Тоқсан толғап, қырық қырпып, "Қайрат" құрамын екшеп жатыр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3017

Футболдан ХХVІ Қазақстан чемпионаты аяқталысымен, еліміздің күміс жүлдегері ең үздік сұрмергенімен қоштасты.  

Тоқсан толғап, қырық қырпып, "Қайрат" құрамын екшеп жатыр

Қазақстан премьер-лигасында доп додасы көмбесіне жеткен бойда, "Қайрат" футбол клубы сапында көпшілікті елеңдеткен өзгерістер көбейіп кетті. Соның бірі "құралайды көзге атқан", яғни қақпа торында доп тулатқан сұрмергені Жерар Гоудың Алматы клубы сапынан кетуі болып отыр.

Бір жарым айдан кейін 29-ға толатын Кот-д'Ивуар шабуылшысы "Қайрат" футбол клубымен арадағы еңбек келісімінің мерзімі аяқталған соң, оны ұзартпаған. Менеджерінің айтуынша, келісімшартын ұзартпау жөнінде шешімге жаз кезінде-ақ тоқталған көрінеді. Енді басқа елдің чемпионатыда бақ сынап көргенді жөн санапты.

Жалпы, Гоу "Қайратқа" 2014 жылдың аптап ыстығында келген. Содан бері, яғни үш жарым жылдың ішінде өзін гол соғуға бейім шабуылшы ретінде көрсете білді. Нақтырақ айтқанда, 3,5 жылда 99 гол соқты (80 – чемпионатта, 8 – ел кубогында, 11 – Еурокубоктарда). Өте жоғары көрсеткіш.

Жерар Гоудың енді қайда барып, қай клубтың жейдесін киетіні әлі белгісіз. Бірақ оған бірнеше клубтан ұсыныстар түсіп те жатқан секілді. Келіссөздердің қалай аяқталатындығын алдағы уақыта білетін болармыз. Әзірше бір анығы, соңғы жылдары "Қайраттың" барлық голдарының үштен бірін соғып жүрген шабуылшы енді қазақ додасында доп теппейді.

"Қайрат" клубымен және жанкүйерлерімен қоштасып отырған тағы бір ойыншы – серб қорғаушысы Жарко Маркович. Бойы сырықтай (204 см), 30-дан асқан орталық қорғаушы Алматы клубында 2014 жылдың басынан бері ойнады. Алайда, биыл сәуір айында ауыр жарақат алып, қатарданы шығып қалған. Италияда ота жасатқан болатын. Енді ол да Алматы клубының сапында өнер көрсетпейді.

"Қайрат" өзара келісім бойынша тағы да бірнеше легионерімен қоштасатын секілді. Мәселен, отандық баспасөз беттерінде Испания қорғаушысы Сесар Арсо мен Хорватияның жартылай қорғаушысы Иво Иличевич те "кететін болыпты" деген ақпараттар тарады. Бірақ Алматы клубы әзірше ресми түрде ешқандай мәлімдеме жариялаған жоқ.

Есесіне, жасы 36-дан асып кеткен Андрей Аршавинмен арадағы еңбек келісімі тағы бір жылға ұзартылды. "Қайрат" сапында екі жыл доп тепкен Ресей футболшысы келесі маусымда да жасыл алаңға шығып, Алматы клубына маркетингтік тұрғыда пайда келтіруін жалғастыра береді екен.

Сонымен қатар, биыл жазда келіп, "Қайраттың" бірінші лигада ойнайтын жастары арасында ("Қайрат А" командасында) қазақ додасын бейімделген Седрик Гогуа негізгі құрамына ауыстырылыпты. Кот-д'Ивуар қорғаушысымен "2+1" жүйесінде келісімшартқа қол қойылған көрінеді.

Сонымен, "Қайраттағы" өзгерістер – әзірше осындай. Көктемге дейін әлі талай трансферлер жүзеге асырылып, біршама өзгерістер болар. Бір қызығы, бас бапкері ауыса ма, жоқ па? Ол әлі белгісіз. Негізі, шілде айының аяғында команда тізгінін қолына алған Испания маманы Карлос Алос Феррер нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп, Еуропа лигасындағы сәтсіздіктен кейін Алматы клубы сапындағы футболшыларды жігерлендіре білген. Енді басшылар шешімін күтеді...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу