Тері бизнесіндегі мүдде қақтығысы

Шығыс Қазақстанның тері өңдеушілері жыл сайын шамамен 900 млн теңгеге жететін тері экспортын жабуды сұрап отыр, ал мал өсірушілер сұраныстың төмендеп кеткеніне шағымдануда.

Тері бизнесіндегі мүдде қақтығысы

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, Шығыс Қазақстан облысында (ШҚО) жыл сайын 400 мың мал сойылады.  Алайда мал сою орнының иелері ІҚМ терісінің шамамен бестен бірін өткізу мүмкін емес екенін айтады. Олардың сөзінше, ұсақ мал мен жылқының терісі мүлде өтпейді. Жұмысы тоқтап тұрған Семей тері-былғары комбинатының басшылығы болса теріні сыртқа әкетуге тыйым салып, кәсіпорынның салықтық жүктемесін төмендету керектігін алға тартуда.

Осыдан бірнеше күн бұрын Семейге жұмыс сапарымен келген мәжіліс депутаты Владислав Косаревпен болған кездесуде "Семей тері-былғары комбинаты" ЖШС директоры Жұмағазы Рақымғалиев кәсіпорынның бір жылда тек үш ай ғана жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, бұған шикізаттың жетіспеуі себеп. Алыпсатарлар ІҚМ терісін сәл жоғары бағаға сатып алады да, оны Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға жібереді. Ал тері өңдейтіндер сатып алу бағасын салықтық кедергілердің болуы салдарынан түсіре алмайды.

ЖШС алыпсатарлармен алыса алмайды
"Семей тері-былғары комбинаты" ЖШС директоры Жұмағазы Рақымғалиевтың ақпараты бойынша, өңдеумен айналысатын кәсіпорынның төлейтін салығы мұнай кәсіпорнының шығынынан да көп. Теріні сатып алатын алыпсатарлар болса, салықты жеке кәсіпкер ретінде төлейді.

"Алыпсатарлармен бәсекеге түсу үшін бізді де барлық салықтан босатыңыздар",  – деді кәсіпорын басшысы.

Кәсіпорын Шығыс Қазақстанда союға өткізілетін малдың жалпы санының тек 10%-ның ғана терісін алады. Бұл шамамен жылына 20-40 мың ІҚМ терісі (бір тері орташа есеппен 20 келі тартады).

"ІҚМ-ның терісі 3500 теңге тұрады. Тері зауыты осы теріден 470 мың теңгенің өнімін өндіріп шығаруы мүмкін. Бірақ біз осы әлеуетті қолдана алмай отырмыз. Қазақстанда аяқ ким шықпайтын кезге де жеттік", – деді Владислав Косарев кездесуде.

Өндірушілер болса депутаттан ауыл шаруашылық өнімін өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына қатысты салық кодексін қайта қарау мәселесін көтеруді сұрады.

Жұмағазы Рақымғалиев малдың терісін шетелге экспорттауға тыйым салынатын болса, жергілікті өндірушілер мен Семей тері-былғары комбинаты дағдарыстан шығады деп есептейді. ШҚО-ның ауыл шаруашылық басқармасы мен мал өсірушілері керісінше, теріні экспортқа шығаруға тыйым салынатын болса, онда Семей тері-былғары зауыты өңірдегі жалғыз кәсіпорын ретінде фермерлерден шикізатты арзан бағаға сатып алатынын айтады.

"Семей тері-былғары зауыты "былай тарсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі" дегеннің күйін кешіп жатыр. Кезінде өндірісті іске қосу үшін несие берілді, бірақ ешқандай іс тындырылмады", – деді ШҚО ауыл шаруашылық басқарамасындағылар.

Жылқы мен қой терісі ешкімге керек емес
Сонымен қатар кәсіпкерлердің мәліметі бойынша, тіпті экспорт ашық болғанның өзінде де теріні өткізуге қатысты қиындық бар. Бұған қоса шикізаттың бестен бір бөлігі жарамсыз деп утилизацияға жіберіледі.

"Қой мен жылқының терісін алмайды. Тек ІҚМ терісін ғана алады, оның өзінде таңдайды, сапасы мен көлеміне қарайды. Бізден теріні үнемі бір кәсіпкер көтерме бағамен алады. Тері бағасы барлық жерде бірдей, оның қаншалықты көңілден шығып жатқанын айта алмаймын. Өтпей қалған теріні жағып жібереміз. Обал, әрине, бірақ сақтайтын жер жоқ. Теріні сақтау үшін жағдай жасау керек. Ал бізде ондай мүмкіндік жоқ,  – дейді "Ұлан" ЖШС директорының орынбасары Дамир Мұстафин. – Теріні мүлдем өңдемейміз. Алынған теріні мұздатқышқа саламыз. Сатып алушы сол мұздатқышта тұрған күйінде алады. Бұрын теріні тұздайтынбыз, бірақ қазір оны сойылған қалпында алғылары келеді. Сатып алушылар сапасына да қатты қарайды. Сиыр терісінің көлемі кішкентай болса немесе тері олардың ойындағыдай сыпырылмаған болса да, алмай қояды. ІҚМ терісінің шамамен 20%-ы жарамсыз болып қалады".

Ұлан ауданындағы "Ертіс" ЖШС басшысы Анатолий Барков та  Қытай нарығы ашық болса ғана олардан теріні арзанға алатынын айтты. Нарық жабық болса, онда теріні мүлдем алмайды екен.

"Қазір өзіміздің мал соятын цехымызды салып жатырмыз. Теріні тұздау үшін тұздық жасаймыз. Мүмкін осылай болса сұраныс көбейетін шығар. Сол үшін Ресейден жабдық әкелуге тапсырыс беріп қойдық. Бір жағынан алып қарасаң, бізде, Қазақстанда өңдеумен ешкім айналысқысы келмейді. Егер мемлекет онсыз да субсидия беріп жатса, өңдеу туралы ойлап не керегі бар? Одан да Қытайға жіберген оңай. Аяқ киім тігетін беларусьтық компаниямен жұмыс істедім. Олар басында барлық жұмысты өздерінде істеді, кейін өндірісін Қытайға көшіре бастады. ҚХР-дан дайындап әкеледі де, өздерінде істеп бітіреді".

Ауыл шаруашылық басқармасының ақпары бойынша, қазір ірі қара мал терісінің бір келісі 200 теңге тұрады, баға күзде жаппай мал сою кезінде төмендейді. Бірақ алыпсатарлар басқа ақпарат ұсынып жүр. Олар баға соңғы кезде бірқатар себепке байланысты түскенін айтып отыр. 

"Қырғыздардың шекараны жапқаны да бұған себеп болуы мүмкін. Ал ол жақта зауыт бар. Қазір үшінші ай қатарынан баға күрт түсіп отыр. Егер бұрын ІҚМ терісінің бір келісі 200 теңгеден болған болса, қазір 100 теңге, алатын адам да аз. Бір тері шамамен 20 келі тұрады, бір тері екі мың теңге болады, – деді тері дайындаумен айналысатын, атын жасырын қалдырғысы келген жеке кәсіпкер.  – Былтыр жылқы терісін қабылдағанбыз, ол кезде оның бағасы да 10 мың теңге болды. Жылқы терісі ешқашан қымбат болған емес. Ақша салып, мың тері жинадық, бірақ жылқы терісінің бағасы бірден түсіп кетті. Қазір енді ешқайда сата алмай отырмыз. Тіпті 500 теңгеден де алмайды. Қазір теріні негізінен Алматыға жібереміз. Ол жақта тері бастапқы өңдеуден өтіп, одан әрі терең өңдеуге Қытайға жіберіледі".

Оның сөзінше, Өскенменде тері сатып алумен тек үш кәсіпкер ғана шындап айналысады. Олардың басым көпшілігі Семей өңірінде. Сонымен қатар мамандар тері қабылдаудың көлеңкелі тұстары да бар екенін айтты.   

"Адамдар малға арналған жемдік тұз сататын нүкте ашады да, бұған қоса тері қабылдайды. Бизнестің бұл түрін ешқандай  жерде көрсетпейді. Содан кейін теріні "КамАЗ"-ға тиеп жібереді. Ал ондағы терінің қанша екенін санап жатқан ешкім жоқ. 40 тонналық машинаға теріні тиеуге үш күн кетеді, түсіруге де осынша уақыт керек. Жыл сайын шетелге 100 мың тоннадан бастап 300 мың тоннаға дейін тері жіберіледі", – деді сарапшылар  abctv.kz.-ке.

Мұны есептеу түк қиын емес, егер бұл санды терінің орташа бағасы екі-үш мың теңгеге көбейтетін болсақ, онда әкетіліп жатқан терінің бағасы 600-900 мың теңге болады.

Барлығын "тегін" дүние құртты
Тері сатып алумен айналысатын кәсіпкерлер Семей тері-былғары комбинатының проблемасы шикізат жетіспегендіктен емес, мемлекеттен тегін алып жатқан ақшада болып тұр деп отыр.  

"Бір айда жоқ дегенде 30-40 мың ІҚМ терісін жинауға болады, – деп отыр олар. – Егер осы Семей тері-былғары комбинатына мемлекет одан әрі ақша бөлетін болса, онда дағдарыс жалғаса береді. Бұл комбинат қалай жұмыс істейді? Нарықта ІҚМ терісіне арналған баға белгілі болғанда, олар арзан бағаға сатып алады да, қайта сатады. Олар тіпті теріні өңдемейді немесе мемлекет ақшаны көп берген кезде ғана өңдейді. Қытайда терінің келісін 300 теңгеден алғанда, комбинат 200 теңгеден алады".

Кәсіпкерлердің ойынша, егер Семей темір-былғары комбинаты тері сатып алуды ретке келтірген болса, онда теріні Қытайға тасымалдау тоқтайды.  Егер қазір экспортқа тыйым салатын болсақ, онда көптеген адам бизнесінен айырылып қалады.

"Мәселе экспортқа тыйым салуда емес шығар, – деп Дамир Мұстафин пікірін білдірді. – Тыйым салу нарықтың принциптеріне қайшы келеді. Бірінші себеп – орталықтандырылған мал соятын орынның жоқтығында. Тері көп жиналмайынша, өңдеуде болмайды. Шаруалардан тері жинауды дұрыс ұйымдастырудан бастау керек, ал әзірге бізде тиімді дайындау логистикасы жоқ".

Гүлназ Ермағанбетова, Ольга Ушакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу