Теңгенің әлсіреу себептері мен жыл соңына дейінгі перспективасы

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4579

Макроэкономикалық ахуал теңге үшін жайлы болып тұрған жоқ. Бар үміт енді мұнайдың қымбаттауында.

Теңгенің әлсіреу себептері мен жыл соңына дейінгі перспективасы

Соңғы бір айда доллардың теңгеге шаққандағы құны 6-7 теңгеге қымбаттаса, жаз басынан бері доллар 15-20 теңгеге дейін қымбаттап, 2016 жылдың қаңтарынан бергі максимумға жетіп отыр. Мұнай бағасының соңғы бірер күнде бірер долларға арзандағанымен, теңгені әлсіретіп жіберетіндей құлдыраған жоқ. Жалпы, мұнай бағасы қазір теңге үшін қолайлы. Ал ұлттық валютаның арзандауына доллардың ішкі факторлары, АҚШ экономикасы мен "сауда соғысы" айтарлықтай әсер етіп отыр.

Рубльдің ықпалы
Ресей рублімен қатар қимылдайтын теңге тамыз айында тағы да арзандауы мүмкін. Өйткені орыс сарапшыларының сөзіне сенсек, жаз соңындағы маусымдық факторларға байланысты, нақтырақ айтар болсақ РФ ағымдағы шотының әлсіреуі мен дивиденттік төлемдердің кері конвертациясы және оған әсер етуші антиресейлік санкциялар рубльді әлсіретіп, бұл өз кезегінде теңгенің құнына кері әсер етуі ықтимал. 

Дегенмен, нарықтағы саудагерлердің арасында орыс валютасының бірер айлық болашағына оптимизммен қараушылар да жоқ емес. Көбінің пікірінше, доллардың рубльге қатынасы 61-64 аралығында тербелуі ықтимал. Егер олай болатын болса, теңге үшін де белгілі бір деңгейде тұрақтылық орнайды деген сөз.

Ал кішігірім девальвацияның болжаушылардың бірі Газпром банкінің аға макро-стратегы Дмитрий Долгиннің пайымынша, тамыз айынан қалмай доллардың құны 65 рубльден асып, жыл соңына қарай маусымдық себептерге байланысты қайта қалпына келуі бек мүмкін. Олай болса, теңгенің де күзге қарай тағы бір әлсіреуін күту керек деген сөз.

Доллардың ішкі факторлары
Жаһандық экономикалық тұрақсыздық пен "сауда соғысы" дамушы елдердің валюталарына кері әсер ететіні анық. Олай дейтініміз, АҚШ-ЕО мен АҚШ-Қытай арасындағы баж салықтары мәселелерінің кесірінен бұл елдердің орталық банктері өз валюталарын күшейтуге күш салмақ.

АҚШ Федералды резерв жүйесінің жыл соңына дейін доллардың базалық мөлшерлемесін тағы бір көтеруі мүмкін екені туралы қауесет валюта нарығын алаңдатып отыр. Болжам бойынша, жыл соңына дейін доллардың базалық мөлшерлемесі 1,75-2,00 пайызға дейін жетпек.

Күші кеше ғана өткен ФРЖ-ның отырысынан сарапшылар айтарлықтай жаңалық күтпегені анық. Өйткені, бұл жолғы жиын әу бастан өтпелі жиын ретінде бағаланып, базалық мөлшерлеме қыркүйектегі отырыста көтеріледі деп болжанған. 

Жалпы, доллардың айналасындағы осынау тұрақсыздық дамушы елдердің валюталарына, атап айтар болсақ, Ресей рублі, Бразилия реалы, Мексика песосы, Оңтүстік Африка рэнды мен Қазақ теңгесіне кері әсерін тигізіп, бұл валюталар апта басынан бері 1-2 пайызға дейін арзандап кеткен еді. Мұндай кезде теңгені құтқара алатын жалғыз фактор мұнай бағасы болғанымен, қара алтын құны да соңғы тәуліктерде керісінше бірер долларға арзандап кеткені белгілі.

Доллардың өзіндік құнының қымбаттауына түрткі болған тағы бір фактор - АҚШ-тағы инфляция. ФРЖ экономистерінің мәліметінше, инфляция бір айда 0,1 пайызды құрап, бұл өз кезегінде доллардың нығаюына ықпал еткен.

Бар үміт мұнайдың қымбаттауында
Екі жарым жылдық максимумға дейін әлсіреген теңге үшін сыртқы факторлардың бәрі жағымды болып тұрған жоқ. Рубльдің қысқамерзімді құлдырауы, геосаяси жағдайларға байланысты дамушы елдер валюталарының әлсіреуі мен мұнай бағасының 72-74 доллар аралығындағы дәлізден шыға алмауы ұлттық валютаны әлсіретпесе, нығайтпақ емес.

Дегенмен, Трамптың Иранға қарсы санкциясы мұнай бағасына екпін беріп, бұл өз кезегінде шикізатқа сүйенген валюталарға оң ықпал етеді деген үміт бар. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда мұнай нарығында тәулігіне 1,8 млн баррель тапшылық бар және алдағы бірер айда экспорттаушы елдер бұл сұранысты қанағаттандыра қоятындай өндіріске ие емес. Демек, нарықтағы тапшылық бағаны алға сүйремек.

Бүгінге дейін нарықта қалыптасқан ақпараттарға сүйенсек, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы күзге қарай 350 теңгеге дейін көтеріліп, жыл соңына қарай қазіргі деңгейге қайта түсуге тиіс.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу