Транскаспий жоспарды ұлғайтпақ

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2719

Транскаспий бағдарымен жыл соңына дейін 1,2 млн тонна жүк тасымалдайды.

Транскаспий жоспарды ұлғайтпақ

Биыл Транскаспий бағдарымен әу баста жоспарланғандай 700 мың тонна емес, 1,2 млн тонна жүк тасымалданады деп күтілуде. Бұл туралы Астанада өткен Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) халықаралық қауымдастығының жалпы жиналысында айтылды деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз-қызметі.

Жиында ТХКБ бағдарындағы контейнерлік тасымалды дамыту мәселесі, 2018 жылы тұрақты контейнерлік пойыз жасақтау, сондай-ақ келесі жылы бағдардың бәсекелестікке сәйкестігін қамтамасыз ету үшін тарифтік мөлшерлеме бекіту жайы қаралды.

"ТХКБ" ХҚ" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы – "ҚТЖ" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Транскаспий бағдарының қазіргі уақыттағы мән-маңызына тоқталып, биылғы жылдың соңына дейін жоспарланған жүктің көлемі 700 мың тонна емес, 1,2 млн тоннаға жететіндігін хабарлады.

"Бағдардың әрі қарайғы қызметін одан да жақсарта түсу үшін ТХКБ қатысушыларының барлығы ұзақ мерзімді бәсекелестікке сай келетін мөлшерлеме бекітуі керек", – деген ұсыныс жасады Қанат Алпысбаев. –  "Баку-Тбилиси-Карс теміржол бағдарының ашылуы, оған Құрық портындағы автокөлік паром кешенінің іске қосылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты".

"Бұл өз кезегінде азербайжан, грузин, түрік теміржолшыларымен бірлескен түрде жүк ағынын бұрынғыдан да толықтыра түсуге мүмкіндік береді. Қазақстан тарапы жүк ағындарын барынша өсіріп, жүк жеткізу жылдамдығын 14-15 күнге қысқартуға күш салады", – деді Қанат Алпысбаев.

Сондай-ақ ол көршілес елдер арасында жүкті осы бағдармен жеткізудің ең ұзақ мерзімі 15 күн деп белгілеп, жол картасына қол қойылуы қажет екендігін атап өтті.

Қанат Алпысбаевтың айтуынша, ҚХР – Түркия/Грузия бағдарына айына кемі екі рет тұрақты контейнерлік пойыздар ұйымдастыру керек. Бұдан бөлек, 40-50 контейнер тиеуге болатын кемелерді пайдалану қажеттігін жеткізді.

Жалпы жиналыс аясында мультимодальдық оператор "KTZ Express" АҚ мен Түркия темір жолы арасында Түркия аумағымен жүк тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Жалпы жиналыстың шешімі бойынша, жаңадан тағайындалған "Грузия темір жолы" АҚ бірінші басшысы мен "Батуми теңіз порты" ААҚ басшысы қауымдастықтың басқарма құрамына қабылданды.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу