Тұрғын үй құрылысы өңірлерге бет бұра бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
8984

Алматы мен Астана қалаларында жылдың алғашқы бес айында салынған тұрғын үй көлемі өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда тиісінше 18,7 және 17,1 пайызға азайған.

Тұрғын үй құрылысы өңірлерге бет бұра бастады

ҚР ұлтттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, қос қаладағы тұрғын үй құрылысында әсіресе көпқабатты үй салу қарқыны төмендеген. Жылдың алғашқы бес айында Астанада 938,9 мың шаршы метр көпқабатты жаңа үй салынса, Алматыда осы уақыт аралығында 340,5 мың шаршы метр көпқабатты үй салынған. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда тиісінше 24,1 және 28,1 пайызға кем.

Дей тұрғанмен, жалпы республика бойынша тұрғын үй құрылысы 2,7 пайызға артқан. Баспана құрылысының қарқыны елдің 12 өңірінде көбейгені байқалады.

Соның ішінде Алматы облысы үй құрылысы жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Мұндағы құрылыс қарқыны 51 пайызға бір-ақ көтерілген. Одан кейін Шымкент ОҚО-дағы құрылыс көлемі жалпы 43,8 пайызға, артынша Маңғыстау облысында 43 пайызға ұлғайған.

Бұлардан бөлек жаңа үйлер БҚО-да – 39,9%, Атырау облысында – 29,8%, Қостанай облысында – 26,6%, Жамбыл облысында – 20,6%, Ақтөбе облысында – 13,4%, Қарағанды облысында – 7,6%, ШҚО-да – 6,8%, Ақмола облысында – 3,1% және СҚО-да 0,8% көбірек салынған.

Алматы мен Астана қалаларынан бөлек Павлодар (9,9%) мен Қызылорда облыстарында (30,7%) да құрылыс бәсеңдеген.

Ал салынған үйлердің көлемі жағынан қарқыны азайғанына қарамастан республика бойынша Астана – көшбасшы. Елордада алғашқы бес айда 10 675 пәтер салынды. Екінші орында Алматы – 5 544 пәтер. Одан кейін Маңғыстау облысы (4 407 пәтер).

Жаңа үйлер ең аз салынып жатқан өңірлер СҚО (283 пәтер) мен Павлодар облысы (404 пәтер).

Жалпы, тұрғын үй құрылысы секторындағы соңғы ақпараттар бойынша, 2018 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанда 337 көпқабатты үй және 14 394 жер үй салынған.

Абаттандырылған үйлерге келер болсақ, осы уақытта 40 326 пәтер дайын болған. Бұл өткен жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 7,7 пайызға артық.

Орташа есеппен осы уақытта елдегі әр мың адамға 253,2 шаршы метрден үй салынған. Бұл көрсеткіште де Астана көш басында. Елорда тұрғындарының әрбір мың адамына 1035,6 шаршы метр баспана салынған екен. Одан кейін Маңыстау облысы (849 шаршы метр) мен Атырау облысы (448,3 шаршы метр).

Ал Павлодар облысы (59,3 шаршы метр) мен СҚО (59,3 шаршы метр) бұл көрсеткіште де көш соңында.

Айта кетерлігі, республика бойынша салынған жалпы тұрғын үйдің 88 пайызы, яғни 4 млн-нан астам шаршы метрін жеке меншік құрылыс компаниялары салған.

Жыл басынан бері осы салаға салынған инвестиция көлемі былтырғыдан 29,9 пайызға көбейіп, 391 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде 103,4 млрд теңге Астанаға құйылған. Ал Алматыға салынған қаражат көлемі 53,9 млрд теңге болса, Маңғыстау облысына 36,4 млрд теңге жұмсалған.

Статистика комитетінің мәліметінше, республика бойынша 1 шаршы метр үй салуға орташа есеппен 103,8 мың теңге кетеді екен. Көппәтерлі үйлер үшін бұл көрсеткіш 129,1 мың теңге болса, жер үйлерге 78,6 мың теңге жұмсалады.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу