Тимур Құлыбаев ҰОКҚ Бас Ассамблеясы жұмысына қатысуда

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев екі жүзден аса елдегі ұлттық олимпиадалық комитеттері басшыларының, әлемдегі спорттық ұйымдары көшбасшылары мен халықаралық спорт федерациялары президенттерінің жиынына қатысуда.

28 Қараша 2018 09:58 Автор: Саян Абаев
Тимур Құлыбаев ҰОКҚ Бас Ассамблеясы жұмысына қатысуда, Тимур Құлыбаев, ҰОКҚ, олимпиада, Токио
Фото: olympic.kz

Спорттық форумға жалпы есебі 1400-ден аса адам келіп отыр. Бұл форум тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ұлттық Олимпиадалық комитеттер Қауымдастығының Бас Ассамблеясы бүгін, 28 қарашада Жапонияның Токио қаласында өз жұмысын бастады, деп хабарлайды olympic.kz.

Айта кетелік, Қазақстан ҰОК басшысы ҰОКҚ халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының мүшесі. Аталған жиынға Қазақстан ҰОК бас хатшысы, ҰОКҚ қаржы және аудит жөніндегі комиссиясының мүшесі Данияр Абулгазин мен Қазақстан ҰОК вице-президенті, ҰОКҚ медициналық комиссиясының мүшесі Андрей Крюков та қатысуда.

Кең көлемде өтіп жатқан ҰОКҚ Бас Ассамблеясының XXIII жиыны 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын қорытындылауға және 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына дайындық барысын талқылауға арналған. Басқосу барысында Пхечхан-2018 қысқы Олимпиада ойындары мен Буэнос-Айрес-2018 жасөспірімдер жазғы Олимпиадасын ұйымдастыру комитеттерінің қорытынды есебі тыңдалады. Сондай-ақ, 2020 жылы Лозаннада өтетін жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасы мен Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының, 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиаданың ұйымдастыру комитеттері дайындық барысында өтіп жатқан іс-шаралар жөнінде есеп береді. Токио-2020 ұйымдастыру комитеті сынақтық жарыстарды қабылдауға дайын олимпиадалық нысандардың таныстырылымын өткізеді. Одан бөлек, Бас Ассамблея отырысында 2024 жылы Парижде және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеттері де өз дайындықтарымен таныстырды.

«Жыл сайын ірі масштабта өтетін мұндай басқосулар әлемдегі әріптестеріңді кездестіріп қана қоймай, мемлекеттер арасындағы халықаралық қатынастарды нығайтуға, сондай-ақ, олимпиадалық қозғалыс мүшелерінің бірлескен еңбегінің жемісін көруге мүмкіндік береді. Жыл сайын мұндай кездесулердің күн тәртібінде қаралатын мәселелердің маңызы арта түсуде, ҰОК-тер үшін маңызды саналатын мәселелерді талқылауға уақыт бөлінеді. Ең бастысы – олимпиадалық қоғамдастықты дамытуға қатысты сұрақтар жауабын табады. Аталған форум елдер арасында диалог қалыптастырып, халықаралық спорттық ұйым көшбасшыларымен мәмілеге келуге септігін тигізеді. Бұл әлем спортындағы өзгерістер кезінде біз үшін өте маңызды», – деді Тимур Құлыбаев.

ҰОКҚ Бас Ассамблеясын Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ ашты.

«Токио-2020 Олимпиадасына дайындық қызу жүріп жатыр. Біз 1964 жылы Олимпиада ойындарын өткізген едік. Сол кезде қыруар жұмыс атқарылып, жаңа спорт нысандары мен темір жол салынған еді. 2020 жылы әлемге жаңа теxнологиялар Олимпиадасын көрсетеміз», – деді ол. 

ҰОКҚ Бас Ассамблеясында сөз алған Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті доктор Томас Баx 206 елдің олимпиадалық комиттеріне жиынға қатысып жатқандары үшін және олимпиадалық қозғалысқа қосып жатқан үлестері үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар Баx мырза алдағы Токио-2020 Олимпиада ойындарының тыңғылықты дайындығын да атап өтті. 

Бас Ассамблеяның алғашқы күніндегі жоспарға сәйкес ҰОКҚ және құрлықтық қауымдастықтар басшылары өз баяндамасын жасады. Бас Ассамблеяның жұмысы екі күнге созылады. Іс-шара барысында ҰОКҚ Жүлдесі бесінші рет өтеді деп жоспарланған. Бұл жүлде Пхенчхан Олимпиадасындағы спортшыларға жетістігі үшін беріледі. 

Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің Қауымдастығы (ҰОКҚ - Association of National Olympic Committees, ANOC) – Халықаралық Олимпиада комитеті мойындаған 206 Ұлттық Олимпиада комитеттерін біріктіретін халықаралық ұйым. Ұйым 5 құрлықтық қауымдастыққа бөлінеді: Африка (ҰОКАҚ), Америка (ПАСО), Азия (ОСА), Еуропа (ЕОК) және Океания (НОКО).

Саян Абаев