banner

Трансұлттық турдың түйінін тарқату үшін

10363

Жібек жолы бойындағы елдерге ортақ виза енгізіп, рұқсат беру құжатын  электронды рәсімдеуге көшу қажет. 

Трансұлттық турдың түйінін тарқату үшін

Бұл туралы елорда да өткен Қазақ-Өзбек туристік форумында айтылды.

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев келесі жылы Жібек жолы бойындағы елдерге ортақ виза енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.   

"Мақсатымызға жетсек, Қазақстанға келетін туристердің саны таяу болашақта екі есе өседі. Себебі біздің бастамамызға Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан қосылады. Әзербайжан мен Грузия да қалыс қалмайды деп үміттенеміз", – деді Рашид Күзембаев.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия аймағындағы туризм саласының көшін бастап тұр.

"Бізге көштің басында тұрмыз деп тоқмейілсуге болмайды. Ұлы Жібек жолы трансұлттық брендін дамыту арқылы Орталық Азия өңіріндегі туристік бағыттардың танымалдығын арттыру қажет. Бұл үшін екі елдің туризм саласына бизнес-идеяларды енгізу керек", – деді ұлттық компанияның басқарма төрағасы.

Оның пікірінше, Қазақстан арқылы Қытай туристерін Өзбекстанмен таныстыруға болады.

"Қытай туристері Қорғас, Достық арқылы Қазақстанға саяхаттап келіп, ары қарай Өзбекстанға сапар шеге алады. Туристер Қазақстанда көшпелі мәдениетпен танысса, Өзбекстанда шығыс базары мен қолөнершілердің шеберлігіне тәнті болар еді", – деді Рашид Күзембаев.

Ол екі ел эко және этнотуризм арқылы мәдениеттерін біріктіріп, туристерге ортақ тур ұсынуы керек деген ойын ортаға салды.  

"Біз трансұлттық турларды бірлесіп ұйымдастырып, екі ел - бір туристік өнім деген идеяны темірқазық тұтуға тиіспіз. Туристік турдың өзбекстандық бөлігі Самарқанд, Бұқара, Хива, Ташкент шаһарларын, ал қазақстандық бөлігі Түркістан, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларын және Қазақстанның қорықтары мен ұлттық парктерін қамтуы керек. Туристерге киіз үйде қону, Қожа Ахмет Яссауи, Айша-бибі, Қарахан кесенелеріне бару, ұлттық тағамдардан дәм тату сынды  шаралар ұймдастыру қажет", – деді Рашид Күзембаев.

Басқарма төрағасының пікірінше, туризм индустриясында ұлттық тағамға ерекше назар аударылуы заңдылық.

"Біз өзбек әріптестерімізге бір бренд аясында туристерге қазақ етін, өзбек палауын, ұйғыр лағманын және Орталық Азия халықтарының басқа тағамдарын ұсынайық деген ой тастадық", – деді ол.

Рашид Күзембаевтың пікірін қолдаған "Chef Battle BBQ 2018" бас аспаздар арасындағы халықаралық чемпионаттың ұйымдастыру комитетінің мүшесі Мансұр Молдақұлов Қазақстан көпұлтты мемлекет ретінде туристерге бір емес, бірнеше елдің тағамын ұсына алатынын айтты.

"Қазақстанда тағамды ұсыну мәдениеті дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы шетел азаматы келсе, оған қойдың басы беріледі. Олар мұны түсінбейді, тіпті шошиды. Осындай олқылықтың алдын алу үшін туристерге тағам ұсыну мәдениетін меңгеру қажет. Мысалы грузин халқы тағамды тарихи концерттік нөмірлермен, шараппен ұсынады. Өзбекстанда да палауды ұсыну мәдениеті қалыптасқан", – деді Мансұр Молдақұлов.

Өз кезегінде "DPR Studio" компаниясының директоры, қонақжайлылық жүйесінің маркетинг бойынша кеңесшісі Жанна Прашкевич Қазақстанның және Орталық Азия халқының қонақжайлылығы ерекше феномен екеніне назар аударды.

"Біздің қонақжайлығымыз еуропадағыдай ресми емес, әлдеқайда жылы. Біз осыны шетелдік туристерге сезіндіруіміз қажет. Қонақжайлық көрікті орындармен бір деңгейде туристік өнім болуы мүмкін. Мұның сыртында  қызмет көрсету сапасын жақсарту қажет. Әйтпесе құр қонақжайлықпен турист тартамын деу бос әурешілік", – деді Жанна Прашкевич.

Форум барысында abctv.kz тілшісімен тілдескен ұлттық туризм қауымдастығының төрағасы Ая Нұрдәулетқызы Өзбекстан туристер саяхатын жеңілдетудің тың тәсіліне көшкелі жатқанын жеткізді.

"Өзбек елі туристерге электронды виза берейін деп жатыр. Қазақстан әзірше бұл қадамға барған жоқ. Электронды визаны рәсімдеуге 3-ақ күн кетеді.  Визаның дәл осы түрін 2 апта күтпей, елшілікке бармай, әуежайдан-ақ шығарып алуға болады. Туризмнің тыңына түрен салғымыз келсе, бізге де рұқсат беру құжатын электронды рәсімдеуге көшу қажет", – деді  Ая Нұрдәулетқызы.

Айта кетейік, ең алғаш рет электронды виза Австралияда қолданылды. Кейін бұл технология әлем елдеріне тарады. Тәртіп бойынша электронды виза алғысы келген азамат көші-қон қызметіне немесе консулдыққа алдын ала тапсырыс береді. Мұның барлығы шекара қызметінің деректер базасына тіркеледі. Мәселе осылай, оп-оңай шешіледі.

Басқосу барысында abctv.kz тілшісіне берген сұхбатында "Caravanistan" компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі  директоры Сәуле Қалышева бюджеттік туризмге назар аударылуы тиіс екенін мәселе етіп көтерді.

"Туризм туристердің қалтасын қағу үшін емес, олардың демалуы үшін дамуы керек. Бұл үшін 2, 3 жұлдызды қонақүйлердің қатарын көбейткен дұрыс. Бұған қоса туризмнің бағыты мен бағдарының аясын арттыру қажет. Мысалы Қазақстанның туристері Қырғызстан мен Өзбекстанға жиібарады, ал Тәжікстан мен Түркменстанға ат ізін салмайды. Өзбек гидтеріне Қазақстанда, қазақ гидтеріне Өзбекстанда жұмыс істеуге заңмен рұқсат берілмеген. Турпакеттерді сатудағы баға саясатында бірізділік жоқ. Ағылшын тілінде ақпарат аз. Осының барлығы жиналғанда үлкен мәселе туғызады. Бұл ойландырарлық мәселе", – деді  ол.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу