Теңге-рубль жұбының бәсі биік

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5341

Өткен айда доллардың сатылымы 0,9%-ға қысқарды. 

Теңге-рубль жұбының бәсі биік

Қаңтар айында Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық көлемі 11,3%-ға өсіп, 12,4 трлн теңгені құрады. Ал ақша нарығындағы алыс-беріс 6,1 %-ға ұлғайып, 11,1 трлн теңгеге жетті.

Биржаның ақпарат және статистика департаментінің директоры Зәуре Есімованың мәлімдеуінше, шетелдік валюта нарығында рубль-теңге саудасының бәсі биік болған.  

"Қаңтарда рубль-теңге жұбындағы сауда көлемі ЕАЭО аясындағы жобалар мен клиенттік тапсырыстар есебінен аздап артты", – деді Зәуре Есімова.

Оның сөзінше, шетелдік валюта саудасының жалпы көлемі өткен аймен салыстырғанда 5,1%-ға немесе 60,4 млрд теңгеге көбейіп, 1 244,8 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде рубль-теңге жұбы 13,8%-ға артып, жалпы сауданың 13,3%-ын құрады.

"Біздегі нарықтың 86,1%-ын доллар-теңге валюталық жұбы иеленгенін білесіздер. Қаңтарда доллар-теңге саудасы бойынша 7438 мәміле жасалып, доллардың сатылымы 0,9%-ға қысқарды. Бір айда Қазақстанның ұлттық валютасы долларға қатынасында 2,8%-ға арзандады", – деді Зәуре Есімова.

Департамент директорының мәлімдеуінше, юань-теңге жұбындағы сауда көлемінің өсімі айтарлықтай болмаған. Юань-теңге жұбы бойынша 47 мәміле жасалып, шетелдік валюта саудасының 0,6%-ын құраған.

Еуро-теңге жұбындағы сауда бәсеңсіп қалған. Қаңтар айында 21 мәміле жасалып, жоғарыдағы жұп жалпы сауданың 0,1%-ын ғана еңсерген.

Биржадағы акциялар 47,4 %-ға өсіп, 10,5 млрд теңге кіріс кіргізсе, корпоративтік облигациялар сауда-саттығының көлемі 83,6 % өсіп, 8,3 млрд теңгеге жеткен. Ал мемлекеттік бағалы қағаздардың өтімділігі 2017 жылмен салыстырғанда 83,4%-ға төмендеп, 15,8 млрд теңгеге түскен.

Инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарының сауда-саттығы да азайған.  Бұл көрсеткіш 21,1%-ға төмендеп, 19,0 млн теңгеге түскен.

Департамент директорының айтуынша, АҚШ-тың қор биржасындағы аяқ астынан болған құлдырау ЕО мен Азия елдерінің нарығына салқынын тигізген. Суыққа шалдығудан Қазақстан қор биржасы да тыс қалмаған.

"Халықаралық қоғамдастықтың ажырамас бөлігі болғандықтан KASE индексі сәл төмендеді. Экспорт-импорт бағытындағы компаниялар уақытша қиындыққа тап болды. Алдағы уақытта жағдай дұрысталады, барлығы қалпына келеді ден үміттенеміз", – деді Зәуре Есімова.

Оның сөзінше, биржаның сауда тізімінде дәл қазір 111 эмитенттің 127 құнды қағазы тұр.

"Қаңтарда кей компанияларда делистинг жүрді. Себебі олар 3 ай бойы әрекет етпеген. Бізде шарт бойынша 3 ай саудасы жүрмеген компаниялардың мәселесі күн тәртібіне қойылады", – деп қорытты ойын департамент директоры.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу