Богданов.

Ел арасында теңгені рубльден ажыратып, юаньмен жұптағысы келетіндер бар екен. Бұл туралы қаржыгер Ілияс Исаев: "Теңге қуатты валютамен тандем құруы керек. Бұл фактор ұлттық валютамызға күш, ал ішкі нарыққа еркін тыныс алуға мүмкіндік береді. Мүмкіндікті мүлт жіберу Қазақстан үшін стратегиялық қате болады, – деді. Ал экономист Рүстем Жансейітов теңге алдағы уақытта юаньға емес, рубльге қарап бой түзеуін жалғастыра беретінін айтты.

"Валюта нарығында "рубльді жел шайқаса, теңгені аспаннан ізде" дейтін жағдай болып тұр. Санкцияның езгісіне түсіп, салу суға кеткен рубль өзінің соңынан теңгені тарта бастады. Бізге рубльдің  ықпалынан құтылу қажет. Бұл үшін мемлекет рубльге тәуелді екенімізді мойындап, одан алшақтаудың алғышартын қарастыруы керек", – деді Рүстем Жансейітов.

Оның пікірінше, теңге мен рубльдің жұбы жазылмай, ұлттық валюта юаньмен жұптасады деп топшылау дұрыс емес.

"Теңгенің күн сайын арзандағанына қарап, Ұлттық банк девальвацияның эволюциялық, шок әдісін емес, біртіндеп әсер ету жолын таңдап алғанын аңғардық. Мұның қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Девальвацияны екі фактор ғана тоқтата алады. Біріншісі – қымбат мұнай бағасы, екіншісі – АҚШ-тың Ресейді санкциядан босатуы. Бізге алғашқы емес, екіншісі жағдай тиімді. Теңге бағамына қатысты мәселені қымбат мұнай емес, рубльдің оң бағамы  шешеді", – деді Рүстем Жансейітов. 

Экономист Алмас Чукин теңге юаньмен жұптасса жағдайы жақсарады деп ойлайды екен.

"Қазақстанның Қытаймен сауда байланысы артып, Қытайдың әлем экономикасындағы беделі нығайып келеді. Осы тұрғыдан алғанда теңге мен юаньді жұптастырған жөн", – деді маман.

Amarkets сараптама орталығының маманы, ресейлік сарапшы Артем Деев юань мен теңге жұбының күш алуы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланысқа кері әсер ете алмайтынына назар аударды.  

"Бұл әлемдік валюта текетіресінде Қытай валютасына қолайлы болып тұрған уақытша фактор", – деп қысқа қайырды сарапшы.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу