Теннистен күміс пен қола алдық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3422

Теннистен ХVІІІ жазғы Азия ойындарының финалына шыққан жігіттеріміз ұтылып қалып, жұптасып ойнауда күміс жүлдені қанағат тұтты.

Теннистен күміс пен қола алдық Фото: asiangames2018.id

Жұптасып өнер көрсетуден Александр Бублик пен Денис Евсеев финалға шыққан болатын. Шешуші матчта Үндістан жігіттерімен додаға түсіп, ұтылып қалды. Есеп – 0:2. Бірінші сетте 3:6, екіншісінде 4:6 есебімен есе жіберіп алды. Алтын медаль Рохан Манчанда Бопанна мен Дивидж Шаранға бұйырды.   

Кеше Александр Бублик ширек финалда Өзбекстан теннисшісі Денис Истоминмен кездесіп, жол берген болатын. Бұл ерлер арасындағы жекелей сын аясындағы кездесу еді. Бірінші сетте 1:6 есебімен ұтылды. Екіншісінде 0:3 есебімен ұтылып жатып, әрі қарай ойнаудан бас тартты. Сірә, "бүгінгі финалды ойлап, көп күш жұмсағысы келмеген шығар" деп болжалдап едік. Алайда, бүгін де бақтары жанбады.

Бүгін таңертең жұптасып өнер көрсетуден әйелдер арасындағы жартылай финалдық ойындар өткен болатын. Оның бірінде біздің еліміздің намысын қорғаған Анна Данилина мен Гозаль Айнитдинова Тайпэй қыздарынан ұтылып, қола жүлдеге ие болды.

Түстен кейін аралас жұптағы жартылай финалдық ойындар өтіп, Анна Данилина мен Александр Недовесов Тайпэй спортшыларымен кездеседі. Ұтылып қалса, қола жүлдені қанағат тұтып, жеңіске жетсе, финалға шығады.

Дәл қазір Қазақстан қоржынында 2 алтын, 7 күміс, 19 қола жүлде бар. Жалпы командалық есепте 12-орындамыз. Жүлделеріміз көп болғанымен, алтынымыз аздау болып тұр.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу