Тоқаевтың қолынан ту алған қазақстандық қарулы "коммандос" немен айналысады?

7491

Әскери сарапшы Бақытбек Смағұл Қазақстан ТМД кеңістігінде болып жатқан соғыстардан сабақ алып жатқанын айтып отыр. 

Тоқаевтың қолынан ту алған қазақстандық қарулы "коммандос" немен айналысады? Фото: Қорғаныс министрлігінің телеграм каналынан

Осы аптада тарихи оқиға болды. 5 қыркүйекте ел Президенті–Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығына Жауынгерлік туды салтанатты түрде табыс етті.

Жауынгерлік ту – әрбір әскери қызметшінің Отанға қалтқысыз қызмет етуінің, ел қорғау жөніндегі қасиетті борышын адал атқаруының, жауынгерлік абырой-беделдің, ерлік пен даңқтың нышаны саналады.

"Жағалау" оқу-жаттығу полигонында "Батыл тойтарыс-2023" стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиыны аясында өткен бұл тарихи рәсімнің қысқаша видеожазбасын Ақорда жариялады. Бірақ оның жай-жапсарын жария етпеді.

Өз кезегінде Қорғаныс министрлігі де Арнаулы операциялар күштеріне қатысты егжей-тегжейлі ақпарат бере алмайтынын ескертті. Себебі, бұл құрылымның қызметі құпия болып табылады.

Сондықтан біз әскери сарапшы, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдан мән-жайды түсіндіруді сұрадық.

Қорғаныс ведомствосынан алған мәліметтерге сүйене отырып, Бақытбек Смағұлдың айтуынша, Қазақстан Қарулы күштерінің Арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығы ел Президентінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №779 жарлығымен құрылды. Демек, бұл бір жағынан қасіретті қаңтар оқиғаларының сабағы болып есептеледі.

Себебі елдің тоз-тозын шығара жаздаған, тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмаған сол тағдыршешті кезеңде республика басшылығы ҰҚШҰ ұйымының арнаулы операциялар күштерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болғаны жасырын емес.

Құрылуы былтыр басталғанымен, қазақстандық бұл арнайы құрылымның қалыптасу кезеңі әлі аяқталмапты.

"Қазіргі уақытта оларды дамыту шаралары, соның ішінде арнайы операциялар жүргізу үшін қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жарақтандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Арнаулы операциялар күштері немен айналысады деген сұрағыңызға келсем, бұл күштер – елдің қорғаныс қабілеті мен әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында әрекет етеді, бірақ тек сонымен шектелмейді. Терроризмге қарсы операцияларға және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимылдарға да қатысады. Түйіп айтсам, ол арнайы міндеттерді шешуге арналған, сол үшін арнаулы түрде машықтанған, маманданған, тиісті жарақтандырылған Қазақстан Қарулы күштерінің арнаулы құрылымы, бөлімшелері болады", – деді Бақытбек Смағұл.

Мысалы, кейбір сарапшылар "қанды қаңтар кезінде бүлікті басуға қауқарсыз болды" деп ұлттық армияны айыптауға асықты. Шынында, Қарулы күштер сырттан төнген, шекараны таптап, территориямызға басып кірген жауды тойтаруға қызмет етеді.

Тиісінше, төңкеріс ұйымдастыруға ниеттенген, ел ішінде бүлік салған қастық пейілдегі ішкі зәлім күштерге қарсы тұратын мықты қарулы күштер қажеттігі мәлім болды.

"Арнаулы операциялар күштеріне (АОК) жүктелген міндеттер шынында сан-салалы, көп бағдарлы. Оның шет-жағасын Президентіміз-Жоғарғы бас қолбасшымыздың басшылығымен өткен "Батыл тойтарыс-2023" стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынында куә болдық. Мысалы, авиацияның қолдауымен АОК бөлімшелері, десанттық-шабуылдау әскерлерінің бригадалық-тактикалық топтары, құрлық әскерлері Іле өзенін жедел кешіп өтіп, қарсы жағалауда бекінген "жау" шебін басып алудың тактикалық операциясын өткізді. Бұдан бөлек Арнаулы операциялар күштері Ұлттық ұлан бөлімшелерімен тізе қоса отырып, "шартты дұшпан" өз қолына көшірген Қапшағай ГЭС-ін азат етті", – деді Б.Смағұл.

Қарулы күштердің Бас штабы әзірлеген бірыңғай жоспарға сәйкес, мемлекет "жау шапқыншылық жасаған аумақтарға" ұлттық әскерлерді стратегиялық тұрғыдан әрі шұғыл қайта топтастырып, жұмылдыру тәсілдерін, тактикаларын пысықтап жатқан көрінеді.

Мәселен, аталған күштер Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы полигондарда да осындай оқу-жауынгерлік міндеттерді жүзеге асырған. Бұдан Ресеймен шектесетін өңірлерге басымдық беріліп отырғанын байқауға болады.

Әскери-теңіз күштері Арнаулы операциялар күштерінің және авиацияның қолдауымен Каспий теңізі акваториясындағы экономикалық қызмет нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

"Қазақстан бүгінде ТМД кеңістігінде болып жатқан соғыстардың барысын зерделеп, сабақ алуда. Арнаулы операциялар жүргізетін күштер Таулы Қарабах үшін Әзербайжан–Армения арасындағы соғыста өзін жақсы қырынан көрсетті, әзербайжан бауырлардың жеңісіне үлес қосты. Бүгінде Украина да 4 маусымда басталған кең ауқымды шабуылында Арнаулы операциялар күштеріне иек артуда. "Нөл" немесе екі жақ та бақыламайтын сұр аумақтарды дұшпаннан тазартып, негізгі әскердің алға жылжуын қамтамасыз етіп отырғандар да – осы АОК жауынгерлері. Мен Ауған соғысында осындай арнаулы операцияларға қатысқанмын, бізді "жанкештілер", "смертники" деп атайтын. Себебі, жау тылына дейін кіріп, басын бәйгеге тігеді, аман қалуы қиын аса ауыр, өте қауіпті жауынгерлік тапсырмаларды орындайды. Сондықтан Қазақстанның Арнаулы операциялар күштерінің сардарлары мен сарбаздарына мемлекеттік маңызды, аса күрделі, жауапкершілігі орасан зор міндет жүктеліп отырғанын жақсы түсінемін", – деді әскери сарапшы Бақытбек Смағұл.

Қорыта айтқанда, оның байламынша, Қазақстанның Арнаулы операциялар күштерінің қолбасшылығы Мемлекет басшысының армияның жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыру және ұлттық армияның жұмысын қайта құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін құрылды. Оның ісінің, қауқарының қаншалықты тиімді болмағы соған жауапты тұлғалардың, қолбасшылардың біліміне, біліктілігіне, адамгершілік қасиеттеріне, Отанға адалдығына байланысты болады.

Ашық дереккөздерге жүгінсек, тіпті Ресейдің Арнаулы операциялар күштері (ССО) тек 2009 жылы, РФ армиясындағы кең ауқымды реформа барысында құрылыпты. Ол қазіргі кезде Украинадағы соғысқа жұмылдырылған. The Washington Post хабарлауынша, орыс коммандосы бұл шапқыншылық барысында алапат шығынға ұшырады: мәселен, атақты 346-ші бөлімшесі бүкіл дерлік бригадасынан айрылған. Ондағы 900 жауынгерден 2023 жылдың басында 125-і ғана сапта қалыпты. АҚШ дерегінше, бұл бөлімшені толығымен қайта қалпына келтіру үшін он жылға дейін уақыт талап етілуі мүмкін. Себебі, бұл құрылымның жауынгерлерін даярлау көп уақытты алады.

Уикипедия ресейлік АОК солдаттарының Сомалиде дүркін-дүркін РФ кемелерін басып алып тұрған теңіз қарақшыларымен күреске, Ресейдің Солтүстік Кавказындағы Мәскеуге қарсы шыққан күштермен соғысқа қатысқанын жазады. РФ АОК-і 2014 жылы Украинадан Қырымды тартып алуға жұмылдырылды.

Содан соң олар 2015 жылдан бастап, Сириядағы Башар Асадқа қарсы бас көтерген оппозицияны және ИГИЛ лаңкестерін басып-жаншуға тартылды. Онда да біраз шығын шекті, тіпті жоғары шенді, қолбасшы офицерлерінен айрылды. Мәселен, 2017 жылдың көктемінде Алеппо провинциясында 16 адамнан тұратын ресейлік коммандос қарсыластың бекіністерін, бронды техникасы сақталатын орындарды, қару қоймаларын анықтау барысында жау қоршауына түсіп қалды. Күш тең емес еді: оларды қаумалаған 300 дұшпан бірін қалдырмай, қырып салған. Топ басшысына Путиннің құпия жарлығымен Ресей Қаһарманы атағы берілді, тағы үш марқұм офицер түрлі ордендермен марапатталды.

2022 жылғы қаңтарда РФ Арнаулы операциялар күштері ҰҚШҰ күштері құрамында Қазақстанда, атап айтқанда Алматыда бітімгершілік операцияны жүзеге асырды. 

Ал Украинаның Арнаулы операциялар күштері тек 2016 жылы, яғни Ресей оған қарсы гибридті соғыс бастаған соң құрылған. Оны жабдықтауға НАТО елдері көмектесті. Содан бері елді жаудан азат етуге сүбелі үлес қосуда. Мысалы, 2023 жылғы 24 тамызда олардың диверсиялық-барлау тобының РФ қолындағы Қырымға кіруі әлемдегі әскери сарапшыларды дүрліктірді. Бұл арнайы операцияға Уикипедия энциклопедиясы жеке бетін арнады. Халықаралық ақпарат құралдарының хабалауынша, бұл олардың Қырымда жүргізген арнаулы операцияларының басы да, соңы да емес көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу