Толық қуатқа көшу қажет

4321

Шығыс Қазақстандағы 43 индустриялық жобаның 8-і толық жобалық қуаттылыққа шыққан жоқ. 

Толық қуатқа көшу қажет

Бұл туралы жергілікті кәсіпкерлер мәлімдеді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жарқын Мұсағалиевтың айтуынша, индустрияландыру картасына жалпы құны 976 млрд теңге болатын 79 жоба енгізілген. Жоба толық  іске қосылса, 18 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны  ашылуы тиіс. 79 жобаның екеуі республикалық картаға енген. Ал қалған 77- сі – өңірлік картада.

"2010-2016 жылдар аралығында және 2017 жылдың соңғы 8 айында жалпы сомасы 210,6 млрд теңгені құрайтын 43 жоба іске қосылды", – деді Жарқын Мұсағалиев.

Алайда осы жылдың 1 тамызындағы дерекке сүйенсек, жүзеге асырылған жобалардың 35-і жоспарлы толық қуаттылыққа шыққан. Яғни олар 100%-дық жүктемемен жұмыс істеуде. Ал 6 жоба жоспарлы қуаттылықтың тек 50-80%-ын ғана еңсеріп отыр. Жарқын Мұсағалиевтің сөзінше, екі жоба бойынша орын алған жағдай реттеліп, кәсіпорын толық қуаттылыққа шыққан. Олар - "СМУ-Шығыс" ЖШС ұсынған жобалар (Темірбетон бұйымдарын шығаратын зауытты кеңейтіп, жаңғыртудың бірінші және екінші кезеңі).

79 жобаның үшеуі белгілі бір себептерге байланысты 2017 жылдың шілде айында индустрияландыру картасынан сызылып қалды. Мәселен Тасқара алтын айыру фабрикасының құрылысымен айналысқан "Тасқара" ЖШС-нің жер қойнауын пайдалану келісімшартының мерзімі аяқталған. Серіктестіктің келісімшарт мерзімін ұзарту туралы өтінішінің ҚР инвестициялар және даму министрлігінде жатқанына бір жылдан асты. "Семей азық-түлік өнімдері комбинаты" ЖШС жұмыс бағытын өзгертті. Әуелде макарон өнімдерін шығарумен айналысқан серіктестік енді нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығармақ. Сол секілді кесек әк өндірумен айналысуды көздеген "Теньши" ЖШС да бағытын асфальт-бетон өндірісіне қажетті минеральды ұнтақ шығаруға өзгертті. "Қазақцемент" ЖШС ұсынған құрғақ әдіспен цемент өндіретін зауыт жобасы нарықта сұраныстың жоқтығынан тек 60%-дық жүктемемен ғана жұмыс істеп тұр.

Жарқын Мұсағалиевтің деректеріне сүйенсек, аталған алты жоба бойынша арнайы жол картасы әзірленген. Басқарма оларды толық қуаттылыққа шығару бойынша үнемі мониторинг жүргізіп тұрады. 2017-2020 жылдар аралығында кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша 757 млрд теңгеге тағы 36 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 12,8 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

"Үлбі металлургия зауыты" АҚ-ның тантал өндірісі бойынша директоры Алексей Цораевтың айтуынша, жобалық қуаттылыққа шыға алмайтын жобаларды мемлекеттік тұрғыдан қолдаудың қажеті жоқ. 

"Бұл мәселе жобаны әзірлеу барысында шешілуі керек қой, – деді ол. – Кәсіпкерлер "Даму" қорымен бірлесіп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуі тиіс. Ал сарапшылар бизнестің бұл түрінің біздің өңірге, жалпы елге қандай қажеттілігі барын сараптауы керек. Себебі бизнес мейлі ол мемлекеттік болсын, мейлі ол жекелей болсын, әлеуметтік жүктеме ие екенін ұмытпауы керек. Егер кәсіпорын толық қуаттылыққа шықпаса, демек жұмыс орындары жеткілікті түрде ашылмайды, салық төленбейді деген сөз. Ал түптеп келгенде зардап шегетін – тұтас экономика. Сондықтан бизнес үшін маркетингтік зерттеу жүргізетін, қаржыландыру мәселелерін қарастыратын эксперттік комиссия құруды ұсынамын".

Инновацияны ұмытпайық
Сондай-ақ Алексей Цораев Шығыс Қазақстан облысына инновация керек екенін мәлімдеді.

"Біз индустриялық дамуға көп көңіл бөлеміз де, инновацияны ұмыт қалдырамыз", – деді ол.

Жарқын Мұсағалиевтің айтуынша, "Қазцинк" ЖШС, "Үлбі металлургия зауыты" АҚ, "Востокцветмет" ЖШС және "Өскемен титан-магний комбинаты" АҚ Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетімен бірлесіп, 7 млрд теңгеден астам қаржыға 10 ғылыми-зерттеу жобасын енгізуді қолға алуды бастаған. Жобалар ғылыми (2,7 млрд) және инвестициялық (5,2 млрд) болып екіге бөлінген.

Жобалар титан, тантал бұйымдарын шығару бойынша жаңа жоғары технологиялық өндіріс құруға, медицина мен мұнай-газ өнеркәсібіне заманауи материалдар шығаруға бағытталған. ҚР үкіметі жаңындағы жоғары ғылыми-техникалық комиссия жеті жобаны қаржыландыру бойынша оң шешім шығарды. Жобалардың жалпы құны – 2,7 млрд теңге. Оларды тосы жылды қоса есептегенде үш жыл ішінде жүзеге асыру қажет.

Алайда, Цораев мырза былай деді: "Бұл жобалар туралы айтылып келе жатқанына екі жыл болды. Ал университетке бір тиын да бөлінген жоқ".

"Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен жоғары оқу орны және кәсіпорын айналысып жатқан жобалар шын мәнінде инновациялық жобалар. Ал инновацияға мемлекеттік қолдау міндетті түрде керек. Себебі кез келген инновацияға алғашқы кезеңде көп ақша керек. Қымбат тұрады. Бәлкім шығынды болуы да мүмкін. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы облыстағы жағдайды жақсы біледі, әрине. Бірақ, бізге инновация көбірек керек", – деді Алексей Цораев.

Жарқын Мұсағалиев айтуынша, ШҚО кәсіпорындарының инновациялық белсенділігі республика бойынша бірінші орынға ие. 2015 жылы 240 кәсіпорын инновацияны қолданса, қазір олрдың саны - 296. Инновациялық өнімнің жалпы көлемі 2015 жылмен салыстырғанда төрт есеге ұлғайып, 52,3 млрд теңгені құраған. Ал экспортталатын өнім көлемі жеті есеге артқан.

Кәсіпорындардың инновацияға жұмсаған шығыны 156,1 млрд теңгені құрады.

"Шикі" жобалар
ШҚО кәсіпкерлер палатасы жаңындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Әбілова биылдан бастап "Даму" қоры арқылы "Бизнестік жол картасы – 2020" бағдарламасына грант бөлетін комиссияның жетекшісі болып тағайындалғанын жақсы білеміз. Ол жиында алғашқы тәжірибелерімен бөлісті.

Биыл грант үлестірілетін конкурсқа 71 жоба қатысқан. Жуырда комиссия екінші турдан кейін конкурстың қорытындысын шығарады. Алайда Березинская-Әбілованың айтуынша, кәсіпкерлер бизнес-жобаларын құрғанда һәм қорғағанда қаржылық тұрғыдан сауатсыз екендіктерін көрсеткен. Жобалардың көбі өңірдің қажеттілігіне сай емес.  

"Бизнес-жоспарда міндетті түрде қаржылық есептеулер ұсынылуы керек. Ал келіп түскен 71 жобаның тек екеуі бойынша ғана кәсіпкерлер қажетті сандарды білетін болып шықты. Грант алуды көздеген кейбір жандар бизнес-жоспарларына "отбасылық шығындарды" да қосып қояды. Олар мұны түсіндіріп бере алмайды. Бизнес-жоспарларды гранттық қаржыландыруда мұндай шығындар мүлдем болмауы тиіс деп есептеймін. Бұл бір. Екіншіден, грант берілетін жобалардың іске асырылу мерзімі үш болуы керек. Ал кәсіпкерлердің жобалары жеті-сегіз айға ғана шақталған", – деді Елена Березинская-Әбілова.

Жарқын Мұсағалиевтің айтуынша, жобаларды қарауда олардың инноциялық құрылымына назар аударылуы керек. Яғни жобалар аталған салада алғаш рет қолданылуы тиіс.

"Бизнестің жол картасы" шеберінде қаржылық емес қолдау бағыты бар. Мұнда кәсіпкерлік негіздеріне, бизнес-жоспарларды құруға, бухгалтерлік есеп жүргізуге үйретеді. 2014 жылға дейін бұл қызмет түрі біздің басқармаға қарады. Яғни бұл бағдарламаның әкімшісі біз болдық. Алайда кейін бизнес-жоспар құру бағыты облыстық кәсіпкерлер палатасының құзырына берілді. Десе де, бизнес-жоспар үшін алдымен кәсіпкер өзі жауапты болуы қажет", – деді Жарқын Мұсағалиев.

Басқарма басшысының сөзінше, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті қаржылау қолдау бағытында 2010 жылдан бері құны 22,9 млн теңгені құрайтын 79 жобаға грант берілді. Сондай-ақ аталған бағдарлама бойынша 819 жобаға 117 млрд теңге субсидия бөлінді. Шағын қалаларда 892,9 млн теңгеге 256 шағыннесие берілді.

Биыл бағдарламаның қаржылай емес қолдау бағыты шеңберінде 582 адам білім алған. Оларға шағын және орта бизнес саласының топ-менеджерлері мен облыстағы ірі кәсіпорындардың басшылары дәріс берген.

Еркебұлан Қыздарбек, Ольга Ушакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу