Трамп ғарышта, Күнде, Марста да үстемдік еткісі келеді

АҚШ президенті орбиталық станцияны жекешелендіру мәселесін көтеріп, Пентагонды ғарыш әскерін құруға шақырды

20 Маусым 2018 10:04 Автор: Арыстан Рысбек
Трамп ғарышта, Күнде, Марста да үстемдік еткісі келеді, Дональд Трамп, НАСА, ғарыш, космос өнеркәсібі, Ұлттық ғарыш агенттігі

Қытай емес, Ресей емес, Америка!
Президент Дональд Трамп дүйсенбі күні АҚШ-тың коммерциялық космос өнеркәсібін қалың қалтасы мен кәсіпкерлік рухы үшін мақтап, Ай мен Марсты барлауда және кез келген ғарыштық бәсекеде Американы үстем етуге сөз берді.

«Құрама Штаттар ғарышта әрдайым бірінші орында тұрады. Қытай мен Ресейдің бізден озғанын қаламаймын. Біз үнемі көш басында тұруымыз керек. Менің әкімшілігім Американың ірі космостық держава ретіндегі мұраларын қалпына келтіреді», – дейді Ақ үйдің қожайыны.

Тағы бір сөзінде 45-ші президент Пентагонды жаңа «Ғарыш күштерін» құруға шақырып, оны әскердің алтыншы саласы етуге үндеді. Алайда, осынау идеяны жүзеге асыру үшін Конгресстің қолдауы қажет. Айта кетсек, Трамп бұрын да бұл бастаманы көтеріп, халық қалаулылары мен Пентагонда үлкен дауға сеп болды.

«Бізде әуе күштері де, ғарыш күштері де болады. Екеуі бөлек, бірақ тең», – дейді Трамп.

Пентагонның баспасөз хатшысы Дана Уайттың мәлімдеуінше, Вашингтон бұл мәселе бойынша жұмысқа кіріседі және сол істер әуе күштеріне, теңіз жаяу әскеріне, армия мен флотқа қатысты барлау операцияларына әсер етпей қоймайды. Осы бағытта Конгресспен де байланыс орнатылып, мүдделі тараптардан мол қаражат тарту жолдары қарастырылады.

Уайттың ойынша, әскердің жаңа саласын құру бір күннің жұмысы емес. Өйткені, оны жүзеге асыру үшін ең алдымен арнайы заң қабылдануы керек.

«Егер президент Трамп әскери қызметте өзгеріс жасағысы келсе, өз ұсынысын бізбен бірге талқылауы керек», – дейді Конгресстің өкілдер палатасының демократ мүшесі Адам Смит «Франсс пресс» агенттігіне берген сұқбатында.

«Союзға» тәуелділік
Трамп билікке келгелі, 1972 жылдан бері Айға алғаш рет адам қондыратынын талай рет қайталады. Және де, оның айтуынша, Америка Марсқа да миссия жіберуге әзірленуі керек.

«Американы қорғауға келгенде, біз ғарышқа жетумен шектеліп қалмай, онда еліміздің үстемдігін орнатуымыз керек», – дейді Құрама Штаттар лидері.

Сонымен қатар, Трамп жекеменшік компанияларға зымыран немесе жерсерік ұшыруға рұқсат беретін заңдарды жеңілдетуге де уәде берді.

Қазіргі таңда АҚШ-тың ғарыш секторы қарыштап даму үстінде. Айта кету керек, бұл мемлекет 1961-1972 жылдары пайдаланылған Аполло ракеталарын ұшыру рөлінен бас тартты. Сонымен қатар, Америка 1981-2011 жылдары ұшырылған шаттлдары осыдан жеті жыл бұрын космосқа аттандыруды доғарды. Ал, 2012 жылы НАСА Халықаралық ғарыш станциясына жүк жеткізу үшін SpaceX және Orbital ATK компанияларымен келісім шарт жасасты. Сонымен қатар, Америка Ұлттық ғарыш агенттігі алты жылдан бері орбиталық бекетке астронавт жіберерде, Ресейдің «Союз» кемесін пайдаланып келеді.

Трамп Халықаралық ғарыш станциясын жылжымайтын мүлікке айналдырғысы келеді
Трамп әкімшілігінің Халықаралық ғарыш станциясын 2025 жылдан кейін жекешелендіргісі келетінін биыл ақпанда «Вашингтон пост» газеті хабарлады. Осы басылымның қолына түскен құжатқа жүгінсек, Америка орбиталық бекетті үкімет қана емес, жеке компаниялар да басқара алатын жылжымайтын мүлікке айналдырғысы келеді. Сондықтан, Құрама Штаттардың федералдық үкіметі бұл станцияны тікелей қаржыландыруды 2024 жылдан кейін қаржыландыруды тоқтататынын жариялап отыр.

АҚШ Халықаралық ғарыш станциясын салуға және оның қызметіне 100 миллиардтай доллар жұмсады. Енді Трамп сол ақшаны үнемдеп, НАСА-ны дамытуға және адамды Айға қайтаруға көбірек қаржы бөлуден үмітті.

НАСА болса, Space Launch System деп аталатын өте қуатты ракета жасау үстінде. Ол зымыранның мақсаты – астронавттар мен олардың құрал-жабдықтарын Айға, содан кейін Марсқа жіберу. Сонымен қатар, НАСА Ай бекетін салуды жоспарлап, оған материал жеткізудің концепциясын да әзірлеп қойған.

«Вашингтон посттың» өзге бір мәліметіне қарағанда, НАСА бүгінде Халықаралық ғарыш станциясын қаржыландыруға және басқаруға қызығушылық танытқан компаниялармен келіссөз жүргізіп жатыр. Алайда, ол кәсіпорындардың аты әзірге белгісіз.

«Халықаралық ғарыш станциясын коммерциялық басқаруға мүдделі тұлғалар бар. Мен көптеген ірі коропорациялардың өкілдерімен сөйлестім. Олар бұл іске консорциум арқылы қатысуға қызығушылық танытып отыр», – дейді Америка Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Джим Бриденстайн.

Халықаралық ғарыш станциясы 1998 жылы іске қосылды. Жерден 408 шақырым биіктікте орналасқан бұл бекет орбитада секундына 7,66 шақырым жылдамдықпен қозғала алады.

Арыстан Рысбек