Трансатлантикалық араздық

3380

Еуропа одағы мен Иран ядролық келісімді қайтсе де құтқаруға уағдаласты.

Трансатлантикалық араздық

Брюссель Вашингтонмен емес, Теһранмен бірге
Еуропа одағы Иранмен арадағы ядролық келісімді құтқаруға бекініп отыр. Айта кету керек, АҚШ президенті Дональд Трамп бұл тарихи пәтуадан шығып, Теһранға қарсы санкцияларды қайта жандандыру туралы шешімді мамырдың 8-де қабылдады. Сенбі күні ЕО-ның энергетика және климат жөніндегі комиссары Мигель Ариас Каньете Теһранға сапарында мәлімдеме жасап, бұл келісімді сақтап қана қоймай, тіпті Иранмен арада сауда-саттықты өркендете түсуге үміт білдірді.

"Ирандық достарымыз ядролық келісімге берік болып тұрғанда, еуропалықтар бұл құжатқа қатысты міндеттемелерін толық орындайтынын хабарлаймыз", – деді Каньете мырза Иранның ядролық мәселелер жөніндегі өкілі Әли Әкбар Салехимен өткен келіссөздер барысында. Ал, Салехидің ойынша, егер Еуропа одағы Иранның ядролық әрекеттеріне тосқауыл қоя отырып, оны Батыстың санкцияларының көпшілігінен босатқан келісімді сақтауға дәрменсіз болып шықса, бұл "апатты" жағдай болар еді.

ЕО – Иран мұнайын импорттайтын негізгі аймақтардың бірі. Дегенмен, одақ лидерлері Ислам Республикасымен арадағы энергетикалық шикізат саудасы мен инвестициялық жобаларды тоқтатпауға уәде беріп отырғанымен, бұның оңай шаруа еместігін мойындайды.

2015 жылы қабылданған ядролық келісімді Еуропаның алыптары – Ұлыбритания, Франция, Германия қолдап отыр. Сөйте тұра, бұл "үштіктің" Теһранға қояр өз талаптары бар. Ол – Таяу Шығысқа ықпал етуді шектеу және зымырандық бағдарламаны тоқтату.

Бәрі мүмкін
Салехидің сөзінше, Иранда бірнеше таңдау бар. Соның бірі – уранды 20 пайызға қайта байытуға кірісу. Теһран мұндай қадамға Еуропа елдері ядролық келісімді құтқара алмаған жағдайда баруы мүмкін. Сонымен қатар, Салехи айтқандай, одақта өзі берген уәделерін орындау үшін небары бірнеше апта уақыт қалды.

"Егер өзге жақ өз міндеттемелерін орындайтын болса, біз де дайынбыз. Іс насырға шауып, ең жаман жағдайға оралмаймыз деп үміттенеміз. Бәрі мүмкін, біз тіпті уранды 20 пайызға дейін байытуға кірісуіміз ықтимал", – деді Салехи журналистерге ағылшын тілінде берген түсініктемесінде.

2015 жылғы келісімге сәйкес, Иран уран байытуды 20 пайыздан 3,6 пайызға дейін қысқартып, осы материалдың басым бөлігінен бас тартты.

Ядролық келісімнен экономикалық пайда шамалы еді
Ал, кейбір еуропалық дипломаттардың сөзінше, Иран үкіметі атом бағдарламасынан бас тарта отырып, елге айтарлықтай экономикалық пайда әкелмегені үшін саяси қарсыластарынан қысым көріп отыр.

Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, Тегеран шындығында да бұл келісімнің жемісін толық көре алмай келеді. Өйткені, санкциялардың басым бөлігі жойылғанымен, АҚШ жариялаған біржақты санкциялар әлі күнге дейін сақталып отыр. Сондықтан, Батыстың басты инвесторлары Иранмен бизнес жасай алар емес. Президент Хасан Роухани болса, жұмыссыздық пен тоқырауға әбден өкпелі ирандықтарды Трамптың шешімі экономикаға кері әсер ете алмайды деп жұбатумен әлек.

"Өкініштісі сол, Құрама Штаттардың араласуы кесірінен біз ядролық келісімнің жемісін көруге дәрменсіз болып отырмыз. Қоғамдық пікір бұл пәтуаны бұрынғыдай қолдамайтын болды. Сол қолдаудан мүлде айрылып қалуымыз мүмкін", – дейді Салехи.

Биыл қаңтар айында экономикалық қиындықтарға ашынған ирандықтар үкіметке қарсылық білдіріп, жаппай көшеге шыққаны белгілі. Қазір Иранның діни басшылығы сол ереуілдер қайта бастала ма деп қауіптеніп отыр.

Иран мұнай экспортын қысқартпақ емес, егер...
Иранның мұнай министрі Биджан Занганех мәлімдегендей, егер Еуропа одағы ядролық келісімді құтқарып қалатын болса, Теһранның мұнай экспортына Трамптың шешімі еш әсер ете алмайды. Оның сөзінше, одақ көмектессе, Иран көмірсутегін сыртқа бұрынғы деңгейде шығара бермек.

Ядролық келісімге дейін санкциялар салдарынан Ислам Республикасының мұнай экспорты тәулігіне миллион баррельге дейін төмендеді. Ал, 2016 жылы халықаралық экономикалық шектеулерден құтылғаннан кейін, Иран қайтадан негізгі экспорттаушы мемлекеттердің біріне айналды. Бірақ, сол мұнай өндірісін арттыру үшін бұл елге кемінде 100 миллиард доллар инвестиция қажет. Вашингтонның бұрынғы санкциялары сақталып тұрғанда, шетелдік компаниялар Тегеранға мұндай қаражатты бере алмай отыр.

Еуропа кетсе, Ресей мен Қытай келеді
Теһран Батыстың санкцияларының едәуір бөлігінен арылғаннан кейін, яғни, 2016 жылдан бері Германияның, Францияның, Италияның және Еуропаның тағы басқа елдерінің компаниялары Иран экономикасына құйған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Ол қаражат аэроғарыштан бастап, энергия саласына дейін жұмсалды. Бірақ, қазір кейбір шетелдік фирмалар Ираннан кетуге ыңғай танытып отыр. Мәселен, сәрсенбіде француздың Total компаниясы америкалық санкциялардан қауіптенгендіктен, Ираннан миллиардтаған долларлық газ жобасын әкететінін ескертті. Ал, жұма күні Францияның Engie газ және электр қуатын өндіретін кәсіпорны, поляктың көгілдір отын шығаратын PGNiG фирмасы, немістің DZ Bank деген қаржы ұйымы АҚШ-тың жаңа санкцияларының өздеріне кері әсер ететінін мәлімдеді. Занганехтың сөзінше, олардың орнын Ресей мен Қытай компаниялары басуға әзір.

"Әсіресе, Қытай құлшынып отыр. Оның SINOPEC және CNPC кәсіпорындары – Иранның тарихи серіктестері. Бұл компаниялар еліміздің ең ірі кеніштерінде жұмыс істеуге дайын", – дейді Ислам Республикасының мұнай министрі.

Жалпы алғанда, былтыр Францияның Иранға экспорты екі есеге артып, 1, 5 млрд еуроға жеткен. Ал, Германияның 120 компаниясы Ислам Республикасында штат ашып жұмыс істеп жатса, 10 мыңдай фирмасы Иранмен сауда байланысын орнатқан.

Еуропа Иран мұнайының ақысын Америкасыз төлегісі келеді
Еуропа комиссиясы одақ елдерінің үкіметтеріне АҚШ-тың жазасына ілікпес үшін, Иранның орталық банкіне ақшаны тікелей аударуды ұсынып отыр. Осылайша, Брюссель Вашингтонның Теһранға қарсы жаңа санкцияларына батыл түрде қарсылық білдірді. Егер ЕО-ның бұл бастамасы жүзеге асатын болса, Еуропа Иран мұнайының ақысын АҚШ-тың қаржы жүйесін айналып өтіп, тікелей төлей алады.

Трампқа оралсақ, оның ойынша, Иран Ислам Республикасы үш жыл бұрынғы ядролық пәтуаның талаптарын орындамай отыр. Алайда, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Теһранның сол келісімді бұзбағанын растады. Еуропа одағы болса, бұл келісімнің күйреуі халықаралық қауіпсіздік жүйесіне қатер төндіреді деп есептейді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу