Теңгеге қысым күшеюі мүмкін

4015

Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығы Ресейге қарсы санкциялардың күшіне енуіне байланысты осындай болжам жасап отыр.

Теңгеге қысым күшеюі мүмкін

Скрипальдардың ісіне қатысты АҚШ тарапынан Ресейге қарсы жарияланған жаңа санкциялар күшіне енген соң теңгеге қысым күшеюі мүмкін, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ).

"Бүгін Ресейге қатысты жаңа санкциялар күшіне енеді деп күтілуде, ал бұл теңге бағамына жағымсыз әсер етеді. Осылайша, бүгінгі саудада теңгеге айтарлықтай қысым болуы мүмкін", – деп ҚҚҚ хабарламасында жазылған.

ҚҚҚ бүгінгі таңғы сауда сессиясында USD/KZT жұбы бір доллар үшін 360,0 теңге шамасында саудаланып жатқанын, бұл алдағы сауда сессиясын жапқандағы орташа сараланған бағамнан 36 тиынға жоғары екенін атап кетті.

Сыртқы нарықтардағы жоғары құбылмалыққа қарамастан, өткен аптада ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы бір доллар үшін 360 теңгеге жақын межеде тұрақтаған болатын.

"Геосаяси және сауда тәуекелдері өршіп кеткен тұста мұнай бағасының жоғары болуы да теңгеге қолдау болды. Сондай-ақ теңгеге қосымша салық төлемдері де сеп болды. 25 тамызда 2018 жылдың II жартыжылдығы үшін бірқатар салықты төлеу мерзімі басталған болатын. Олардың қатарында экспортқа, ҚҚС, ПҚӨС-ке салынатын рента салығы және басқа да салық түрлері бар. Сенбі күні KASE-нің валюта нарығында 52,1 млн долларды құраған сауданың төмен көлемі жағдайында ұлттық валютаның долларға қарсы (Т+1) орташа сараланған бағамы 91 тиынға, бір доллар үшін 359,64 теңгеге дейін төмендеді. Алайда Т+1 есептеуімен USD/RUB жұбы бойынша келісім жасалған жоқ", – деді қауымдастықтағылар.

Сонымен қатар ҚҚҚ америкалық валюта бағамының динамикасына қысқаша шолу келтірді. Доллардың жұма күні басталған әлсіреуі бүгінгі азиялық саудада жалғасын тапты. "Тап қазір DXY индексі 95,08 (-0,08%) көрсеткіші деңгейінде. Еске салар болсақ, доллардың төмендеуіне жұма күні ФРЖ басшысы Джером Пауэллдың сөйлеген сөзі әсер етті. ФРЖ басшысы пайыздық мөлшерлеме одан әрі өседі және ақша-несие шарттары бейтарап мәнге жақын екенін айтты", – деп отыр сарапшылар.

Дегенмен азиялық қор нарығы Уолл-Стриттегі жұма күнгі жағдайдан кейін, осы аптаны өсумен бастады. Жапониядан басқа Азия-Тынық мұхит өңірі бойынша MSCI индексі қазір 529,9 (+0,08%) көрсеткіші шамасында, ал жапондық Nikkei индексі болса 0,93%-ға өсіп, 22804,5 шамасында тұр. Корейлік KOSPI индексі 0,24%-ға, аустралиялық S&P/ASX 200 индексі сауда барысында 0,25% -ға өсіп– 6263,0 шамасында.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дауы әлемдік экономиканың өсуін баяулатуы мүмкін деген қауіптерден соң мұнай бағасы шамалы төмендеп келеді. Ал АҚШ-тың қарашада Иранның мұнай секторына қарсы санкция қоюы мүмкін деген қауіп мұнай бағасын одан әрі төмендетпей тұр. Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 76,08 доллар (-0,07%) шамасында саудаланып жатыр.

27 тамыз күні Скрипальдар ісіне байланысты АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкиясы күшіне енеді. Жаңа шектеу шаралары шетелдік көмек, қару сату мен Ресейді қаржыландыруға қарсы бағытталып отыр. Содай-ақ АҚШ үкіметі тарапынан несие беруге шектеу қойылып, ұлттық қауіпсіздік саласына байланысты өнім мен технологияны экспорттауға тыйым салынады. Егер Ресей химиялық қаруды енді қолданбайтыны туралы кепіл ұсынбаса, аталған санкциялар 90 күннен кейін ұзартылады.

Еске салар болсақ, 2018 жылдың 4 наурызында Ресей Федерациясының Бас барлау басқармасының экс-полковнигі, бұрын Ресей мен Ұлыбритания пайдасы үшін тыңшылық жасағаны үшін сотталған Сергей Скрипаль қызы Юлия Скрипальмен Солсбериде ес-түссіз күйде табылған болатын. Британия тергеушілері табылған адамдар "Новичок" деп аталатын А234 жүйкені зақымдайтын улы затпен уланған деген қорытындыға келген. Ресей болса өздеріне тағылған айыпты теріске шығарып отыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу